Талаптанғанның тасы өрге домалайды

Среда, 25 Декабрь 2019 04:10 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3308 раз

Қалада бизнеске өндіріс орындары тегін берілуде

Қалада кәсіп ашамын дегендерге мүмкіндік көп. Бүгінде өндіріс орындары да жалға беріліп жатыр. Тегін-ақ. Шымкент қаласының Атамекен кәсіпкерлер палатасының қолдауын сезініп жатқандар бар. Жыл басынан бері 4500-ге жуық талапкер «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша оқыды. Енді олар кәсібін бастап кетті.

photo 287478

Келесі жеңілдіктің бірі – бизнес үшін өндіріс орындары тегін ұсынылуда. Кәсіпті енді қолға алған азаматтар үшін зор көмек. Тегін жалға алудың бір ғана шарты бар – жұмыс орындарын құру арқылы бизнесті дамыту.

Үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 3000 ш.м. Онда 15-тен 150 шаршы метрге дейін 50 орынжай бар. Жалпы, азаматтар кәсіп ашуда тап болатын бірінші проблема – өндірісті қайда орналастыру қажеттігі. Бизнес мәселелерін зерттей келгенде осындай күрмеуі қиын түйін кезіккен. Қалада коммерциялық бағытта жылжымайтын мүлік көп, бірақ ондағы бағалар стартап-бизнесті айтпағанда, шағын және орта кәсіпкерлік үшін тым жоғары.

Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Данияр Дәрменнің айтуынша, бос тұрған ғимаратын беруге дайын кәсіпкер де табыла кетіпті. Кәсіпті енді бастаған немесе жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер өздерінің бинес жобаларын аяққа нық тұрғанға дейін іске асыра алады.

– Бұл орындарды биылдан бастап қолға алынған «Жас кәсіпкер» жобасы аясында беріп отырмыз. Азаматтарға ғимарат тауып беру жағынан көмек берейік деп шештік. Кәсіп бастаушылармен де келісім жасадық. Яғни, бастапқы 3 ай тегін. Кейінгі 3 айда жалға алудың жарты ақшасын төлейді. Кәсібін бастайтындар үшін мемлекеттік грантты алғаннан кейін бизнесті қайда жүргіземін деген сұрақтар туындайтынын аңғардық. Кәсіпорынға заңгерлік және бухгалтерлік қызмет көрсетуге, қаржыландыруға инвестор тартуға көмек беруге дайынбыз, – дейді Данияр Дәрмен.

Қазіргі таңда 17 кәсіпкер өз ісін бастауға ниет білдірген. Оның бәрі де – «Жас кәсіпкер» және «Бастау бизнес» жобаларының түлектері. Оның ішінде 3 кәсіпкер ғимаратқа орналасып, жұмысын қолға алды. Бірі жиһаз жасаса, екіншісі жұмсақ жиһаз дайындауға әрекеттенуде. Тігіншілер де іске кірісуге дайын. Бір айта кетерлігі, ғимаратта коммуникациялық жүйелердің бәрі бар.

Грантқа қанша адам қол жеткізді?

Мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грант та әжептеуір көмек. Оның көлемі – 505 мың теңге. Биыл бұл мақсатта 4500 адамға грант тағайындау жоспарланған. Қазірдің өзінде 2000-ға жуығы грант иегері атанып отыр. Негізінен, оны алуға жұмыспен қамту орталығына өтініш жазады. Соңғы шешімді Палата жанынан құрылған комиссия шығарады.

– Биыл жарты жылдың ішінде «Жас кәсіпкер» бадарламасы бойынша 1400 адамды оқыттық. Оның 900-ден астамы грантты жеңіп алды. Барлығына мониторинг жүргіземіз. Шынында қаржысын мақсатты жұмсады ма? Кәсібін бастауда қандай мәселелер бар? Осы тұрғыда талдау-сараптау жүргіземіз, – дейді директордың орынбасары.

Грантқа кімдер қол жеткізе алады? Әрине, біріншіден, үміткер жұмыссыз болуы керек. Одан кейін мүмкіндігі шектеулі, бірақ жұмысқа қабілеттілігі бар азаматтар, көпбалалылар және аз қамтылған жанұялар іріктеледі.

56 мектепте «Кәсіпкерлік негіздері» пәні оқытылуда

Қалада «Атамекен» қолдау орталығы да бірқатар жетістіктерге жетіп отыр. Бүгінде қала бойынша 10 мобильді орталық жұмыс істейді. Ондағы психологтар және менеджерлер кеңес беріп, барлық бағдарламаларды егжей-тегжейлі түсіндіреді.

Палата директорының орынбасары Олжас Жансейітовтың айтуынша, орталық арқылы 450-ге жуық адам жұмысқа орналасқан. Жылдың соңына дейін оның саны 500-ге жетпек. 26 мың адам кеңес алған. Бұл да үлкен жетістік.

Сондай-ақ, қазір қала мектептерінде «Кәсіпкерлік негіздері» сабағы өтуде. Мұндай дәрістер бүгінде 56 мектепте, 2 университет, 2 колледжде ұйымдастырылған. Жоғары оқу орнындағы дәрістер аяқталған соң, сертификаттар берілді. Яғни, мектептің жоғары сынып оқушылары да кәсіпкерлік негіздерін үйренуде. Биыл алғаш рет жүзеге асқан жоба әрі қарай жалғаса бермек.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.