Версия для печати

Мейірімділік – жүректен

Пятница, 20 Декабрь 2019 04:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2963 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Таяуда Қаратау аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен, Шымкент қалалық «Nur Otan» партиясының қолдауымен «Шымкент – қайырымды қала» акциясы өтті.

қаратау

70 отбасыға жалпы сомасы 4 миллион теңгенің азық-түлігі, тұрмысқа қажетті заттар таратылды. «Пионер», «Дары Сайрама», «Асыл май» зауыты және жеке кәсіпкер Маханова жағдайы, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетті. Аудан әкімі Абзал Әліқұлов мұндай акциялардың аудан аумағында жиі өткізілетінін айтады.

– Шымкент – қайырымды қала. Ауданымыздағы кәсіпкерлерге өтініш айтып едік, бір ауыз сөзге келместен келісе кетті. Осы орайда қаратаулық кәсіпкерлердің белсенділігін атап өтпеске болмайды! Қолы ашықтың – жолы ашық! – деп Абзал Шымкентбайұлы әлжуаз топқа көмек қолын созған кәсіпкерлерге алғысын білдірді.

«Нұрсәт-3» шағынауданындағы №59 үй, 13-пәтерде тұратын Қызайым Байғазиева да өз кезегінде осындай қайырымды шараны ұйымдастырған аудан әкімдігіне және жеке кәсіпкерлерге шексіз алғысын айтты. Әжейдің ұлы мен келіні өмірден өткен, бірақ, олардан қалған бес перзентті жеткізіп отырған кейуана шын мәнінде көмекке мұқтаж. Осыны ескерген қаратаулықтар Қызайым апаға әрдайым қол ұшын созып тұрады екен.

Ал Қаратау ауданы әкімі аппараты Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Гүлсина Бердібекова аудандағы кәсіпкерлердің қайырымдылық акцияларына жиі қатысатынын мәлімдеді. «Мәселен, осындай қайырымды кәсіпкерлеріміз «Қайнарбұлақ» саяжайында өртеніп кеткен 3 үйдің шатырын жауып берді. Екі аяғынан айырылып, тағдыр тәлкегіне түскен мүмкіндігі шектеулі бір азаматтың беташар тойын өткізіп берді. Қалталы азаматтардың демеушілігімен аудан аумағындағы мектептерге 1 млн теңгенің затын табыстадық, - дейді ол.

Қайырымдылық – мұқтаж жандарға көрсетілер нақты көмек, ізгіліктің ізетті көрінісі, адамның асыл қасиеті. Мейірімділік – жүректен. Осы орайда Қаратау аудандық әкімдігі мен аудандағы жеке кәсіпкерлердің өнегелі ісі мен азаматтық қасиеті өзгеге өнеге.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.