Мәслихатқа – 25 жыл Избранное

Пятница, 13 Декабрь 2019 03:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3589 раз

Қазақстан Республикасы мəслихаттарының құрылғанына 25 жыл толды. Бұл туралы Шымкент қаласы əкімдігінде қала əкімі Ерлан Айтахановтың жəне қалалық мəслихат хатшысы Ғани Ташқараевтың қатысуымен өткен қалалық мәслихаттың кезекті 58-сессиясында айтылды.

 DSC9268

Шымкент қаласы мəслихатының депутаты Бегайдар Төлегеновтың төрағалығымен өткен жиында депутаттар түрлі сала бойынша 20 мəселені дауысқа салды.

Халық қалаулылары қараған мəселелер қатарында Шымкент қаласының 2020-2022 жылдарға арнаған бюджеті бекітілді. Сондай-ақ, қаланың 2050 жылға арналған даму стратегиясын бекіту, əкімшілік-аумақтықтарға атау беру жəне қайта атау ұсыныстары мен қоғамдық көлікке қатысты тақырыптар қамтылды. Басқарма басшылары, Шымкент қаласы әкімінің аппараты және қалалық мәслихат хатшысы тарапынан жасалған ұсыныстың бәрі қолдау тапты.

Сессия отырысында Е.Айтаханов 2020 жылдың бюджеті мен ТМД елдерінің мəдени астанасы – Шымкент қаласында өтетін негізгі мəдени іс-шараларға тоқталды. Қала әкімі 2020 жылы республикалық трансферт көлемі 3 есеге ұлғайғанын айтып, қаржының басым бөлігі шалғайдағы елдімекендердің проблемалық мәселелерін шешуге бағытталатынын баяндады. Сонымен қатар, шаһар басшысы аталған қаржының қай салаға жұмсалатынын түсіндірді.

– Қаладағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында әзірленген үш жылдық жоспар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына таныстырылып, қолдау тапты. Жоспарды жүзеге асыру үшін қаржылық негіздемелер бойынша ҚР Үкіметімен жұмыс жүргізіліп, нәтижесінде республикадан бөлінетін қаржы көлемі 3 есеге артты.

Жалпы бюджет қоры – 342 850 млн теңгеге жетіп отыр. Ағымдағы жылмен салыстырғанда бюджет көлемі 100 млрд теңгеге ұлғайған. Мемлекет қазынасынан бөлінетін қаржы экономикалық дамуға серпін беретін денсаулық сақтау, білім және тұрғын үй, ауыз су, инфрақұрылыммен қамту салаларына бағытталмақ, – деді қала әкімі.

Білім беру саласына 127 222 млн теңге қаралды

Қала әкімі Е.Айтаханов 2020 жылдың бюджеті туралы баяндамасында білім беру саласына бөлінетін қаражаттың ағымдағы жылмен салыстырғанда 48 пайызға артқанын атап өтті. Келер жылы 7 020 орындық 12 мектептің құрылысы жүргізілмек.

– Қазіргі таңда Шымкентте 6 мектеп заңдастырылған ғимараттарда отыр, тағы 15 мектеп үш ауысымдық. Ал мүлде мектебі жоқ 13 елдімекеніміз бар. Одан бөлек, мемлекеттік 25 мектеп пен 8 балабақша ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Ағымдағы жылы 5 700 орынға арналған 9 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 5-і пайдалануға беріліп, нәтижесінде 3 ауысымда оқытатын 4 мектептің мәселесі шешілді, – деді Е.Айтаханов.

Келер жылы 6 мектеп, 5 балабақша ғимараты күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, қалада жаңа Оқушылар сарайы бой көтереді. Білім саласының жаңалықтары мұнымен біткен жоқ, мектептердегі материалдық-техникалық базаны жаңарту мақсатында, 134 мектепке 9 мың дана компьютер, 18 мың дана парта және бейне бақылаумен 100 пайызға жабдықтау жұмыстары атқарылады.

Қала әкімі өзекті деп атаған денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы 2,2 есеге ұлғайып, 11 419,0 млн теңгені құрап отыр. Жыл соңына дейін медицина ұйымдары толығымен компьютермен жабдықталып, келер жылы 32 денсаулық сақтау мекемесі құрал-жабдықтармен қамтылмақ. Қалалық №2 аурухана, №2 перзентхана және «Ана мен бала» орталығының ғимараттары күрделі жөнделеді. Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 100 жедел жәрдем автокөлігі алынып, автоматтандырылған колл-орталық іске қосылады.

Журналистерге – медиа-орталық

Мемлекет басшысынан қолдау білдірілген негізгі мәселенің бірі – баспана. 2020-2022 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, 2 054,8 мың шаршы метрді құрайтын 586 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілмек. Бұл – 32816 пәтер! Негізгі құрылыс аумағы – Тұран шағынауданы.

Қала басшысының сөзіне сүйенсек, 2020 жылы – 9016 пәтер, 2021 жылы – 10 808 пәтер, ал 2022 жылы –12 992 пәтер пайдалануға берілмек. Аталған жоспар жүзеге асқанда 32 816 отбасы баспанамен қамтылады.

2020 жылы саябақтар қатары тағы төртеуге артады. Атап айтқанда, бұрынғы қоқыс полигоны аумағында, Әкімшілік-іскерлік орталығы, №1 автожол бойында және Қасірет мемориалының жанында Қошқар ата өзенінің жағалауы абаттандырылып, көпшілік демалыс аймағына айналады. Ташкент, Түркістан және Бозарық бағыттарындағы қалаға кіре беріс жолдардың бойы абаттандырылады.

2020 жылы әр ауданға 1 млрд теңгеден қаржы беріледі. Бұл қаржыға көпқабатты тұрғын үй аулаларында 163 ойын және 79 спорт алаңшалары жөнделеді. 2020 жылы абаттандырылған аулалар саны 80 пайызға жетеді.

Қалада Әуежайға терминал салу, Темір жол вокзалын қайта құру, Конгресс – орталығын салу, Цитадельді қалпына келтіру жобалары қарқын алмақ.
Сондай-ақ, қала журналистерінің сұрауы бойынша Шымкентте Медиа орталық салынады. Жобалау құжаттамаларын әзірлеу және құрылыс жұмыстарын бастау келер жылдың еншісіне қалып отыр.

Мәдениет пен қайырымдылық

Ерлан Қуанышұлы Шымкентте ауыл шаруашылық саласын дамыту арқылы азық-түлік өнімдерімен, көкөніс, жеміс-жидекпен мегаполис өзін-өзі қамтамасыз етуге қабілетті екенін алға тартты. Осы мүмкіндіктерді пайдалану мақсатында ауыл шаруашылығын субсидиялауға 4 226 млн теңге қаралып отыр.

Сондай-ақ, 2020 жылы қала аумағында 150 орындық оңалту орталығын салу жоспарлануда. Қала әкімінің бастамасымен «Асыл жүрек» ардагерлерді сауықтыру орталығында 2020 жылы ыстық тамақ ұйымдастырылады және орталық филиалдары қаланың басқа аумақтарында ашылатын болады.

2020 жылдың үшінші мегаполис үшін ең маңызды оқиғасы – ТМД елдерінің мәдени астанасы болып жариялануы. Бұл жылы ЮНЕСКО көлемінде Шымкент қаласының 2200 – жылдық мерейтойы да кең көлемде аталып өтпек.

Жыл бойы ТМД елдері өнер шеберлерінің мерекелік концерттері, «Жібек жолы» ұлттық салт-дәстүр мен заманауи қолөнер көрмесі, «Шымкент – қызғалдақтар қаласы» ТМД елдерінің суретшілер және фотосуретшілер байқауы, драма театрлары, анимациялық фильмдер, опера жұлдыздарының фестивалі, Халықаралық ақындар айтысы және алғаш рет «Душа Евразии» I халықаралық эстрада әндерін орындаушылардың фестивалі, ақын-жазушылардың кездесулері және тағы басқа іс-шаралар өткізіледі.

Шаруашылық

2020 жылы қаланың қолданыстағы газ жүйесінің қысымын көтеру үшін, жоғары қысымды магистралды газ құбырының және №3 АГРС-тың құрылысы басталады. Алдағы үш жылда қала тұрғындарын табиғи газбен қамту деңгейі 92,1 пайыздан 96,0 пайызға жетеді.

– Көлік инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін үш жылда 1 300 шақырым шағал тас және топырақ жолдарды асфальттау жоспарланған, – деді Ерлан Қуанышұлы.
Сондай-ақ, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мақсатында бюджеттен 3 773 млн теңге қаралып отыр. Осының нәтижесінде алдағы үш жылда қала халқын ауыз сумен қамту деңгейі 93 пайыздан 99 пайызға жетеді.

Қала бюджетінің тағы бір бөлігі абаттандыру және тазалық жұмыстарына бағытталған. 2020 жылы 4 саябақ салынып, қалаға кіре беріс жолдардың бойы абаттандырылады.

VI шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары сессия соңында ҚР мемлекеттік басқару жəне өзін-өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына қосқан елеулі үлесі үшін Шымкент қаласының əкімі Е.Айтахановқа «Қазақстан мəслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалін табыстады. Бұл ретте ардагер депутаттар Р.Пак, О.Ешімбетов, И.Рысбай, Н.Жарболов жəне басқа да сала үздіктері мен қала мəслихатының депутаттары марапатталды.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.