Версия для печати

Артында асыл сөздері қалды

Понедельник, 06 Январь 2020 04:08 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2462 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Жас ұлғайған кезде жаманат хабар жиірек келеді екен. Бүгінгі таңда оңтүстік елінің абыз ағасы Еркінбек Тұрысовтың уақыты болыпты деп хабарлады әлеуметтік желі.

Еркінбек Тұрысов

Ағаның жасы 93-ке қараған еді. Облыс құрылғаннан 5 жыл бұрын дүниеге келген. Шымкенттің шежірешісі. Өмірдің үш жиырма бесін шығармашылыққа арнапты. Қала соғысқа ғана қызмет етіп жатқандай болған сапырылыс жылдары жасы 18-ге толмаған бозбала, өмір жолын газет журналисі болып бастап, 500-ден астам әдеби шығармалар, оның ішінде 25 роман-хикаяттар беріпті. Олардың ішінде тарихи «Темірлан», «Бәйдібек» романдары бар. Ұлы тұлғаларды ұлықтады. «Темірлан» тарихи шығарма ретінде биік бағасын алды – өңірдің «Жыл кітабы» атағын алды.

Өте қарапайым, жаны тазалыққа жақын, ақиқатшыл адам еді. Тілі де, қаламы да солай еді.

Соңғы көргеніме бір ай да толған жоқ. «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында, өз кабинетіне кіріп бара жатқан кезі. Қашан да ой үстінде, басқа бөлмелерден бір керегін алып, кабинетіне оралып келе жатыр екен.

Тоқсанға келсе де әлі тіп-тік. Еңсесін түсіргенін бір рет те көрмеппін. Қазан айында осы кітапханада өткен жиында мен туралы төгілдіріп бір сөйлеген. Әбіш ағам елестеген еді көзіме.
Енді жоғым екеу болды.

Жасына орай тежеліңкіреп қалмады ма екен десем, әлі сол өмірдің кез келген сәтін қалтарыссыз көрсетуге ерінбейтіндей күйінде екен. Соңғы бір жыл ішінде кітапханада 5-6 рет көріппін. Бұрыннан да кез келген ұнатқан нәрсесін шығармаға айналдыруға қаламы бейімделіп тұруы еді, сол мінезінде екен әлі...

Ағаның өн-бойы қайрат-жігерге толыдай көрінетін. Жасыратыны жоқ, ересек тартқанда: «Мейлі, үлгермедім, кейін бір қайта оралармын», - деп жататындар көп кездесетін. Бұл кісіде ол жоқ. Үлгерсем, айтып қойсам дейтін пиғыл.

Күнделіктерімнің бірінде Ерағамның бір жазбасы бар еді. Іздеп тауып алдым. «Отызыншы жылдардың соңында ағамнан қалған Сәбит Мұқановтың «Адасқандарын» құдыреттей көріп, кейін ұлы кемеңгер Мұхтар-аға өмірде сарқылмайтын «Абай жолына» кенелтіп кеткеннен кейін, «дәмдіден-дәмді» іздейтін дамылсыз, құштар көңіл көп жылдар құлазып жүргенде, өзім де жазайын да деп «Темірланға» кірістім.

Бұл романда әлемге әйгілі Әмір Темірдің аяқталмаған ақырғы жорығы, бүгінгі Орта Азия мен Иран, Оңтүстік Қазақстан жерінде, бұдан алты ғасыр бұрын өткен оқиғалар жайында тарихи дерек, автор жиһангер падишахтың тұлғасын және қоршаған ортаның барша тіршілік-тынысын кең суреттегім келіп жүр», – деген екен.

Сол ниетіне жетті. Тарихта бір елдің пір тұтатын қолбасшысы басқа бір елдің қанқұйды жаулаушысы болып көрінетін кезі жиі кездеседі. Темір сұлтан да солардың бірі. Айтушылар, әсіресе тарихшылар, ол туралы кереғар пікірде. Сондай тұлғаны суреттегенде тазалық, адалдық керек. Еркінбек Тұрысов өзіне сондай талап қойып, үдесінен шықты. Ол – күндесі жоқ жазушы еді. Дара еді.

Басқалардан бір бас жоғары тұрушы еді.

Жарты ай ғана бұрын парасатты ағамыз «Парасат» орденімен наградталып еді. Қуана қол соққанбыз.
Өкінішке орай, бүгін арамызда жоқтығын мойындауға тура келіп тұр.

Ізсіз емес. Артында таспаға басылған еңбектері, асыл сөздері қалды.

Мырзакелді Кемел,
қоғам қайраткері
Нұр-Сұлтан қаласы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.