Версия для печати

Слам Нұрмағанбетов: «Желтоқсан – Тәуелсіздіктің шырағы» Избранное

Пятница, 13 Декабрь 2019 03:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3448 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Тәуелсіздік таңының атуына түрткі болған Желтоқсан оқиғасына қатысқан куәгерлердің бірі ретінде сол бір мұз жастанған, мұң арқалаған күндер есімнен кетпейді.

Фото Слам

Мереке жақындағанда көңілім құлазиды. Тарихи оқиғаның үзік бейнелері көз алдыма келеді. Жiгiттердi былай қойғанда, қазақ қыздарының өжеттiгi мен қайсарлығы жұртшылықты таңқалдырды. Жастардың алаңға шығуына ешкім ықпал еткен жоқ.

Ол кезде «Оңтүстік Қазақстан» газетi партия тұрмысы бөлiмiнiң меңгерушiсi болып iстейтiнмiн. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң ұйғарымы бойынша 15 күндік оқуға шақырылған облыстың бiрқатар партия, Кеңес қызметкерлерi қатарында әрiптесiм «Южный Казахстан» газетi партия тұрмысы бөлiмiнiң меңгерушiсi Степан Григорьевич Катвицов екеумiз сол күнi - 1986 жылдың 16 желтоқсанында таңертең Алматы жоғары партия мектебiне келiп жатақханада алдын-ала дайындалған бөлмемiзге жайғастық.

Түске таяу Республика Орталық партия комитетiнiң Пленумы өтiп жатыр, Қонаевты орнынан алады екен деген қауесет сөз тарады. Пленумның құпия болғаны соншалық, орнына кiмнiң тағайындалатынын ешкiм бiлген жоқ. Ақыры Мәскеуден жеткен хабар төбемізден жай түсіргендей болды. Бізге беймәлім Геннадий Колбин бiрiншi хатшы болып бекітіліпті. Бұл шешімге орыс ұлтының азаматтары ғана қуана келісетінін көз жанарларынан байқатты.

Ертеңіне 17 желтоқсанда таңертең партия мектебiнiң үлкен мәжiлiсханасында алғашқы сабақ басталды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң екiншi хатшысы Мирошниченко әлеуметтiк және экономикалық саланы дамытудағы партиялық ықпалды арттыру туралы лекциясының ортасына жеткенде президиумда отырғандар өзара сыбырласып кетті. Сонан соң, бiр-бiрлеп сыртқа шыға бастады.

Ақырында мектептiң ректоры ғана қалды. Япыр-ай, Шымкентке келсе жұрт құрмет көрсететін үлкен тұлға – Республика екiншi хатшысының мұнда абыройы шамалы екен деп таңырқадық. Сол сәтте алаңға жастардың жинала бастағанын, тысқа шыққандар жайсыз хабарды естiген соң кеткенін қайдан бiлейiк?! Лекция бiткенде мектеп ректоры «Бүгiнгi сабақты осымен аяқтаймыз. Алыстан шаршап келген шығарсыздар, алаңсыз демала берiңiздер», деп жиналғандарды тарқатып жiбердi.

Бөлмеде газет-журнал қарап, теледидар көрiп отырғанмын. Газетіміздің мәдениет, әдебиет және өнер бөлiмiнiң меңгерушiсi болып жүрiп, жоғары партия мектебiне оқуға алынған Төрехан Рәмбердиев суыт кiрiп келді. Ай-шай жоқ:

- Ешнәрсе естіген жоқсың ба?-дедi.

- Не есітуiм керек?

- Студент жастар кешегi Пленум шешiмiне наразылық бiлдiрiп, демонстрацияға шығып жатыр. Алаңды қоршап алған, – дедi.

– Не тұрыс, сонда барайық, – дедiм сөзге келмей киiнуге ыңғайланып.

– Алаңға келсек қарақұрым халық. Дені жастар. Алғашқыда наразылық бейбіт басталған. Кейін басудың күштеу, қорқыту сияқты өрескел шараларынан соң, жағдай ушығыпты. Әр жерде көліктер жанып жатыр. Өрт сөндiргiш алып машиналар аударылып қалған. Милиция, солдаттар қолдарындағы қалқан, сойылмен Алаңды қоршай қорғауға алған. Ішке ешкімді өткізбейді. Ал жастар тас-түйін бекініп алыпты. Ашулы, ызалы беттерінен қайтар емес.

Полковник шенiндегi егде тартқан қазақ кiсi топтың арасында жайлап жүріп келеді. Жастар оны қоршап өз пiкiрлер мен наразылықтарын айтып жатты. Ол жауап таппады ма, әлде риза болды ма, белгісіз...Басын изеп, күле берді. Алайда алаңдағы қыз-жiгiттердiң ой-өрiсi, парасат-пайымы жоғары еді. Олар туған жер, Отан туралы ән шырқады. «Әр ұлттың өз көсемi болсын!» , «Еш бiр ұлтқа артықшылық берiлмесiн!» деген ұрандар алып жүрдi.

Ертеңіне тағы да сабақ болмады. Оқуға келген сәтте өзге ұлт өкiлдерiне рұқсат берiп, қазақ жастарға басу айтып, алаңнан тарқауына ықпал ету ұсынылды.
Алаңға Төрехан екеумiз бiрге келдiк. Кешегiдей емес, алаңның алды түгелдей тазартылып, ашылып қалыпты. Қоршау жасап тұрған солдаттар мен милициядан құрылған жасақ анағұрлым көп көрінді. Жастар тобы алаңға кiреберiстегi көше бойында ұрандар мен плакаттар көтерiп, патриоттық ән айтып тұрды.

Түске таяу автобус келді. Адамдарға қарамастан алаң ортасына баса-көктеп кірді. Мұны біз Орталықтың нұсқауымен жiберiлген iшкi әскерлердiң арнаулы жасағы екенін кейін білдік. Олар көп кiдiрмеді. «Ура!» деп атойлап, шеруге қарсы шабуылға шықты. Қарулы жасаққа төтеп бере алмаған бейбiт топ кейiн серпiлдi. Сол екен, жантүршігерлік оқиға басталды. Қатыгез жауынгерлер қыздарды аяған жоқ. Бұрымынан сүйреп, жігіттердің қолын қайырып, тасада алдын ала дайындалған автобустарға қойша тоғытты.

Сол дүрмектiң ортасына дендей енiп, шығарға тесiк таба алмай, шеттеу жерге ығысқанмын. Алдымнан үш бiрдей солдат шыға келді. Олар менен бас киiмімдi шешудi бұйырды. Түкке түсiнбей қалпағымды қолыма ала бергенімде, басыма сарт етіп сойыл тиді. Екiншiсi де ұруға ыңғайлана беріп, сойылын көтерді. Мен қулыққа көштім. Қарсыласқаныммен пайда таппайтынымды ұқтым.

Есеңгiреген адамның кейпiнде жерге жамбастай құладым. Бетiме жылы қан ағып, басым айналып бара жатты... Осы сәтте қыздың бірі «өлтiрдi-ау!» деп жанұшыра айғайлап, басындағы түйе жүнінен тоқылған қалпағын жұлып алды. Басымның қанаған тұсына басып, кетіп қалды. (Бейтаныс қыздың сол қалпағы менде әлі сақтаулы).

Таса-тасадағы жолдармен жүрiп, жатақханаға әрең жеттім. Мені Төрехан күтiп отыр екен. Ол да солдаттардың қоршауына түсiп қалып, партия билетiн көрсетiп құтылыпты.
Партия мектебiнiң арнайы емханасы бар екен. Сонда басымның жарылған жерiн тiктiрдім. Жарақатымнан оқудың соңына дейін сабаққа қатыспадым.

Тәуелсіздік тәңір сыйы, киелі ұғым. Бостандықтан артық қандай бақыт бар?! Тәуелсіз елдің тарихы мәңгі өзгермейтін тарих. Сол тарихтың бастауында желтоқсандықтардың тұрғаны ақиқат.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.