Шымкенттің ХІХ ғасырдағы гербінде «Дермене» шөбі бейнеленген

Пятница, 10 Январь 2020 03:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3647 раз

ХІХ ғасырдағы Шымкент қаласының дербес гербі 1909 жылдың 21 сәуірінде бекітілгені белгілі. Қалалар гербтерінің қалқаны ол кезеңде әдетте негізгі және еркін бөліктерден құралатын болған. Негізгі бөлікте дербес ерекшелік, ал еркін бөлікте жалпы ұқсастық өрнектелген.

Герб шымкента 1909

Шымкент қаласының Ресей отарлығы кезіндегі гербінің негізгі бөлігінде күміс жіппен жусанның ерекше түрі – дермененің суреті жасыл алқаптың фонында салынған екен. Жасыл алқап, бұл әрине, қаланың өзіне атын берген шым екендігі даусыз, ал, ботаникалық аталымы - Artemisia contra cina делінген. Дермененің салынуы – уезд орталығы ретіндегі Шымкенттің құрамындағы жер аумақтарында аталған өсімдіктің көптеп өсуі және оның үлкен табыс көзіне айналуы болатын.

Оған дейін дерменеден алынатын дәрі – хинин тек Америкада ғана өндірілген. Осы орайда Ресейдің Орталық Азияны отарлауы арқылы Американың екі саладағы табиғи монополиясын күйреткенін айта кету дұрыс болар. Олардың біріншісі мақта өсіру болса, екіншісі – дермене жиыны. Шымкент уезінде дермене жинау көлемі тіпті бұл өсімдікке деген бүкіләлемдік сұраныстан әлдеқайда асып кетіп отырған. Мысалы, бұл туралы сол кезеңдегі ауылшаруашылық маманы К.Шахназаров дерменеден жасалатын алғашқы өнім – сантонинге деген сұраныстың көлемін жылына 1500 пуд деп көрсетсе, өлкені ревизиядан өткізген сенатор Пален 800 пуд деген көлемді көрсетеді. Ал, Шымкент уезінде дермене жыл сайын 4360000 пуд көлемінде жиналып, одан 80000 пуд сантонин шығарылып отырылған.

Қазіргі заманғы өлшем шамасына аударсақ, бұл жылына шамамен жетпіс мыңға тарта тонна (70 миллион килограмм) шикізат екен. Ал, сантонин деп аталатын жартылай шикізат 1280 тонна (яғни, 1 миллион 280 мың килограмм) көлеміне жетіп отырған. Орыс шенеуніктері мен мамандары көрсеткен сандар өзара алшақ жатса да, орталығы Шымкент қаласы болып табылатын уездің географиялық жағдайы мен ерекшелігі осы кәсіптің түріне табиғи монополия орнатуға толық мүмкіндік бере алғаны айдан анық.

Сантонинді әлемдік нарыққа шығарып отыратын «дрогистер» деп аталатын санкт-петербургтік кәсіпкерлер оның шикізатын тек Шымкент нарығынан ғана алдырып отырған. Нәтижесінде, әлемдік тауар айналысы өрісіне дермене шөбі арқылы да ілініп, монополиялық сауданы қамтамасыз еткен Шымкент қаласындағы нарықтық қатынастар басқа уездік қалаларға қарағанда әлдеқайда жоғары деңгейде қалыптасқан. Сөйтіп, ХІХ ғасырдың соңында орыс отаршылдығын бастан кешіп, «артық» жерлерінен айрылған соң амалсыз отырықшыланған, дәстүрлі көшпелі мал шаруашылығының бірқатарынан айрылған жергілікті халықтың талқажау ететін күнкөрісінің бір түріне айнала бастады.

Өйткені, қалада дермене өңдеу зауытын салған орыс көпесі Савинков өнімін бүкіл әлем пайдаланып жатқан сонша дерменені тек қана орыс шаруаларымен бірге жалғыз жинауы мүлдем мүмкін емес болатын. Бұл үшін Савинков «Жергілікті тұрғындармен дерменені тасу контрактысы» деген құжатты жасап, сол кездегі қолданыстағы заңмен бекіткен.

Көпес Савинков жергілікті тұрғын-қазақтарды осы құжат негізінде жалдап, жоғарыда көрсетілген айналысқа қол жеткізе алған. Мысалы, 1907 жылы 1 пуд дермене үшін 70 копейка төлеуге келісіп, 4406 қанарды толтырған дермене терімшілеріне ұзын саны 17601 рубль 50 копейка төлеген. Оны өлшеп-жеткізу үшін Савинков 5 таразыны, 29 кір тасын, 11 дана брезентті және тасымалдау үшін бір түйені 40 рубльге сатып алған, сөйтіп өзі жалпы құны 440 түйеден асатын шикізатты иемденген.

Сарықұл болысы, Байырқұм болысы, Бөген болысы мен Арыс жақтан жиналатын барлық жиын-терімді Савинковтың Тимур Постылин, Жармамбет Тұрманбетов деген мәлімет жинаушылары және басты «объездчик» Қарсыбеков, қатардағы «объездчиктер» - Мырзалы, Бөлехан Жаршиев, арбакештер Ағабек Юнусов, Жалманбет Наурызов, Бизелин, Мырзалы Қарсыбаевтардың атқарған қызметі арқылы ұйымдастырып отырған.

Ал, дермене жинап, Савинковтан жалақы алған тұлғалар мына кісілер екенін бізге деректер айғақтап берді: 1000 рубльден қаражатқа ие болғандар: Сарықұл болысының №1 ауылының тұрғыны Пірман Самбенов, Алдамұрат Саптаев (№2 ауыл), Чақырбай Кучуков (№3 ауыл), Рүстембек Өтегенов (№4 ауыл), Ақымбек Раимбердиев (№6 ауыл), Исимбетов (№7 ауыл), Юнус Исбаев (№8 ауыл), Ақыт Айтөреев (№9 ауыл) болса, Байырқұм болысының №8 ауылының тұрғыны Райымбек Тілеков 600 рубль алып, ауыл тұрғындарына таратып берген. Байырқұм болысының тұрғыны Салмырза Өтегенов 1000 рубль алып одан №2-ші ауылдың тұрғыны Усманхон Әбілфайызға – 200 рубль, №3-ші ауылдың старшинасына 100 рубль, №3-ші ауылдың тұрғыны Қожабек Медеубаевқа 100 рубль, №7-ші ауылдың тұрғыны Сырман Айшуақовқа 100 рубль, №6 ауылдың тұрғыны Т.Сасықовқа 100 рубль таратып берген.

Шымкент древний

Дермененің тікелей жинаушыларын әрқайсысы орта есеппен алғанда 30 шақты адамнан құралатын ауылдың биі ұйымдастырып отырған. Жоғарыда келтірілген ауылдардың санына осы 30 санын көбейтетін болсақ – орта есеппен алғанда он үш мыңнан аса адам оңтүстік өңірде дермене жинаумен айналысқан екен. Дермене жинау отырықшыланған қазақтар үшін қосымша табыс көзі болғандығын орыс шенеуніктері құрастырған «Материалы киргизского землепользования» деген талдау-есептік жинағынан да көруімізге болады.

Оның «Промыслы», яғни «Кәсіптер» деген тарауында жергілікті тұрғындардың шаруашылығы мен айналысатын кәсіптеріне сипаттама берген кезде бас-аяғы 12 кәсіптің түрі анықталған да, солардың 9-шысы «Добыча цитварного семени» деп аталған. Олардың біріншісі – ауылшаруашылық жұмыстарға жалданып еңбек ету; екіншісі – кірекештер; үшіншісі – қолөнершілер; төртіншісі – шағын кәсіпшілер; бесіншісі – мал бағу; алтыншысы – батырақтар; жетіншісі – сауда; сегізіншісі – сауда-өндірістік кәсіп; тоғызыншысы – дермене ұрығын жинау; оныншысы – еркін кәсіптер; он біріншісі – қызмет көрсету; он екіншісі – әртүрлі промыселдер деп көрсетілген.

Соңғы орындардың бірін ғана иемденген «Дермене жинау кәсібі» шын мәнінде елдің отырықшылануы үдерісінің қиыншылықтарын экономикалық тұрғыдан жеңілдетуге жағдай жасап, халықтың күнкөрісіне біршама жәрдемін тигізгені анық. Өйткені «Дермене жинау» кәсібі қазақтың классикалық шаруашылығы үшін тән емес кәсіп түрі болса да, оның «Разные промыслы» деген қатарға енгізілмеуі, сонан соң «Дермене жинаудан» кейін де 3 түрлі кәсіптің тіркелгені осыған дәлел болып тұрғандай. Бұл жағдайға цифрлар да өз дәйегін бере алады. Мысалы, бүған Бөржардың 2,8 пайыз тұрғыны, ал Арыс пен Монтайтас тұрғындарының 5,8 пайызы осы «Дермене жинау» кәсібімен айналысқандығы, орташа отбасының 100 пуд дермене жинай алатындығы дәлел болып отыр.

Осы жерде мынадай жағдайды айта кетпесе болмайды: нақты дермене жинаушылардың қолына әрбір пуд дермене үшін тек 18-20 копейка ғана төленген, ал Савинковтың берген 70 копейкасының қалғаны – яғни, 50-52 копейка ортадағы делдалдардың қолына жинақталып отырылған. Сонымен, нақты дермене жинаушылар 1 жылда дермене жинаудан тек 15-20 рубль табыс тауып отырған.
Ал, қолында Савинков бағасының үштен екі бөлігі жиналып отырылған байланыстырушы адамдар дермене жиынына салық төлеуден де босатылған.

Нақ осылар жергілікті тұрғындардың арасынан жаңа, отаршылдық билік арқасында кедейшіліктен құтылып, «жаңа байлар» табын жасаушылардың бірі болғандығы да анық, Оны нақтылау үшін кезекті тағы да цифрларға берсек болады. Мысалы, 1000 рубльді Савинковтан алған Сарықұл болысының №1 ауылының тұрғыны Пірман Самбенов өз ауылының 30 адамынан 1500 пуд дермене жинап алды.

Орта есеппен әрбір жинаушы Самбенов Пірманға 50 пуд дермене өткізді. Олардың әрқайсысына Самбенов Пірман 50 пуд Х 20 копейка = 10 рубльден таратып бергенде, ауыл адамдарына небәрі 300 рубль ғана беріп отырған. Әрине, ауыл адамдарының қарымы да, ынтасы да, дермене жинауға деген ептілігі де әртүрлі болуы мүмкін, соған байланысты әр отбасының табысы да әртүрлі болуы әбден заңды. Дегенмен, ол табыс – 1 пуд дерменеге 20 копейка мөлшерінен ешқашан жоғарыламақ емес еді.

Ал, Самбенов Пірман және осы сияқты ауыл ұйымдастырушыларының қолында 50 копейкадан құралған, яғни орта есеппен 700 рубль ақша әр жылы қалып отырған. Бізге жинақталған деректен белгілі болғанындай, 1 түйенің бағасы 40 рубль болса, Самбенов Пірман әр жылы 17 түйе, 1 бота көлеміндегі немесе соған тең келетін басқа да мал басына ие болғандығын қарапайым есеппен анықтауға болады. Нақ осындай жағдай барлық ауылдарда да қайталанып отырылған – мұны тарихи деректер дәлелдеп отыр.

«Материалы...» дерегі сонымен бірге, дермене жинау барысына сипаттама да берген. Дермененің бас жағын қазақтар орақпен орып, оны көлеңкеде кептіреді, шөптен дәнін айырады (молотили), онан соң ұшырады және көзі майда елгезерден елеп, тазаланған дермененің ұрығын делдалдарға (скупщик) сатуға апарады. Ал, делдалдар (скупщик) шаруа адамдарға 18-20 копейкадан артық ақша бермегені бізге жоғарыдан белгілі.

Жиналған дермене дәні арнайы жәрмеңкелерге шығарылып отырылған. Осы жерден оны көтере сатып алған саудагерлер Шымкент уезінің дерменесін Американың қалаларына, Бакуге, Хисабқа, Красноярскіге, Вильноға, Миланға және Германияға бірнеше вагонға дейін жететін көлемде жөнелтіп отырған. Әр вагонға 300 пудқа дейін сантонин шикізаты – дермене дәні тиелетін болған. Ал егер, жоғарыда келтірілген мәліметке сай жыл сайын 4360000 пуд дермене дәні жиналып отырылғандығын еске алсақ, онда әр жыл сайын дермене артылған 14-15 жүк вагоны жөнелтіліп отырылған.

Дермене сатып алумен өлкеде жүрген барлық саудагерлер айналысатын болған. Өйткені жөнелтіліп отырылған қалалардағы дермене дәнінің саудасы 1 пудқа 1 рубльден кем болмаған және үнемі үлкен сұранысқа ие болып отырған. Дермене жәрмеңкелері барлық теміржол станцияларында, болыстық орталықтарында ұйымдастырылып отырылған. Жәрмеңкелердегі дермененің бағасы жиналған шикізаттың сапасына қарай 50-85 копейка аралығында болған. Осы сауда нарығына Савинков келіп кірісіп, өзінің тыңшыларын жәрмеңкелерге жіберіп, осы бағаларды жинақтаған.

Біз мақалада келтіріп отырған көрсеткіштердің барлығы Савинковтың ақпарат-дерек жинаушыларынан жазылып алынған. Мысалы, дерек жазылған жылы Жарманбет Тұрманов деген кісі бес рет ақпарат берген, Бөлехан Жаршиев – бір, объезчик Мырзалы Қарсыбаев – үш, арбакеш Атабек Юнусов – бір, Жалмамбет Наурызов – бір, ақпаратшы Постылин – 3 ақпарат жеткізген. Ондағы мәліметтердің барлығы дерлік бірін-бірі қайталап, барлық жәрмеңкелердегі жағдайдың бірдей шамада екендігін көрсетіп отырған.

Савинковтың бұл ақпаратшы-тыңшыларды халық арасына жіберіп, мәліметтер жинауының өзіндік себебі бар болатын. Өйткені дермене шикізатының өндірісі табиғи үнді шайы сияқты табиғи монополиялық өнім болатын. Алайда, оны жинаумен өлкедегі кез-келген саудагер айналысып жатқан соң, оның табысы әркімнің қолында кете берген. Савинков болса – дермененің жиын-терімін бір қолға жинақтап, бір жағынан, орыс отарлаған елден бөгде елдер саудагерлерін ығыстырып шығару, ал екінші жағынан барлық табысты шынайы сипатта монополияландыру – яғни, тек өзінің ғана қолына жинақтау мүддесін көздеді.

Ресей отаршыларының Шымкент уезіндегі дерменеге қызығушылығы тек Савинковтан ғана басталмаған болатын. Дермене шөбінің осы уезде өсіп тұрғанын орыстар үшін алғаш рет ашқан сотник Крымов болатын Ол 1866 жылдың тамыз айында Түркістан қаласынан Шымкентке қарай жол жүріп бара жатқанда дермене шөбі өсіп тұрған кең алқаптарды тауып алған. Сұрастыра келе, дермене саудасының да кең айналысқа шыққандығына көз жеткізеді.

Дегенмен, дермене саудасынан түскен табыстың барлығы орыс көпестерінің емес, осыған дейін өз кәсіптерін жасап жүрген татар алып-сатарларының қолында екендігі, жыл сайын Новгород жәрмеңкесіне қымбат бағамен шығарылып отыратындығы, оның өзінде шөп мол шыққан жылдарда татар саудагерлердің Ресейге 500 түйеге дейін жүк артып, дерменені саудаға аттандырып отыратындығы туралы да мәлімет жинастырып алады.

Дермене алқаптары қазақтардың Бестаңбалы атты руының жері болып шығады. Оның биі көпес Иван Первушинмен жылына 300 рубль төлеп отыратын арендалық келісімге де отырып қойғандығы мәлім болады. Орыс әкімшілігі жергілікті тұрғындардың жерге байланысты ешқандай әрекет жасай алмайтындығы туралы жалған уәж айтып, бұл келісім-шартты жойып жібермек болып әрекет жасағандығы туралы да осы деректерде айтылады.

Дегенмен, патша өкіметі билігінің қолдауына толық сүйенген көпжылдық әрекет өз жемісін бермей қоймайды. Негізгі капиталы жүз мың рубльді құраған «Сантонин» атты толық серіктестік негізінде құрылған сантонин өндіруші завод 1909 жылдың 29 желтоқсанында ресми түрде өз жұмысын бастаған. Америкалық монополистер дермене нарығынан осылайша толық ығыстырылды. Сантонин зауытының халықаралық саудасы туралы талдауды кезекті мақалада жалғастырмақпыз.

Ал осы күндерде «Сантонин» зауытына 110 жыл толып отырғандығын еске түсіруге болады. Сантонин зауыты еліміздегі фармокология саласының дамуына негіз болған кәсіпорындардың бірі. Яғни – Шымкент мегаполисі республикадағы фармакология отаны деп тұжырым жасай аламыз.

Г.ЖАНЫСБЕКОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ оқытушысы,
тарих ғылымдарының 
кандидаты,
доцент, 
Қоғамдық сананы жаңғырту
жобалық кеңсесінің басшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.