Өзбекәлі аға өнегесі – өмірімнің көсегесі Избранное

Понедельник, 06 Январь 2020 03:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2490 раз

1989 жылдың күз айы болатын. Келес ауданының орталығы – Абай ауылындағы Қазақ КСР-нің 50 жылдығы атындағы №24 орта мектепте жас мұғалім болып істейтінмін. Қазан айында мектебімізде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің қатысуымен партия жиналысы өтетіні жайлы хабар тараған.

36

Ол кісінің Отырардың отты оғланы, мемлекет қайраткері, этнограф, тарих ғылымының кандидаты екенін білетінбіз. Бұл кезде Өз-аға «Сарыағаш» шипажайында демалып жатқан болатын. Жиналысқа аудан басшылары қатысты. Басқосу барысында білім саласына байланысты біраз мәселелер сөз етілді. Әсіресе, ұлттық тәрбиеге байланысты пікірлер көп айтылды. Аудандағы жетістіктер жөнінде баяндамалар оқылды.

Өзбекәлі Жәнібеков сөз алып, білім саласындағы кемшіліктерге тоқталып өтті. Сөз арасында қазақ халқының салт-дәстүрін жас ұрпақтың бойына дарыту керектігі жайына айрықша тоқталды. Ол кісінің
мәдениет пен өнерге деген шынайы көзқарасын, қамқорлығы мен жанашырлығы, ұлтқа деген сүйіспеншілігі өте жоғары-тұғын. Сондай жоғары лауазымды қызметіне қарамастан өте қарапайым ерекше тұлға еді. Осы кісінің сөйлеген әрбір сөзінен біздің бәріміз рухани нәр алып, ерекше сезімде болдық.

Сөз арасында бейнелеу өнерін дамыту керек дегені әлі есімде. Өзінің қызмет бабымен Эстония, Жапония елдеріне барғанда бейнелеу өнеріне айрықша көңіл бөлетінін көріп қайтқанын тілге тиек етті. Сол елдердегі бастауыш сынып оқушылары 100-ден аса бояудың түр-түсін ажырата білетіндерін айтып өтті. Осындай озат тәжірибелерге сүйене отырып, бейнелеу өнерін дамытуды ерте бастан бастау керек деген сөздері әлі құлағымда жаңғырып тұр.

Енді бір кезде «Мектептеріңіздің қандай шешілмеген мәселелері бар?» – деп сұрады. Сол кезде білім ордасы бастауыш партия ұйымының хатшысы Н.О.Шервашидзе сөз алып: «Бізде жұмысқа ұзақтан қатынайтын жас мұғалімдер бар. Соларды баспанамен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Осы мәселеге жәрдем берсеңіз екен», – деген өтініш білдірді. Мені орнымнан тұрғызып, өзінің жанында отырған Абай ауылдық кеңесінің төрағасы Әділбек Смайыловқа бір апта ішінде баспана бөлу мәселесін шешуді тапсырды.

37

Әрі бұған өзінің тікелей қадағалау жасайтынын жеткізді. Он күннің ішінде мектеп жанынан бір бөлмелі пәтер мен үй салуға жер телімін берді. Сол қамқорлықтың арқасында жас ұрпаққа алаңсыз білім беруге қол жеткіздім. Кейін еліміз тәуелсіздігін алып, қиыншылық кезінде күнкөрістің қамымен кейбір мұғалімдер мектепті тастап кеткенде де жұмысымды жалғастырумен болдым.

«Жақсының жақсылығын айт» дегендей, арада қаншама жыл өтсе де өзіме жақсылық жасаған жомарт жүректі жанға өзімнің шынайы алғысымды білдіруді жөн санадым. Бүгінде бұл білім ордасына Өзбекәлі Жәнібеков есімі берілген. Бұл мектептен халық шаруашылығының сан түрлі саласында қызмет ететін талай талантты түлектер шықты.

Шәуілдірге барған сайын қасиетті Арыстан баб кесенесіне тәу етумен қатар Өзбекәлі Жәнібековтің кесенесіне де басымды иіп, Құран бағыштаймын. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішіндегі арнайы жабдықталған бөлмеде болып, оның тұтынған бұйымдары мен заттарын айрықша бір сезіммен көріп шығамын.

Қазіргі кезде Шымкенттегі №130 жалпы орта мектебінде көркем еңбек пәнінен сабақ беремін. Бұл білім ордасының салтанатты түрде ашылуына байланысты мектеп директоры Нұрлан Мырзатаевтың ұйымдастыруымен оқушыларға рухани тәрбие беру мақсатында қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін дәріптеуде киіз үй тігіп, қазақтың киелі қолөнерін дәріптейтін бұрыш жабдықтағанбыз. Сөйтіп, онда ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқтарды, қолымыздан шыққан дәстүрлі еңбектерді қойдық.

Өзбекәлі Жәнібековтің өнегесін көріп есейгендіктен, бар білім мен білігімді жас ұрпақтың бойына сіңіруге талпыныс жасап келемін. Мектеп қабырғасында қазақ халқының тұңғыш кәсіби суретшісі Әбілхан Қастеевтің 115 жылдығына орай оқушылар арасында сурет көрмесін өткіздік. Қазіргі кезде көркем еңбек шеберханалары өте кең және барлық қажетті құрал-саймандарымен қамтылған. Заманауи талаптарға сай келетін білдектердің (станоктардың) түрлері де жеткілікті.

Осылайша қазақтың қолөнерін сүйетін, оны өмірде қолданысқа енгізе алатын еңбексүйгіш, талантты шәкірттер тәрбиелеуге бар күш-қуатды жұмсай беретін боламын.

Алданазар
МАХАНБЕТОВ,
№130 жалпы орта
мектебі көркем еңбек
пәнінің мұғалімі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.