Версия для печати

«Түрмедегі 4 жыл емес, желтоқсаншылардың мәртебесі ойлантады» Избранное

Пятница, 13 Декабрь 2019 03:38 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3484 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Бар бақытымыздың бастауы, тыныш ұйқы мен уайымсыз күлкі тәуелсіздікпен байланысты екені даусыз. «Мың өліп, мың тірілген» халқымыз осы тәуелсіздік жолында талай қырғынды басынан кешірді, арғы бабамыз Күлтегін жырлағандай, жұртымыз азаттық үшін қаншама рет «қара терін төгіп, қызыл қанын ағызды». Алайда ұлттың асқақ рухын жоғалтып, жойып жіберу мүмкін емес. Оған бір дәлел – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Бүгінде Желтоқсан оқиғасына – 33 жыл, тәуелсіздігімізге – 28 жыл толып отыр. Егемен ел болып, еңсемізді биік ұстап жүруімізге мүмкіндік жасаған Желтоқсан құрбандары мәңгілік жадымызда.

78753440 2287325428040218 3959384291229564928 n

Ресми деректер бойынша Желтоқсан көтерілісіне 30 мыңнан аса қазақ жастары қатысқан. Құқық қорғау органдары барлығы 8515 адамды ұстаған. Алматының түрме мен абақтыларында орын қалмаған соң, 5 мыңнан астам жасты қала сыртына апарып тастаған. 2400 адам қамауға алынып, 1722 адам әр түрлі дене жарақаттарын алды. 99 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде өр намысты азаматтардың бірі шымкенттік Сәбит Исабеков те бар еді.

...Ол 1986 жылы желтоқсанның ызғарлы күндерінде алаңға шығып, солдаттар ұрып-соққан қазақ қызына араша түсті. Өзі де ауыр соққы алып, ауруханаға жеткізілді. Артынша сот үкімімен 4 жылға сотталып кете барды.

– Желтоқсан оқиғасы қазақтың қай қоғамында да өшпес орын алады деп ойлаймын, – дейді С. Исабеков. – Бұл – ұлттық мүдде арқалаған жастардың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін көрсетіп, елі үшін жандарын қиюдан да тайынбаған жанкештілігінің айғағы. Әскери борышымды өтеп келгеннен кейін мен оқуға түсу үшін Алматыға барғанмын. Алайда кешігіп қалғандықтан бұл арманым орындалмай, құрылыс саласында еңбек еттім.

Сол кездегі көптеген қазақтың қыз-жігіттері сияқты жатақханада тұрдым. Орыс мектебін бітіріп, ресми тілде жақсы сөйлей алатыным үшін мені жатақханада коменданттың көмекшісі әрі комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлаған. 16 желтоқсан күні құрылыста жүргенімізде жұмысшылар арасында «Қонаевты қызметінен босатып, орнына Колбин деген орысты әкеліпті» деген әңгіме тарады. Жатақханаға келгенімде бұл жаңалық жастар арасында қызу талқыланып жатыр екен.

17 желтоқсан күні кешкісін «Орталық комитеттің шешіміне қазақ жастары наразылық білдіріп, алаңға шығыпты, солдаттар қыздарды шашынан сүйрепті, жігіттерді соққыға жығыпты» деген хабар келді. Осыдан кейін жігіттер өзара ақылдаса келе «қол қусырып отыра беруге болмайды. Алаңға біз де барайық, солдаттардың соққысын жеген қыз-жігіттер өзіміздің қарындастарымыз, бауырларымыз емес пе?» деп шештік. Ертеңіне таңертеңгі сағат алтыда бәріміз алаңға қарай бет алдық.

Желтоқсаншы С. Исабековтың айтуынша, алаңға шыққан жастарға еш аяушылық болмаған. Сол алаңға тек ер жігіттер ғана емес, қайсар мінезді, батыл нәзікжандылар да бар еді. Олар қиын кезде бұлыңғыр саясаттың соңында кетпеді, елі, жері үшін соңына дейін күресті дейді ол.

– Тергеу абақтысында жатқан кезде біз «ешкімді ұрғанымыз жоқ, қылмыс істегеніміз жоқ, сондықтан ақталып шығамыз» деген сенімде жүргенбіз. Бірақ ол ақталмады. Соттың маған төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған кезде, аң-таң болдым да қалдым. Сондағы таққан кінәлары Бейбітшілік көшесімен алаңға келе жатып, таяқ жеген қазақ қызына ара түскенім екен. Жендеттен қорғану үшін қолыма таяқ алып, оны ары-бері сілтегенім екен. Бар дәлел - сол бір сәттен түсіріліп алынған сурет.

2336

Осылайша сотталып кете бардық. Алдымен Маңғыстаудағы түрмеде отырдым. Сол жерде жиырма шақты желтоқсаншы болды. Анда-санда бас қосып, өзара әңгіме жасап тұратынбыз. Түрме басшылары «мыналар тағы да бірдеңені ұйымдастырып жүрер» деп қауіптенсе керек, ұзамай әрқайсымызды әр тарапқа бөліп жіберді. Мен Ақтөбе түрмесіне түстім. Сол темір тордың арғы жағында жүріп тапқан ауруларымның зардабынан кейіннен бір бүйрегімді, өкпемнің жартысын алдырдым.

Қапастағы үшінші жылы мерзімім бітпей жатып табан астында бостандыққа шығарылдым. Ештеңе түсіндірген жоқ, не қолыма құжат берген жоқ. «Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды түмеден шығару туралы жоғарыдан нұсқау келді» дегеннен басқа ештеме айтпады. Ақтау туралы қаулыны 1991 жылы соттан барып алдым.

Кейіпкеріміз сұхбат барысында Желтоқсан көтерілісінің Тәуелсіздігімізге жол бастаған айтулы күн екенін әрі бұл тарих тасасында қалып қоймауы үшін, әр қазақтың жүрегіне тоқылса, сонда ол лайықты бағасын алатынын айтады.

– Желтоқсан қазақ ұлттығының, патриоттығының өлшеусіз бір көрінісі болып мәңгілікке қала береді. Дегенмен, қазір арада 30 жыл өткеннен кейін де «мен - желтоқсаншымын» деп шығып жүргендер бар. Тіпті алаңда сол кезде қазақ жастарын сабағандар қазір желтоқсаншы болып жатыр.

Желтоқсан ақиқатын жүйелі түрде айту керек секілді. Бұғып үндемей қалу тарихқа қиянат жасаумен тең. Әрине, қатты айтам деп асырып, ұлттық намысты орынсыз қайрау да қажет емес. Күнделікті күйбең тірлікті баяндаудан аспайтын арзанқол киноларды көбейткенше, тікелей Желтоқсан ерлігі мен қасіретін боямасыз бейнелейтін кинотуындылар болуы керек, – дейді желтоқсаншы.

Бізбен әңгімесінде Сәбит Исабеков Шымкентте желтоқсаншылар жиі бас қосып тұратынын айтады. Ауылда өзінің кішігірім шаруашылығы бар екенін, соған бас-көз болатынын да жеткізді.

– Қазір Шымкентте 10-ға жуық желтоқсаншы бар. Олардың арасында Мұратбек Шекербеков, сондай-ақ Ғалимат Шомаева, Зейдеш Жадыраева сынды қыздарымыз бар. Бертінде Желтоқсан көтерілісіне қатысты бірнеше қоғамдық ұйым құрғанын естіп жүрміз. Дегенмен, «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі 1990 жылы әлі Кеңес одағы тарамаған кезде құрылған. Осы ұйым көп шаруаларды тындырды. Аштық жариялап жүріп, сотталған жігіттерді ақтатып, түрмеден шығарып алуға қол жеткізді.

Осы шаралардың басы-қасында Мұхтар Шахановпен бірге өзім де жүрдім. 2006 жылы «Желтоқсан» республикалық халықтық отаншылдық қозғалысы құрылған. Желтоқсан көтерілісі кезінде жазықсыз сотталған қыз-жігіттердің барлығы дерлік осы екі ұйымға мүшеміз. Қалған ұйымдарды біле бермеймін, олармен байланысым жоқ. Рас, Шымкентте Желтоқсан көтерілісін дәріптейтін біраз іс-шаралар өтіп тұрады. Ескерткіш ашылды, кітаптар шығарылды. Дөңгелек үстел, кездесулер ұйымдастырылады.

Оған алғысымыз шексіз. Менің айтар ұсынысым, желтоқсаншыларға құқықтық мәртебе беріліп, әлеуметтік жеңілдіктер жасалса деймін. Бұл ұсынысымды ұлтым деген әр қазақ қолдайды деген сенімдемін, - дейді Желтоқсан оқиғасына қатысқан ардагер.

Желтоқсан оқиғасының басты жеңісі һәм жемісі – Тәуелсіздік. Сондықтан ол өз мән-маңызын жоймайды. Ал желтоқсаншылар – сол майданның маңдайы жарқыраған сарбаздары. Айтпағымыз, Желтоқсан дарытқан ірі ұлттық мінезді қазіргі жастардың бойынан көру үшін орта мектептер мен ЖОО-да патриоттық тәрбиені нақты осы тарихи оқиғамен ұштастыра берген абзал. Бұл – әр ұстаздың ұлттық борышы болуы тиіс. Сонда бүгінгі буын да зор күшке айналады, тәуелсіз Қазақ елінің көркеюіне көмектесе алады.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.