Шеберді саусағы асырайды

Среда, 25 Декабрь 2019 04:13 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6894 раз

Мөлдір Нұрмаханова – перде тігу ісін қолға алған тігінші. Оның қолынан шыққан перделерін әлеуметтік желіден көріп, еңбегіне сүйсініп қалғанымыз рас. Басында үйге қажетті затты қызығушылықпен тігіп көріп, кейін келе оны табыс көзіне айналдыра білген ісмер кәсібін дөңгелетуге «Өрлеу» бағдарламасымен берілген қаражатқа сатып алған бір тігін машинасының-ақ көмегі тигенін айтады.

 DSC7739

– Негізгі мамандығым – программист. Дегенмен, тігіншілікке қызығушылығым кәсіп бастауға себеп болды. «Өрлеумен» берілген қаражатқа тігін машинасын сатып алып, үйде перде тігіп, сатуға бекіндім. «Шеберді саусағы асырайды», дейді. Бастамам жаман болмады. Арасында үш ай кәсіптік білімімді шыңдап, тағы бір тігін машинасын сыйлыққа алдым,– деп бастады әңгімесін
М.Нұрмаханова.

Мөлдір мемлекеттен кәсіп бастауға берілген қаржыны ұтымды пайдалананып, кәсібін өркендетуге жұмсаған. Ол тауарының өтімді болуы үшін нарықты зерттеп, өнімнің заманға үндес әрі сапалы болғанын бірінші кезекке қояды. Кәсіби дизайнер болмағанымен, арнайы мамандармен тәжірибе алмасып, өзін дамытып отырады.

– Миллион тұрғыны бар қалада тұрамыз, оның үстіне салынып жатқан тұрғын үйлер қаншама? Осының өзі маған сенімділік берді. Ең бастысы – маман ісіне адал, кәсіби болғаны дұрыс. Алматыда арнайы шеберлік-сабақтарға қатысып, бәсекелістік заманда ығып қалмауға әрекеттендім.Үйімнің шағын бір бөлмесіндегі шеберханамда бел шеше іске кірісіп, кәсібімді шыңдауға барымды салып, әрекет еттім. Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды. Қалай болғанда да еңбектің наны тәтті. Бүгінгі жетістігім еңбегімнің арқасы, балаларымның несібесі шығар, – деді әңгіме арасында тігінші.

Мөлдір жеті бала тәрбиелеп отырған жас ана. Кәсібінің аясын кеңейтуді мақсат еткен көпбалалы ана «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Бизнес бастау» жобасына қатысады. Тұрғындардың экономикалық белсенділігін арттыруды мақсат еткен жобада Мөлдір грант ұтып алды.

78148212 161898741856144 4941203605957902336 n

– Перде тігумен шектеліп қалмай, қыз жасауына қажетті заттарды тігіп-сатуды қолға алдым. Осы жаздың өзінде тұрмысқа шығатын үш қызға жасау тіктім. Сүндет той, ұзату, үйлену тойы, құдалық секілді тойымыз көп халықпыз. Жасыратыны жоқ соған қажетті заттар Қытайдан, Қырғызстаннан келіп жатады. Оны дайындау өзіміздің тігіншілердің де қолынан келеді.

Осы бағытта да біраз дүниелерді қолға алдым. Бұл үшін әлбетте өндірістік тігін машинасы қажет болды. «Бизнес бастау» жобасымен ұтып алған қайтарымсыз қаржы - 505 мың теңгеге тағы тігін машинасын сатып алдым. Қазір бір ғимараттан үлкен залды жалға алып, екі қызды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын, – деген жаңалығымен де бөлісті.

Тігінші Мөлдірдің қолынан шыққан бұйымдары көздің жаудың алады. Ісмердің пердесеніне тұрғындар ғана емес, мекемелердің өзі тапсырыс бере бастаған. Ол мұнымен тоқтап қалмай, сырт киім тігетін цех ашуды жоспарлайды. Маманның тағы бір жетістігі – оқу орталығын ашпақ. Құрақ құрау, көрпе-көрпеше секілді жабдықтарды тігудегі тәжірибесін өзгелермен бөліспек. Бұған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қолдау жасап отыр. Қыз-келіншектер курсқа жазылып та үлегіріпті.

Ұлы Абай, «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек… Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың төресі сол» деп өсиет еткеніндей, қолынан іс келетін, өнерлінің тасы өрге домалайтыны анық. Бұған Мөлдірдің еңбегі дәлел.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.