Қазақ әдебиеті ауыр қазаға ұшырады

Понедельник, 06 Январь 2020 04:04 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 127 раз

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты, қазақтың біртуар ұлы, белгілі жазушы-драматург Еркінбек Тұрысов 93 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Қаламы қарымды қаламгер 1927 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген. Есімі елге танылған азамат саналы ғұмырында өңірдегі қарашаңырақ басылым «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жұмыс істеген, «Алғабас» газетінде редактор болған. 1991 жылдан өзі негізінен қалаған «Бәйдібек – Сыланды» қоғамдық қайрымдылық қорының президенті еді.

600-ге жуық тарихи, көркем публицистикалық шығармалары оқырманның көңілінен шыққан жазушы ұлттық рухани мәдениетіміз бен әдебиетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Белгілі қаламгердің «Келіншектау», «Ақбақай», «Қыран тауы», «Құралай жолы», «Түндер сазы», «Тұлпардың ізі», «Нұржаудың нұрлы түндері» атты кітаптары, «Темірлан», «Бәйдібек» атты тарихи романдары жарық көрген.

«Көксеңгір», «Қызыл қаршыға», «Тау тәңірісі», «Ақырғы айқас», «Қайран Сәкен», «Кемеңгердің керуені», «Исаның домбырасы», «Таңғы елес», «Досовтың соңғы күндері», «Темірқазық», «Бұлантыдағы ұлы күн», «Талдының тұнық сулары», «Қош көгілдір Керулен», «Сырлы Алтай», «Алаш туы астында», «Замана перзенттері», «Мәңгілік сарын» деп аталатын дүниелері ұлттық әдебиетіміздің ұлағатты туындылары саналады.

Өмірінің соңына дейін қолынан қаламы түспей өткен қаламгер ұлтымыздың рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосып, сөз өнерінің құдіреті арқылы ұрпақты ел мен жерді сүюге, адалдық пен азаматтық рухты бойларына сіңіруге тәрбиеледі.

Еркінбек Тұрысов Оңтүстік Қазақстан облысының, Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы. «Шаянның Шолоховы» атанған кемел ойлы жазушының отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Қалам мен қағазға адалдымен өмірі өнеге болып өткен жазушының бейнесі есімізде мәңгі сақталады.

Ерлан Айтаханов,
Шымкент қаласының әкімі

Ғани Ташқараев,
Шымкент қаласы
мәслихатының хатшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.