Табиғаттың тілі болса, не дер еді?..

Среда, 15 Январь 2020 04:15 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3535 раз

Шымкент жыл сайын қарқынды дамығанымен, көңіл аударатын экологиялық мәселелері аз емес. Әсіресе, көше бойындағы қоқыс жәшіктерінің айналасында бей-берекет шашылып, үйіліп жататын тұрмыстық қалдық, тозығы жеткен кәріз жүйелерінің проблемасы тұрғындар тарапынан көп реніш туғызып жатады. Мұның бәрі, түптеп келгенде, шаһардың көркі мен санитарлық жағдайына үлкен сын.

DSC 6553

Мәселен, Республика даңғылы, Қарасу шағынауданындағы көп қабатты үйлердің аулалары төңірегіндегі қоқыс жәшіктері аузы-мұрнынан шығып, қалдық шашылып жатады. Тұрғындардың айтуынша, жағымсыз иіс аулаларға тарап, иісі қолқа қабады. Қазір қыс маусымы. Ал күн жылынған мезгілде жәшіктер қойылған орынды ызыңдаған шыбын-шіркей басатыны белгілі. Осындай жағымсыз көрініске қаланың екінші жағындағы Қаратау ауданына қарасты Асар-2 шағынауданының тұрғындары жиі шағым айтады.

– Лас ауамен, мүңкіген иіспен тыныстап, өмір сүріп жатырмыз. Мердігер мекеме дұрыс жұмыс істемейді. Қоқысты әр аптаның бейсенбі күндері түс қайта алып кететін. Кейін түнгі 23:00-24:00-де келетін болды. Үлгере алмайтын болар деп, тұрғындар қоқысты қаптап, көшеге шығарып, тіпті ит-құстан қоруға мәжбүр. Кейін мекеме жұмысшылары айлап төбе көрсетпеді. Cонан әлеуметтік желіде мәселе көтердік. Өткен аптада ғана қоқысты алып кетуге келді,– дейді Асар-2 шағынауданының тұрғыны Серікбай Камалов.

Қалай десек те, бүгінде біз қоқысты іріктеуді игере алмай отырмыз. Мұның бірінші себебі – тұрмыстық қалдықты өңдейтін технологияның жолға қойылмауы. Күнделікті жинақталатын қоқыстың көлемі экологияға айтарлықтай залал келтіретіні, әрине, айтпаса да түсінікті.

ҚАУІПТІ ҚАЛДЫҚТАР КӨБЕЙДІ

Шымкентте тұрмыстық қалдықты тасумен айналысатын «Спецавтотранспорт» ЖШС-нің өкілі 

Салтанат Жораева Экологиялық кодекстің тұрмыстық және өндірістік қалдыққа байланысты тұсы орындалмайтынын айтады. Қауіпті заттар қоқыспен араласып жатыр.

Аталмыш мердігер компанияның қызметін Абай ауданы бойынша 150 мыңнан аса, Еңбекші ауданынан 124 972 адам пайдаланады. Көп қабатты үйлердегі қоқыс күніне екі рет, жеке секторларда аптасына бір рет тасымалданады.

– Санитарлық тазалық мәселесінде тұрғындардың мәдениеті төмен екенін айтуымыз керек. 2018 жылдан бастап қоқыс жәшіктерінің жанынан сусын ыдыстарын жинайтын орын ашылды. Бірақ оны бөлек тастауды көпшілік ескере бермейді. Біздің жұмысшылар сусын ыдыстарын қапқа өздері жинап салады. Себебі, қоқыспен бірге тасталса, көлемді алады. Қоқыс алдымен үйде сұрыпталуы керек. Тамақ өнімдері, сусын ыдыстары бөлек жиналуы тиіс. Шындығын айтқанда, тұрмыстық қалдық көлемі шамадан тыс артып барады, – дейді 

Салтанат Жораева.

 Иә, тасымалдаушылардың сөзінің жаны бар. Олар тұрмыстық қатты қалдықты кез келген жерге апарып тастай алмайды. Сондықтан уақыт талабына сай, қоқысты алдын ала сұрыптайтын зауыттың қажеттілігі әлдеқашан-ақ туындаған.

ҚАЛДЫҚ ҚАШАН СҰРЫПТАЛАДЫ?

vlcsnap-2015-03-30-15h09m00s111

Экологиялық кодекске сәйкес, 2016 жылдан бастап Қазақстанда құрамында сынабы бар шамдар мен құрылғыларды, түсті және қара металл сынықтарын, қалдық май, электрондық қалдықтарды полигондарда көмуге тыйым салынды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап көмуге болмайтын тұрмыстық қалдық қатарына пластмасса, полиэтилен мен қағаз қалдықтары, картон мен шыны енгізіліп отыр. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бұл тізімге құрылыс және тамақ қалдығы енеді. Барлық дамыған елде қалдықты сұрыптау жүйесі енгізілген.

Шымкентте тұрмыстық қатты қалдықты тасымалдайтын «Спецавтотранспорт» ЖШС, «ОрионНовТех» ЖШС, «Бек-Асыл-Сервис» ЖШС, «ЭкоспецТранс» ЖШС, «Шымкент спецкомплекс» ЖШС, «Эко-Тазалық-Шымкент» ЖШС, ЖК «Чистый город», ЖК «Нұр-Олжа» сынды 10 компания бар. Алайда аталған кейбір кәсіпорындардың жұмысшылары нұсқауларға қарамастан, жұмысты экологиялық талапқа сай дұрыс атқармай отыр. Қалдықты материалдық ресурс ретінде қабылдап жатқан жан жоқ.

Қалалық коммуналды шаруашылық бөлімі өкілдерінің мәліметтеріне сүйенсек, «МПЗ Грин Лайн» ЖШС-нің қоқыс полигоны 2015 жылы Ақтас-1 елдімекенінде ашылған. Аумағы 29 гектарды құрайды. Күн сайын полигон 700 тонна қоқыс қабылдайды. Яғни, жылына Шымкенттен 200 мың тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдық жиналады. Оның 45,6 тоннасы өңделеді. Пайыздық үлесі – 23. Кәсіпорын директорының орынбасары Нұрлан Ахметовтің айтуынша, полигонға келген қоқыс сұрыпталады. Аққағаз, картон, целофан қалдықтары бөлек жиналып, шымкенттік өндіріс орындарына өткізіледі. Ал өздері пласмасса, пластмасса бутылкаларды өңдейді.

Міне, осыған қарап-ақ қоқыс қалдығына қатысты жұмысты жүйелеп, қолға алмаса болмайтынын аңғаруға болады. Эколог Азамат Жандар: «Зиянды қалдықты азайтатын «сиқырлы дәрі» жоқ. Бұл – көп жылға созылатын жұмыс. Сондықтан оны заң деңгейінде шешу керек. Жағдай неліктен мұншалықты мүшкіл? Өйткені әдетте бөлінген зиянды қалдық нормадан асып кетеді. Бұл арада коммуналды шаруашылық мекемелеріне, яғни, қоқыс тасымалдайтын серіктестіктерге салынатын айыппұлдан еш нәтиже шықпаса, талаптарды қайта қарап, ондай кәсіпорындардың жұмысын уақытша тоқтатып қоятын шара қолдану керек», – дейді.

 ҚОҚЫСТАН ДА ПАЙДА БАР

Дамыған елдердің көбінде қалдық – әжептәуір табыс көзі. Тіпті, біреудің бизнесі. Қоқысты қайта өңдеуден түскен ақша қалта мен қоршаған ортаға бірдей пайда әкеледі. Тұрмыстық қалдықты қайта өндеудің негізгі бағыттары – қағаз өнімдері, әйнек сынықтары, бөтелкелер, полимерлер, пластик өнімдері, ағаш және темір заттары болып тармақталады. Тіпті, борситын тамақ қалдығынан биогаз өндіретін мемлекеттер де бар. Мәселен, өмір сүрудің өзіне жер таппай отырған жапондықтар қоқысты іріктеу, реттеу жұмыстарына аса үлкен жауапкершілікпен қарайды.

Токио мен басқа да ірі қалаларда қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш, жанбайтын, қайта өндірілетін деп іріктеледі. Әр қалдықтың өзіне тиесілі түсті пакеттері болады. Егер қоқыстарды шатастырып, әлде аралас тасталса, сол үшін «шатасқан» тұрғын қомақты айыппұл төлейді. Ал Түркияда қалай? Онда қоқыс тазалаушысы беделді әрі жалақысы жоғары мамандық иесі болып саналады. Қоқыс тазалаушы орта буынды банк менеджеріне қарағанда жақсы табыс табады.

Тазалыққа жауапты қызметкерлер үшін әлеуметтік қолдау жолға қойылған, атап айтқанда, медициналық сақтандыру, жоғары зейнетақы, қолжетімді баспана алуға мүмкіндіктері зор. Осыған қарап біздің мәселеге терең мән бермей отырғанымызды айтуға болады. Өйткені, қоқысты әу бастан сұрыптап тастау жүйесі бір жолға қойылмаған. Дәл осы жерден кеткен қателік бүгінгі айтып отырған бүкіл қателігіміздің бастауы болып отыр. Ал оны кәдеге жаратып, табыс тауып, алтынға айналдырып отырған елдер өте көп.

ТҮЙІН

Түптеп келгенде, тұрмыстық қатты қалдықтың экологиялық проблемаға айналуының себебі тұрғындар мен жекеменшік компаниялардың салғырттығынан болып отыр. Ал қаладағы қоқыс жәшіктері мен шашылып жатқан тұрмыстық қатты қалдықты күнделікті тіршіліктің ұсақ-түйек мәселесі деп емес, экологиялық, экономикалық, оған қоса мәдени өміріміздің үлкен бір проблемасы деп мән берсек, мәселе әлгі айтқан шетелдегідей шешімі дұрыс деңгейге жетер еді.

Биыл Шымкент мәдени астана атанып отырғанда мұндай көріністердің қаланың көркіне де, мәртебесіне де мейлінше ұят келтіретіні айтпаса да түсінікті.«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтуға тілі жоқ» деген сөз бар. Расында, табиғаттың тілі болса, біз қарсы дау айта алмайтын шындықты шыжғырып, бетімізге басар еді-ау!

Табиғаттың тілі болса,

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.