Еasybus.kz:автобус билеттері онлайн рәсімделеді Избранное

Среда, 15 Январь 2020 03:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2982 раз

Қазір заман дамыған сайын түрлі жаңа технологиялар өмірімізге енуде. Әрине, оның бәрі қажеттіліктен туындайтыны түсінікті. Сол дамыған технологияның пайдасы да көл-көсір. Әсіресе, кәсіпкерлерге бизнесін жүргізуге үлкен сеп. Оны жіті түсінгендер уақыт жоғалтпай, өз қызметтерін іске қосуда. Біздің кейіпкеріміз де мемлекеттік қолдаудың аясында ептеп кәсібін дөңгелетіп келеді.

80253718 1103672826506149 2227456093670342656 o

Шымкент қаласының тұрғыны Бекмұрат Оңалбай үшін өткен жыл табысты болды. Алдымен, Жұмыспен қамту орталығының жолдауымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау бизнес» жобасы бойынша 21 күндік оқуын оқыса, кейін өзінің бизнес жобасын сәтті қорғап, 505 мың теңге мемлекеттік грантты жеңіп алды.

Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, екі қолға бір күрек ұстаған жас замандастарымен бірігіп, онлайн билет сатуды жүзеге асыратын easybus.kz интернет платформасын іске қосты. Яғни, онлайн платформа қалааралық бағыттарға жүретін автобустардың электронды билеттері мен автовокзалдардың жұмысын автоматтандыруға бағытталған.

– Жол азабын жүрген білер дейді. Өзіміз көріп, нарықты зерттеп жүргенде белгілі болғаны – кейде жолаушылар баратын жерге уақтылы жете алмай жатады. Ұшақ пен теміржолға билетті алдын ала табуға болады. Ал қалааралық бағытта жолаушы тасымалдайтын автобустардың жайы бөлек. Біз командамызбен осы мәселені шешу арқылы өз жобамызды бастадық.

Міне, жарты жылға жуық уақытта нәтижесін көріп жатырмыз. Алғашқыда 5-6 автобуспен келісіп бастаймыз деп ойладық, автобекеттерге барып басшыларымен сөйлесе келе автобустардың саны 200-ге жетті. Соның өзінде үш айда 250-ге жуық билет сатылды, – дейді easybus.kz интернет платформасының жетекшісі.

Бүгінде жас кәсіпкер өзінің командасымен Шымкенттен шығатын 15 бағыт бойынша тиісті бағдарламалық жұмысты және төлем жүйесін ретке келтіруде. Атап айтқанда, қаладағы 5 автобекет және Түркістан облысындағы автовокзалдармен келісімге отырған. Бекмұрат Айбасұлының айтуынша, онлайн билет сатып алу жүйелері тегін орнатылып, оның жұмысы автовокзал мамандарына ақысыз үйретілуде.

 DSC3469

– Бізде автобекеттердің ортақ автоматтандырылған базасы жоқ. Яғни, жолаушылар өзіне керек мәліметтер мен билеттерді оңай алудың жолы қарастырылмаған. Ал біз осы ретте бір оқпен екі қоян олжаладық десек те болады. Оның бірі – жол жүру билетін онлайн рәсімдеу болса, екіншісі – автовокзалдарды онлайн басқару жүйесін енгізудеміз, – дейді жас кәсіпкер.
Табыс тауып, атақты болуды емес, алдымен мемлекеттік бағдарламалардың аясында тұрмыстағы өзекті мәселелерді шешуді көздеген жас жігіт енді кәсіп бастаған азаматтар бизнесті дұрыс таңдаса екен деген ұсынысын жеткізді.

– Біздің қоғамда бір жаттанды түсінік бар. Біреу кафе ашып, ісі жүрсе, басқалары соның ісін қайталағысы келіп тұрады. Байқасаңыз, қалада тойхана мен мейрамхана, жеңіл тамақтану орындары көп. Ал қызметтері сайып келгенде бірдей. Өзгешеліктер байқалмайды. Оның орнына әлеуметтің әлеуетін жақсартуға арналған қызмет түрін ұсынғанда, басқаша болар ма еді? Бар нәрсені қайталай бергенше, жоқ нәрсені жасап, өмірімізді өзіміз жақсартсақ, нұр үстіне нұр емес пе?! Қазіргі замандастарымыз мемлекеттің ұсынып отырған мүмкіндіктерін пайдалануға, пайда тауып, экономикамызды жақсартуға асықпайды, - деді ол.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын байыптылықпен жүзеге асыру бүгінде, бір жағынан, жаһандану үрдісінен туындаған уақыт талабы десек, екінші жағынан, онсыз технологиялық, экономикалық, әлеуметтік салалардағы терең өзгерістерді көзге елестетудің өзі қиын. Ал үшінші мегаполисте цифрландыру бойынша нақты жобасын ұсынып, мемлекеттік қолдаудың аясында кәсібін дөңгелетіп отырған Бекмұрат бастаған команданың жұмысын қаладағы IT саласын дамытуға қосқан үлесі деп қарауға болады. Аталған жоба қайырымды да ақылды қала тұрғындары үшін маңызды екені айтпаса да белгілі. Мұндайда «Істегенің еліңе жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы» деген мақал ойға оралады.