Версия для печати

Қастерлі мерекенің қадірін білейік Избранное

Пятница, 13 Декабрь 2019 04:05 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3129 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Тәуелсіздік күні! Ең қастерлі, ең ұлық, ең мәртебелі мереке осы! Бұл – ата-бабамыздың ғасырлар бойғы арманының алтын қазығын еліміздің тұғырына бекіткен күн!

DSC 4585

Елдігіміздің тұмарындай, ұлтымыздың ұранындай осынау қасиетті де айдарлы мерекенің қадір-қасиетін, құнын қаншалықты бағалай білудеміз? Оның мәні мен маңызын, мерейі мен мазмұнын қадірлей алатындай дәрежеде дәріптеп жүрміз бе? Тәуелсіздік мерекесі оның ізін ала келетін жалт-жұлт еткен жаңажылдық шамдардың жарығының тасасында елеусіз қалып кеткен жоқ па? Олай дейтініміз, Тәуелсіздік мейрамының лебінен гөрі қала көшелерінде жарқылдаған жаңажылдық безендіру, үлкенді-кішілі шыршалар алдымен көз тартады. Тіпті, желтоқсан айы басталмай жатып, «Shymkent Plaza» ойын-сауық орталығы мен Ладушки асханалар желісі Аяз атаны күтуге әбден дайын екендіктерін білдіріп қойды. «С новым годом» деген жарнама жер жарып тұр. Әр алуан ұжымдар жаңажылдық банкетке дайындалып, орын сайлап әуре. Ал шындығында, қазақ үшін қайсы мереке құнды, қайсысы ұлық?

Шетелдерде Тәуелсіздік мерекесі жалпыхалықтық сипат алған. Мысал үшін бір-екеуін ғана келтірейік. АҚШ-та 4-шілде Тәуелсіздік мерекесінде ағылшындар көліктерін және үйлері мен көшелерін елдерінің туының түсіне сәйкестендіріп сәндейді екен. Ал Австралияның Тәуелсіздік мерекесі күні Сиднейде музыкалық фестивальдар шымылдығын түреді. Канберра қаласында тірі музыка байқауы өтеді. Осы шараларда жұрт жылдың «австралиялық тұрғынын» анықтайды.

Бұл күні мемлекет халқы Австралияның туы бейнеленген киімдер мен бас киімдер киіп көңілденеді. Осы көңіл-күймен өз үйлерін шарлармен және елдің басты рәмізі саналатын тумен әсемдейді. Байқасақ, дамыған елдерде Тәуелсіздік мейрамының қалыптасқан нышандары бар. Бізде ше?

Тумен суретке түсу – трендте

Биыл бұл бағытта сәл де болса сең қозғалды. Шымкентте «Серпіліс» қоғамдық қорының төрайымы Бейсенкүл Нарымбетованың мұрындық болуымен әлеуметтік желілерде «Көк тудың желбірегені» эстафетасы шілде айында басталып, күні кеше қорытындыланды. «Тәуелсіздікпен диалог» іс-шарасында эстафета әлеуметтік желіден шығып, елдің алдына келді. Патриоттар форумында аталған эстафетаға белсене қатысқандар марапатталды. Марапатқа гүлдің орнына ту берілді.

Журналист, «Серпіліс» қоғамдық қорының басшысы Бейсенкүл Нарымбетованың айтуынша, «Көк тудың желбірегені» эстафетасы қазір бізге ауадай қажет. Көк туға сананың көзімен қарай бастадық. Әлі де «туды қорлап жатыр, оранып алыпты» деп теріс пікір айтатындар кездеседі. Әсілі, олай емес. Тудың қасиеті ерекше, ол қастерлі.

– Мен бұны өзіме ұпай жинау үшін емес, байрағымыздың бәсін арттыру үшін бастадым. Бастаманы бәрі жақсы қабылдап жатыр. Адам бір нәрсеге қараған сайын бейсаналы түрде соны санасына сіңіреді. Осы орайда мені қолдаған ел ағалары көп болды, – деді Б. Нарымбетова.

Иә, алты жасар баладан ақ сақалды қарияға дейін қатысып, үн қосқан эстафета Қазақстанның барлық өңірлеріне жетті. Билік басында жүрген азаматтар да бұл игі шарадан тыс қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай «Көтерілген туым бар, көтеретін ерім бар» деп көк байрағымыздың қасында суретке түсіп, эстафетаны жалғады.

«Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын рухымыздың, айбынды даңқымыздың, елшіл намысымыздың, баянды бірлігіміздің байламы да – осы мемлекеттік туымыз» деген қоғам қайраткері еліміздің астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының нақ төрінде 111 метр биікте желбіреп тұрған елдік туы жайында жадымызда ұстауға тиіс деректерді келтіре кетті.

– Байтақ қаланың кез келген бұрышынан көзге түсетін Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі рәмізінің көлемі – 15х30 метр, салмағы 100 килограмм. Ту әрқашан жаңарып, жайнап тұруы шарт. Ол алғашқы жылдары шетелден тапсырыспен істелсе, бүгінде азаттығымыздың кіндігін кескен Алматыда әзірленіп, әкелінеді. Жалпы көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орынды иеленуінің өзіндік символдық мәні болса керек. Қазақстан жер көлемі жағынан да тоғызыншы орында тұр, – деді Дархан Қамзабекұлы.

«Жанубий Қозоғистон» газетінің бас редакторы Әлішер Сатыбалдиев: «Шүкір, шыршамен емес, Қазақстан Республикасының туымен суретке түсу трендке айналды. Қай жиынға барсаң да, тудың қасында фотоға түсуге кезек», - деп ұнамды үрдісті қолдайтынын білдіріп жатты.

Көк туды желбіреткеніміз шүбәсіз керемет бастама! Бірақ, біздің елімізде осы рәміздер туралы Заң сәл шикілеу сияқты. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы №258 Конституциялық заңының 2-тарау, 4-бабында туды пайдалану тәртібі көрсетілген. Онда ҚР Парламентінен бастап сот ғимараттарына, ресми мекемелерге, олардың веб-сайттарына ілуге болатыны айтылған. Ал «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы басқа да ғимараттарда (үй-жайларда) олардың иелерінің еркі бойынша тігілуі мүмкін» делінген.

«Тігілсін» немесе «тиіс» десе, бір басқа. Яғни, шетелдердегідей біз үйіміз бен көлігімізді туымыз түстес боямақ түгілі босағамызға да іле алмаймыз. Мәселен, жүргізуші өз көлігіне Көк туды ілетін болса, тәртіп сақшылары жетіп келеді екен. Ғасырлар бойы аңсап жеткен Тәуелсіздігімізге 28 жыл толған тұста егемендігіміздің басты рәмізі, нышаны Көк туды пайдалану тәртібін тағы да бір рет қарап, нақтылау керек сияқты.

Тәуелсіздік күні түрлі тәсілдер енгізілсе...

«Көк тудың желбірегені» эстафетасы бірінші рет өткізілсе де, жалпыхалықтық сипатқа ие болды. Дегенмен, дүйім ел болып елдік мерекенің тәтті дәмін сезінбей жатырмыз. Бұл туралы белгілі журналист Шыңғыс Мұқан былай дейді: «Біздің мемлекет үшін Тәуелсіздік мерекесінің маңызы зор. Мереке – халықты біріктіретін фактор.

Мемлекет қай құндылыққа басымдық береді, сол мереке кең көлемде аталып өтеді. Еліміздегі ең ұлық мереке – Тәуелсіздік күні. Бірақ, бұл күннің алдына неге жаңа жыл түсіп кетіп жатыр? Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, үкімет әлі де болса, бұл мерекеге күш сала алмай отыр. Айтулы күнді халық асыға күту үшін мерекелік нышандар керек. Балалар Жаңа жылды неге күтеді? Сыйлық алады. Екіншіден, тарихи астар. Жаңа жыл мерекесін атап өте бастағанымызға ғасырдан асқан болар.

Ал 16 желтоқсанды атап өтіп жатқанымызға қанша уақыт болды? Оны атап өтудің қандай дәстүрін қалыптастырдық? Айталық, Жаңа жылда шырша тігіп, оливье салатын жейміз, Наурызда киіз үй тігіп, наурыз көже ішеміз. Ал Тәуелсіздік күнінде не істейміз? Өзіңіз айтыңызшы? Сондықтан мереке ретінде күтудің адамның түйсігіне әсер ететін нышандарын қалыптастыру үшін біраз елдің тәжірибесін зерттеп, тұжырымдамасын жасауымыз керек. Үшіншіден, психологиялық жағдай. Адам үмітпен өмір сүреді.

Үміт дегеніміз не? Бұл – болашақ. Яғни жаңа жылды атап өту арқылы халық болашақтан үміт күтеді. Келер жылға тілек айтамыз. Жаңа жылды Тәуелсіздік күнімен салыстыру арқылы соңғысының тұғырын көтере алмаймыз. Әр мерекенің халыққа берер ерекше эмоциясы бар. Жаңа жыл – қалыптасқан мереке. Онымен бәсекелесіп қажеті жоқ. Одан да адамдарға қажет басқа эмоция сыйлайтын мерекеге айналдыруды ойластырғанымыз жөн».

Журналист өте ұтқыр ой айтты.

Ал тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев «Тәуелсіздікті құрмет ету осы жолда құрбан болғандарды еске алу, олардың рухы алдында бас ию, барды бағалау сияқты халқымыздың салт-дәстүрлерімен сабақтасып жатқанда, мәні бар тарихи санамыз ұлт бойына кайтарылғанда ғана мүмкін болатын іс» деп есептейді.

– Яғни, ешқандай қаулы-қарармен ешкімді ел Тәуелсіздігіне деген «жасанды» құрметке әкеле алмасымыз белгілі. Не істеу керек? Біріншіден, қоғамда Тәуелсіздіктің мәні туралы қоғамдық санаға насихат жұмысы үнемі және тұрақты жүруі керек. Екіншіден, қазақ қоғамы тарихи санасына қайта үңіліп, жаңа жылдың астарына көз жіберетіндей хабарлар мен тәрбиелік іс-шараларды (әзірге бос айқай мен шоу жобалар қаптап тұр) көбейтуі керек.

Үшіншіден, мемлекет тарапынан Тәуелсіздікке байланысты 15-16-нан бастап кемі он күндей түрлі іс-шаралар ұйымдастыру (Наурыздағыдай) арқылы Жаңа жылға тек 25-желтоқсаннан кейін ғана кірісуге мүмкіндік беретіндей қолдау керек. Ал Жаңа жыл содан соң да он күннен артық өз мәнін жоғалтпайды. Төртіншіден, бүкіл қоғам қазақ халқының Жаңа жылы Наурыз екенін жете сезінуі жолындағы насихаттар мен іс-шаралар легі үнемі марапат көріп отырса.

Сонымен бірге Тәуелсіздік ұлтымыз бен мемлекеттігіміздің тірегі екенін отбасылық тәрбиеге енгізетіндей түрлі тәрбиелік іс-шараларды кең көлемде ұйымдастыру керек. Бірақ, ол негізінен жастар арасында жүргізілсе. Ең бастысы, ұлтты өз құндылықтарын, өзін-өзі сыйлауға бағыттайтын тәрбиелік жұмыстар қолға алынбай, нәтиже төмен болатыны тағы бар, – дейді Қайрат Сапарханұлы.

Жөн сөз. Бәлкім, бұл бағыттағы бастамаларға «Көк тудың желбірегені» эстафетасын ұйымдастыруға атсалысқан үкіметтік емес ұйымдарды көбірек тарту керек болар. Туды желбірету эстафетасымен қатар Тәуелсіздіктің айдарын асқақтататын өзге де атрибуттарды насихаттаудың әсерлі әдіс-жобаларын жасау керек шығар. Иә, мәңгілік еліміздің мызғымастығын аңғартатын Тәуелсіздік мерекесінің тұғырын биіктете түсу үшін әрбіріміз атсалысуымыз керек!

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.