Сен жанбасаң лапылдап, мен жанбасам лапылдап... Избранное

Понедельник, 06 Январь 2020 03:30 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3729 раз

Үшінші мегаполисте Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жалынды жастарға құрмет көрсетілді. Салтанатты жиынға қатысқан қала әкімі Ерлан Айтаханов түрлі салада өз еңбегімен оқ бойы озық келе жатқандарды марапаттады. Шаһар басшысы білімді де өнерлі жандарға жылы лебізін білдіріп, диплом мен қаржылай сыйлықтар табыстады.

 DSC2465

Биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылған байқау мәдениет, өнер, білім, ғылым, әлеуметтік, халыққа қызмет көрсету және т.б. түрлі салаларды қамтыған. Шымкент қаласы әкімінің «Үздік жастар - 2019» байқауының ережесіне сәйкес, 28 номинация бойынша 14-29 жас аралығындағы 126 үміткер бақ сынап, іріктелген болатын. Байқау комиссиясының ұсынысымен 34 жас өз салалары бойынша үздік деп танылған.

Номинация иегерлерін жеңістерімен құттықтаған қала басшысы жастар еліміздің болашағы екенін атап өтіп, ел мүддесі үшін еңбек ету әркімнің міндеті екенін айтты. Қала әкімі Ерлан Қуанышұлы жиын барысында «Үздік қоғамдық ұйым» номинациясына лайықты деп танылған «ХІІ Legion» салауатты өмір салтын қалыптастыру қоғамдық қорының мүшелеріне ерекше алғысын білдірді. Айта кетейік, «ХІІ Legion» салауатты өмір салтын қалыптастыру қоғамдық қоры - Қазақстан Республикасының Воркаут спорт түрі бойынша чемпион және Қазақстан рекордтар кітабына енген ұйым.

– Сіздер – шымкенттік жастарды салауатты өмір салтын ұстануға үгіттеп жүрген үздік ұйым ғана емес, сонымен қатар оларға үлгі болып жүрген азаматсыздар. Қазіргі уақытта ең көкейкесті мәселелердің бірі - жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру. Ал адамның өз денсаулығына көзқарасын өзгертуі, ең алдымен, тәрбиелік мәселе саналады. Осы тұрғыда сіздердің еңбектеріңіз орасан екенін атап өткім келеді, – деді Е.Айтаханов.

Жиын үздіктерді марапаттаумен қатар, Жастар жылын қорытындылауға арналды. Аталған жыл аясында атқарылған жұмыстар баяндалды.
«Жастар жылы» аясында қалада 3 мыңнан астам жас кәсіпкерлік курстарынан өтіп, олардың 1000-ға жуық жобасына гранттар берілді. 6 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды. Жұмыс істейтін жастарды қолдау мақсатында жүзеге асырылған жоба арқылы шаһарда 904 жас жалдамалы баспанамен қамтамасыз етілуде.

Бұдан бөлек, қалада студент жастарға арналған 3 жатақхана пайдалануға берілді. Ал дарынды жастарды шыңдау мақсатында республикалық жас ақындар айтысы мен «Көңілді тапқырлар алаңы» ұйымдастырылды. Жас ақындардың «Жаңа ғасыр әуендері» жыр жинағы жарық көрді. «Шабыт» жобасы аясында үздік жас әншілер мен би топтарына 10 бейнебаян түсіріліпті. Ерікті түрде еңбектеніп жүрген 1635 студентке әлеуметтік несие берілуде.