Жан жылуы күннің нұры секілді

Пятница, 20 Декабрь 2019 04:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 496 раз

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылының жабылуы және Волонтер жылының ашылуына байланысты жастармен жүздесіп, еліміздің жарқын болашағы да, ұлтымыздың үміті де, мемлекетіміздің мәртебесі де жас ұрпақ екенін үлкен сеніммен айтты.

волонтер

Ия, расында, тәуелсіз еліміздің өркендеуі мен қоғамның алға жылжуына жастардың қосып отырған үлесі ересен. Бүгінгі жастар -- жоғары интеллектуалды, білімді, саналы. Олардың жаңашылдығы мен бастамашылдығы, жастық жігері мен энтузиазмы қоғамның барлық саласында да айқын көрініс тауып келеді.

Президентіміздің алдағы жылды Волонтер жылы деп айшықтауы біздің Шымкент қаласының қайырымды қала атауымен сәтті сабақтастық, үйлесімді үндестік тауып отырғандай. Себебі бүгінде қайырымдылық істер мен қайырлы шаралардың басы-қасында көбінесе еріктілер жүретінін күнделікті тіршілікте жиі кездестіреміз.

Жалғызбасты қарияларға қамқорлық, тұрмысы төмен жандарға көмек, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қайырымдылық көрсету, қиын жағдайға түскен жандарға жәрдемдесу, төтенше жағдайлар орын алған жерлерге елден бұрын жетіп, жұмыла күш біріктіру секілді ізгілікті істердің жанашыры волонтерлер екенін ризалықпен айтуымыз керек.

Біздің Шымкентте де елгезек еріктілер мен сондай жанашыр жастардың басын біріктірген волонтерлер клубы мен топтары аз емес. Азаматтық қоғамды сауықтырудың сауапты ісінің бір үлгісі ретінде мына бір мысалды келтірсек те болады. Осы жылдың басында Жасур Толапов бастаған еріктілер 13 жасар Ағабек пен оның 4 қарындасына қазақстандықтардан қаржы жинап, 7 млн. теңгеге үй сатып әперді.

Ағабек ауру анасы мен қарындастарын темір-терсек жинап, оны сатып, асырап келген. Бірде жинаған темір-терсегін қабылдау орнына жеткізу үшін жол бойында көлік тоқтатуға әрекеттеніп тұрған Ағабекті көріп қалған Жасур оның жағдайымен танысқан соң жас балаға көмектесудің қамына кіріскен. Сөйтіп қазақстандықтарға үндеу тастап, қаржы жинап, жағдайсыз отбасыға Қаратау ауданынан асхана, ваннасымен қатар төрт бөлмесі бар үй сатып әперген. Міне, осындай қайырымдылық істер қайырымды қалада аз көрініс таппайды.

Шымкенттегі Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Бізбен бірге» волонтерлар клубы, «Қазақстанның 100 есімі» жобасының жеңімпазы, белгілі волонтер Гүлмира Әбдрашева құрған «Клуб добряков», «Сана сезім» қоғамдық ұйымы жанынан құрылған еріктілер клубы, «Жақсылық жасап жарысайық» ұранын ту еткен «Шымкент қайырымды жандар» волонтерлар тобы, тағы, тағы осындай жігерлі жастардың басын біріктірген ұйымдар жетім балаларға, көпбалалы отбасылар мен ауыр науқасқа шалдыққан балаларға, табиғат апатынан зардап шеккендерге, қолдауға зәру басқа да әлеуметтік топқа жататын азаматтарға гуманитарлық көмек ұйымдастырып, қарттар үйі мен балалар үйлерінде қайырымдылық акцияларын, түрлі мерекелік шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған.

Міне, мұның бәрі қайырымды қаланың қайырлы келбетін көрсететін қарапайым һәм мәнді мысалдар.

Француздың ұлы жазушысы Виктор Гюго «Адамның ішкі жан дүниесіндегі мейірім күнмен тең» деген екен. Сол күннің шуағындай жан-жағына нұрын шашып, мейірімімен тасты еріткен, қайырымымен жаны жүдеу жанға жылу берген, қысылғанда демеу болған бекзат адамдар Қайырымды қаланың шын қаһармандары секілді көрінеді маған.

Шымкент – күні ғана жылы аймақ емес, адамдарының да жүрегі шапағатқа толы қала.

Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ

ҚазМУ-дің 1979 жылғы түлегі. Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» («Қызыл ту») газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы.