Версия для печати

БАҚ-тың бағы озған күн Избранное

Среда, 25 Декабрь 2019 03:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3466 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент шаһарында БАҚ өкілдері арасында өткізілген шығармашылық байқау қорытындыланып, жыл бойы халыққа қызықты әрі ерекше сюжеттер ұсынған қаламы қарымды журналистерге құрмет көрсетілді. «Тату» мейрамханасында өткен салтанатты шарада мерекелік ақ дастархан жайылып, арнайы концерт ұйымдастырылды. Басқосуда үздік деп танылған БАҚ өкілдерін қала әкімі Ерлан Айтаханов арнайы «Алғыс хатпен» марапаттады.

DSC 4828

– Қай дәуірде болмасын, бұқара мен биліктің арасына дәнекер болып, қоғамдағы жаңалықтарды көпшілікке жеткізіп, барша жұртты ақпаратпен қамтуда БАҚ өкілдерінің, яғни журналистер қауымының алар орны ерекше. Сіздер жыл бойы қаламызда, елімізде жасалған игі істерді халықа жақсы жеткіздіңіздер.

Шымкент - күн санап көркейіп келе жатқан алып шаһар. Қаламыз ТМД-ның 2020 жылғы мәдени астанасы мәртебесін иеленді. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, осы орайда қайырымды қала - Шымкентіміздің қуаныштары мен жетістіктерін алдағы уақытта да қалың жұртшылыққа жеткізуге асық болатындарыңызға нық сенімдемін! – деді шаһар басшысы құттықтау сөзінде.

Бұдан соң өңірімізге белгілі ардагер қаламгерлер Байдулла Қонысбек пен Мархабат Байғұт ағалар сөз алып, ізгі лебіздерін білдірді. Олар «Қаламдарыңыз ешқашан мұқалмаcын, берер ақпараттарыңыз шынайы һәм әділ болсын!» деп тілшілер қауымына ақ батасын берді.

Марапаттау рәсімінде Шымкенттің экономикалық-әлеуметтік, рухани-мәдени дамуына қатысты үздік мақалаларымен дараланған «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің ұжымы «Үздік редакция» атанды. Шаһар басшысы Ерлан Қуанышұлы бұл марапатты «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС Директор-Бас редакторы Бақтияр Тайжанға салтанатты түрде табыс етті. Ал «Оңтүстік» телеарнасының тілшісі Нұрлан Әлімбаев «Үздік журналист» номинациясын иеленді. Жылдың үздігі атанған ұжымға және телеарна тілшісіне 500 000 теңгеден қаржылай сыйлық табысталды.

«Жыл үздігі» номинация иелері де марапатталып, 150 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықтарға ие болды. Атап айтсақ, «Үздік баспа басылымының журналисті» – Ақмарал Әшірова, «Үздік әлеуметтік ролик авторы» - Нұрғали Матаев, «Үздік блогер» - Арай Есенбек, «Үздік телебағдарлама авторы» - Бағлан Байгөбекқызы, «Үздік тележурналист» - Анастасия Новикова, «Үздік радиобағдарлама авторы» болып Уәлихан Қожақ лайық деп танылды.

DSC 4841

Сонымен қатар, «Үздік ақпараттық порталы» аталымында «Меdia.on» ақпарат порталының редакторы Малика Абдалиева, «Үздік ақпараттық портал тілшісі» Асылбек Түйетаев, «Үздік баспа басылым» аталымында «Уақыт» газетінің бас редакторы Талғат Балтабаев, «Үздік әлеуметтік ролик авторы» аталымында «Elіtar» порталынан Жансая Тәуекелқызы топ жарды. Сондай-ақ «Үздік баспасөз хатшысы» аталымында Шымкент қаласы полиция департаментінің өкілі Әсел Саденова алғысқа бөленді.

Айта кетерлігі, салтанатты шарада қала көшесін тазалап жүрген қоғамдық жұмысшыға қол ұшын созып, көмек көрсеткен Ғабит Көбеев есімді тәртіп сақшысы «Қайырымды полицей» номинациясымен марапатталды.

Құрметке бөленген БАҚ өкілдерінің қатарында «Шымкент келбетi» және «Панорама Шымкента» газеттерінің тілшілері де болды. Нақты айтқанда Галина Герман «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өткен конкурста ІІІ орынды иеленсе, Сәбит Тастанбек және Азамат Жаппар түрлі номинацияларда жүлдегер атанды. Әсел Хамзинаға Шымкент қаласы мәслихатының Алғыс хаты тапсырылды. Ал фототілшіміз Серік Қосаев «Мен тұратын қала» байқауының ынталандыру сыйлығына ие болды!

Әріптестерімізді алған жүлделерімен шын жүректен құттықтаймыз!