«Жастар жылы» жаңа леп сезілді ме? Избранное

Пятница, 27 Декабрь 2019 04:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3549 раз

2019 жыл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамасымен «Жастар жылы» деп жарияланғаны әмбеге аян. Ел Үкіметі оны жүзеге асырудың Жол картасын қабылдап, қазынадан 300 млрд теңге бөлген-ді. Елдің ертеңі саналатын жастар үшін бұл жылдың артықшылығы қандай болды? Біз өз тарапымыздан шымкенттік өрендердің есінде несімен есте қалғанын, не бергенін бағамдап көрдік.

DSC 2169

Жұмыс, баспана, отбасы – бұл жастардың ең басты қажеттіліктері. Олар бір-бірімен толығып тұрғанда жастардың еліміздің дамуына үлес қосатыны сөзсіз. Үкімет бекіткен Жол картасында жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, білім алу, жұмыспен қамту, бизнесті дамыту, жас отбасын қолдау сынды шаралар қарастырылған. Осы орайда, әр түрлі салада жетістікке жеткен жастардан аталған шаралардың қаншалықты жүзеге асқанын сұрап білген едік.

«Қалауым орындалып, тасым өрге домалады...»

Жастар жылында «Жас кәсіпкер» және «Жас маман» жобаларын қамтитын «Жастар ел тірегі» жобасы басталды. Аталған жобалар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы жастар жылын қорытындылау салтанатты рәсімінде 209 мыңнан астам жас мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылып, олардың 172 мыңы жұмысқа тұрғанын айтты. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 20 мың жас кәсіпкерлік негіздеріне оқытылған. Олардың ішінде 9,5 мыңы жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға грант алған екен.

Солардың бірі – биыл құрылған Жастар мәслихатының депутаты әрі салауатты өмір салты дамыту қоры XIII LEGION орталығы басшысының орынбасары Тимур Шайдуллин өз ойын ортаға салды. Оның айтуынша, биыл табысты жыл болған көрінеді. Жүзден жүйрік шығып, халық қалаулысы атанған ол мемлекеттік бағдарлама аясында білімін жетілдіріп, қайтарымсыз грант арқылы өз кәсібін бастаған.

Тимур Шайдуллин

– Жастар жылының қабылдануы біз үшін қуанышты жаңалық болды. Қаланың үштен бір бөлігін алатын жас тұрғындардың біршама мәселелері билікке жетіп, шешімін табады деп қуандық. Бірақ, бізге бұл жыл не береді деп қарап отырмадық. Өз мүмкіндіктерімізді толықтай пайдаланудың жолын қарастыруымыз керек деп есептеймін. Біз бірнеше жылдан бері қала жастарын спортқа баулып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырып келеміз.

– Жастар жылы аясында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бизнес бастау» жобасына қатысып, білімімді жетілдірдім әрі өзім қалаған кәсіпті бастауыма қаржылай қолдауға ие болдым. Биыл жаңадан құрылған қалалық Жастар мәслихатына басым дауысқа ие болып сайлауда жеңіске жеттім. Бұл біздің жауапкершілігімізді күшейте түсті. Дегенмен, қажетсіз жиындарды азайтып, ресурстарды арттыруға көңіл аударылса, жастардың білім алып, өз-өзін дамытуына жағдайлар қарастырылса құба-құп болар еді,– дейді ол.

Жалдамалы баспана – тиімді бастама

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, үш жылда еліміздің ірі қалаларында жұмысшы жастарға 9 мың пәтер беру шешімі қабылданды. Жыл соңына дейін Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы жастарына 1050 пәтер үлестірілсе, үшінші мегаполисте берілуі тиіс болған 904 пәтердің алғашқы легін алғандар бар.

Ы.Алтынсарин атындағы N65 мектеп-гимназияның мұғалімі, Стратегиялық зерттеулер және жастар саясаты институтының директоры Бидос Қалшабек жуырда қоныс тойын тойлаған жастың бірі. Ол еліміздің қастерлі мерекесі Тәуелсіздік күні қала әкімі Ерлан Айтахановтың қолынан баспана кілтін алды. Жас ұстаз бұл бастама өз үйін алуға ақша үнемдеуге беріліп отырған таптырмас мүмкіндік екенін айтады.

Бидос

– Жастар жылында елімізде жастарды қолдауға бағытталған елеулі шаралар іске асырылды. Соның ішінде маңыздысы жұмыс істеп жүрген жастарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі тиісті деңгейде өз шешімін тапты деп ойлаймын. Бұл жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың нәтижелі әрі өзекті жобасы. Осы игіліктің жемісін 1000-ға таяу мегаполис жастары көруде. Ал, еліміз бойынша 3000-ға жуық жастың жастар жылында баспаналы болуы қуантарлық жағдай.

Осындай тұрғынжайлар арқылы жастар мен жас отбасылар аяққа тұрып, әлеуметтік жағдайын тіктеп, тұрақты баспана ала алады. Баспаналар ашық, әділ, объективті бағаланып, белгіленген талаптарға сәйкес келетін жастарға үлестірілді. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевқа жұмыс істеп жүрген жастарға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді,– дейді жас ұстаз.

«JasА»-мен жасадық...

Жыл бойы елдің әр өңірінде әртүрлі жобалар жүзеге асырылып келеді. Тиісінше, шымкенттік жастар да осы шаралардан тыс қалған жоқ. Мейілінше белсенділік танытып, жоғарыда аталған түрлі жобалардың ауқымын арттыруға атсалысты. Қалалық жастар ресурстық орталығының қызметкері Жани Қамбар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен жастар қызметкерлері қауымдастығының қолдауымен іске асқан JasА жобасына қатысып, грант иегері атанған.

Жани Қамбар

– Аталған жоба аясында мен «Upgrade-Sairam» жобасын ұсындым. Жоба бойынша Сайрам шағын ауданында Ерімбетов көшесі бойына қоқыс жәшіктерін қою, сонымен қатар «қарандаштардан» жасалынған орындықтар және «точилкаға» ұқсас қоқыс жәшіктерін қою жоспарланған болатын. Грант бойынша жалпы 400 000 теңге қаржы қаралған. Жалпы ұсынылған 700-ге жуық жоба арасында үздік жүздікке еніп жеңімпаз атандым. Жобаны дұрыс жазу, жүзеге асыру барысында кездесетін мәселелерді тез шешу және т.б. сұрақтарға жауап іздеу бойынша 6 күндік оқу семинар-тренингінен өттім.

«Аталған жоба қайдан келді?» деген сұраққа жауап берер болсақ, Сайрам шағын ауданы өте тыныш және әдемі аумақ болып саналады. Бірақ, соңғы кездері тұрғындарда қоқыстарды кез келген жерге тастап кетуі жиілеген. Сондықтан экомәдениетті дамыту, қоршаған ортамызды таза ұстау мақсатында осы жоба ойға келген болатын.

Сонымен қатар, келесі жыл Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы болатынына орай «қарандаштардан» жасалынған скамейка» жасатып, қаланың ең көрікті жеріне орналастырылды. Қаланың дамуына кішкене де бір үлесіміз тисе қуанамыз. Қала тазалығы тазалық мекемелерін ғана емес, осы жердің тұрғылықты азаматы – біздерді көбірек алаңдатуы керек. Жыл жемісті болды. Жоспарлаған біршама жұмыстардың ойдағыдай жүзеге асқанына қуаныштымыз! - дейді жоба жетекшісі Ж.Сайдуллаұлы.

Түйін

Бір жылда атқарылған жұмыстар мен әлі де шешілуі тиіс мәселелерді тізбектей беруге болады. Жұмыс істеліп жатқан жерде сын да болуы заңды құбылыс. Алайда айтатын сәті түсіп тұрғанда айтпаса сөз жетім. «Жастар жылы шымкенттік жастардың есінде несімен есінде қалды?» деген сауалымызға көп жас жауап беру кезінде кідіріп қалғаны бар. Айтқаны, болса да – пәтер мен жас кәсіпкер жобасы.

Форумдар мен түрлі жиындар жыл сайын жоспарлы кестеге сәйкес өткізіліп келеді. Бірақ, ең үлкен мәселенің бірі – 250 мыңға жуық қала жастарының шоғырланатын һәм бос уақытын тиімді өткізуге арналған бір ғана орталықтың болуы осыншама жасқа аздық ететіндігі рас. Жаңа ғимарат салуға қыруар қаражат, біраз жыл кетері түсінікті жағдай.

Көп жылдан бері пайдаланылмай, қаланың сұрқын қашырып тұрған «Фосфоршылар» мәдениет үйін бір кәдеге жаратып «Жастар сарайы» етіп, пайдалануға берсе қане?! Түрлі үйірмелер жүргізіп, дарынды жастардың танылуына жол ашып, білімін шыңдауға үлкен септігін тигізер еді. Жастарды жырға қосқан Мағжанша айтқанда, «Мен жанбасам лапылдап, Сен жанбасаң лапылдап,Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ?!.»