«Кітапхана адамзатты тәрбиелейді»

Среда, 25 Декабрь 2019 04:15 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6365 раз

Шымкенттегі А.Пушкин атындағы кітапхананың іргесінің қаланғанына биыл 120 жыл толып отыр. Ғасырдан астам тарихы бар руханият ордасы қаншама буынның қадірлі ордасына айналды. Кітапқұмар оқырманның киелі шаңырағы саналатын бұл мекен күні кешеге дейін Шымкенттегі Тәуке хан және Республика даңғылдарының қиылысында орналасқан еді.

 DSC2461

Студент кезіміздегі «азық» алатын ордамыз осы орын болатын. 150-ден астам адам сиятын оқу залында үнемі орын бос болмайтын. Табалдырығына енгеннен ерекше аурасы сезілетін, тіпті, кітаптың иісі аңқып тұратын сол шаңырақ 2015 жылы Қазыбек би көшесіндегі бұрынғы музейдің ғимаратына көшіп барды.

Тарихтан тамшы сыр

А.С.Пушкин атындағы кітапхана 1899 жылы орыс халқының ұлы ақынының 100 жылдық мерейтойына орай ашылған. Ол шақ Шымкент қаласының жаңа тарихи кезеңі басталған уақыт болатын. Қала тұрғындарының өздері қаржы жинап, қоғамдық кеңес үйінің ғимаратын салады. Ол жерде басында би кештері, әуесқой театр әртістерінің қойылымдары көрсетіліпті. Осы ғимарат ішінен 1899 жылы, А.С.Пушкиннің 100 жылдығы қарсаңында, ақын атындағы ең алғашқы кітапхана ашылды. Жыл сайын қала қазынасынан кітап қорын толықтыру үшін 300 рубль, басқа да қажеттіліктер үшін 100 рубль бөлініп тұрған екен.

Сонымен қатар қала тұрғындары өздері жазылған мерзімдік басылымдарды, басқа да оқу құралдарын жыл соңында кітапхана игілігіне беріп отырған. Ал 1910 жылдан бастап мерзімді басылымдар қоры құрылып, 30-ға жуық газет-журналды жаздырып алу мүмкіндігіне ие болды. Кітапхананың алтын қоры осылай қалыптасқан.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі архив деректеріне сүйенсек, кітапханада 59 мың кітап қоры болыпты. Екінші дүниежүзілік соғыстың зардаптары қалпына келтіріліп, жергілікті басшылар оқу-ағарту ісіне жеткілікті көңіл аударады. Осылайша бейбіт өмір орнаған соң кітапхананың қайта өрлеу кезеңі басталды. Кітап қорын толықтыру, әдеби көркем, ауыл шаруашылығы, техникалық және т.б. басқа шығармаларды белсенді насихаттау, кітапхананың материалдық жағдайын жақсарту жұмыстары белең алады.

1980-жылдары кітап қорын толықтырумен қатар бөлімдердің анықтамалық-іздеу аппаратын іске қосуға басты назар аударылған. Соның негізінде арнайы әдебиеттік пәндік каталогы кеңестік және шетелдік жүйелік каталогы, мемлекеттік стандарттау (ГОСТ) нөмірлеу картотекаларының жұмысы жолға қойылады.

1989 жылы кітапхана атауы А.С.Пушкин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы болып өзгереді. 2000 жылы кітапханада РАБИС электронды каталогы орнатылды. 2007 жылы Шымкент қаласы Оңтүстік өңірде ең алғашқы болып, «кітапхана Астанасы» деген атаққа ие болды.

Рухани жаңғыруға қосқан үлес

А.С.Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана 2018 жылдың қазан айынан бастап Түркістан облысының бас әдістемелік орталығы атанды.

– Қазіргі таңда Түркістан облысында 388 кітапхана бар. Оның ішінде 2 облыстық, 16 аудандық орталық, 16 балалар кітапханасы, 332 ауылдық, 22 қалалық кітапхана жұмыс істеп тұр, - дейді әмбебап ғылыми кітапхана директоры Шәрбану Дінәсілова. – Біздің кітапханашылар халыққа ақпараттық қызмет көрсетудің дәстүрлі әдісін заманауи жаңалықтармен тоғыстырып, оқырманға сапалы қызмет көрсетуде. Себебі, кітапханашы жай ғана маман емес, мәдени-әдеби жаңалықтардың жаршысы, ұлттың руханиятының мәйегін жинақтаушы да бола білуі тиіс. Өлкетану бағытындағы әдебиеттерді насихаттаудың озық үлгісін көрсетіп, жергілікті тарихи орындарды зерттеп, танымал тұлғаларды дәріптеп келеміз.

Пушкин кітапханасы

Кітапхана ұжымы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген «Туған жерге туыңды тік» бөлімін негізге ала отырып, өңірдің дара тұлғаларының шығармаларын насихаттау және өмір жолын жастарға үлгі ету мақсатында «Оңтүстіктің дара тұлғалары» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосты. Бағдарлама аясында «Мекемтас Мырзахметұлы әлемі», «Мархабат Байғұт әлемі», «Байтасовтың байтақ әлемі» бұрыштары ашылып, көрмелері ұйымдастырылды.

– Бұған қоса кітапханамызда «Ұлттық әдебиеттер орталығы» жобасы жүзеге асырылуда. Мұндағы мақсат – Түркістан өлкесінде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің әдебиеттерін насихаттау, ұлтаралық берік қарым-қатынас орнатуға үлес қосу, - дейді Шәрбану Әлмахамбетқызы. – Бұл жоба аясында ауқымды іс-шаралар өткізілді. Сонымен қатар бауырлас, көршілес елдердің ресми өкілдері, елшілері кітапханаға арнайы ат басын бұрып, өз тілдеріндегі әдебиеттерді сыйға тартады.

Осылайша бүгінгі таңда «Ұлттық әдебиеттер» бұрышында 20-дан астам ұлт пен ұлыстың 1600 кітабы жинақталып, оқырмандар пайдалануда. Этно-мәдени орталықтармен де қызу әріптестік байланыс орнатып отырмыз.

«120-19-120» жобасы

Кітапхана ұжымы 120 жылдық мерейтой негізінде «120-19-120» жобасын қолға алды. Мұндағы мақсат - оқу мәдениетінің қалыптасуына ықпал етіп отырған, оқырман мен қаламгердің арасындағы алтын көпір саналатын кітапхананың беделін көтеру, іс-тәжірибесін дәріптеу.

– Бұл жоба аясында облыстың барлық кітапханалары ғасырлар тоғысынан өтіп, бүгінгі таңда оқырманы мен қаламгеріне адалдықпен қызмет көрсетіп отырған кітапханамызды өз өңірлерінде жоғары деңгейде насихаттауда. Облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы әдеби іс-шаралар легін өз оқырмандарына таныстырып, эстафетаны аудандық кітапханаларға ұсынды, - дейді кітапхана директоры Шәрбану Әлмахамбетқызы. – Жыл соңында насихаттаудың озық үлгісін көрсете білген кітапханалар арнайы марапатқа ие болады.

Бүгінде тарихы ғасырдан асқан оқырман ордасы кітапханалардың беделін көтеру, заманауи бастамалардың жаршысы болуды мақсат тұтқан. Кітапханашы оқырманға тек кітап беріп отыратын, елеусіз мамандық иесі деген қасаң қағиданы жоққа шығарып, кітапханашылар қатарын жастармен толықтыру да басты назарда тұр. Ал ол үшін өткенге көз салмай, болашаққа қадам жасау мүмкін емес. Сондықтан, «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы ардагер кітапханашылардың еңбек жолы жастар арасында кеңінен насихатталуда.

«Кітап – адамды, кітапхана адамзатты тәрбиелейді» деген екен кемеңгер қаламгер Әбіш Кекілбаев. Сол тәрбие ошағының өңіріміздегі қарашаңырағы саналатын Пушкин атындағы кітапхана миллиондардың мекені саналады.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.