Бөдене – бизнес Избранное

Пятница, 17 Январь 2020 03:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 11741 раз

Құстардың ішінде сағаттап өсетін құс бар. Бейне бір қазақ ертегілеріндегі батырлар сияқты. Бірақ, қанша көз ілеспес жылдамдықпен өскенімен, сонша тез қартаяды. Яғни, өмір сүру циклі қысқа. 1,5-2 айдан бастап жұмыртқалай бастайды да, жұмыртқадан шыққаннан кейін 35-40 күнде үлкен құсқа айналады. Жалпы жұмыртқалау кезеңі бір жылдан асар-аспас. Бір жылдан кейін оны бордақылап, етке өткізеді. Иә, біз бөдене құсы туралы айтып отырмыз.

IMG-20200105-WA0016

«Бөдененің үйі жоқ, қайда барса бытпылдақ» деген халық мақалы бүгінде кері сипатқа ие болғандай. Қазір бөдене қолға үйретілген.

Шымкенттегі Қайтпас-1 шағынауданында үй жағдайында бөдене шаруашылығымен айналысатын отбасы бар. Айман Кулишованың бөдене құсын өсіріп, оның жұмыртқасын сатуды кәсіп қылғанына он жылдан асыпты. Басында базардан сары ала жұмыртқасын көріп жәй қызығушылықпен бастаған. Федя деген орыс кісіден он шақты жұмыртқа әкеліп, бастырып шығарады.

Ол тұқымдар майда боп шығады да, құсты да, жұмыртқасын да ірілендіру мақсатында Алматыдан іздестіреді. Әсілі, бөдененің пошымы – шап-шағын. Ақын Мұхтар Шахановтың «бөдене таланттар мен Қажымұқандар» дейтіні содан. Көлемі әр алуан болады. Ең аз салмағы 10 грамм болса, біреулері 15-20 грамға дейін барады.

«Алғашқы кезде біз шығарған құстың қоразының тірі салмағының өзі көп болса 100 грамдай-ақ еді. Мекиені 80 грамм. Қазіргілерінің салмағы 200 грамның жобасында. Сорпалап ішуге болады», - деп Айман апай кәсіп бастаған алғашқы жылдарын еске алды.

Оның негізгі мамандығы эколог болғанымен, бұл салада бір күн де тер төкпепті. Өзі – алты баланы дүниеге әкелген көпбалалы ана. Сол бала-шағаның күтімі мен бабын жасай отырып, үйінің алдындағы сарайға тор, инкубатор сатып алып, қырғауыл тұқымдас шағын құсты өсіреді. Балалары қолғабыс етеді. Жолдасы Мұқан Нұрмаханов ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп отырады.
Қазір А.Кулишованың үйінде 500-дей құс бар екен. Бірақ, бұл көрсеткіш қомақты табыс алып келеді деп айтуға ертелеу. Ол бизнесін қалай жылжытарын білмей жүргенде былтыр қыркүйек айында көк жәшіктегі жаңалықтан «Атамекен» кәсіпкерлер палатасындағы кәсіпкерлікке оқыту курсы жайлы хабарды құлағы шалады. Артынша құжат тапсырып, қабылданыпты.

– 25 күн оқып, сертификат алып, бөдене шаруашылығы туралы бизнес-жобамды қорғап шықтым. 505 мың теңгелік грантты ұттым. Бірақ, әлі бұл қаржыны жұмсамадық. Себебі, бизнес-жоспарды жазған кезде күн жылы болатын. Қазір – қыс ауасы. Құсты ұстайтын тор, шығаратын инкубатор, жүн тазалағыштың формасы, бәрі де өзгерді. Өнім көлемі артқан соң оның барлығын сақтайтын мұздатқыш керек. Құстарды да көбейтсек деп отырмыз. Өйткені, олардың қанын жаңартып отыру қажет. Ол үшін басқа шаруашылықтан алдырып әрі ірілендіру мақсатында жаңа құстар қосып, қанын тазартпақпыз, - дейді кәсіпкер.

Бұл құсқа суықтан жылу артық

Бөдене шаруашылығы нәрестеге қарағандай үлкен төзімділік пен ыждаһаттылықты қажет етеді. Бұл құс жылуды жақсы көреді. Қыста жылы ұстап, жазда желдеткіш қойып, бөлмеде 20-25 градус бірқалыпты температура болуы шарт. Айман апай бөдененің «бөлмесін» қыстыгүні 18-20 градустан төмен түсірмеуге, жаздыгүні қатты ысытып жібермеуге тырысады екен.

–Таңғы 6-7-де жарықты қосамыз. Жаз уақытында жарық қоспаса да болады, терезеден күн сәулесі түседі. Түскі тамағы сағат 14.00-де, кешкі қорегі – 20.00-21.00-де. Түнде сағат 12-де қайтадан жарықты өшіреміз. Жарық тәртібінің уақыты 16-17 сағатқа тең болуы керек. Егер сәл кем боп қалса, жұмыртқалауы азайып кетеді, - деді А.Кулишова.

Сондықтан, өзі шағын болса да, бөдене құсын өсіру, оның жағдайын жасау оңай емес. Астын күніне бір мәрте тазалайды. Торының астында қиға арналған қалыбы болады. Оған ағаш жоңқаларын себеді. Ол әрі иісті басады, әрі зарарсыздандырады.

Адамға қажетті жылу мен жарық, су бөденеге де өз уақытында үш мезгіл берілмесе, өнім азайып кетеді. Үш мезгіл жем береді деп қалдық қой. Айман апайдан жемді қайдан алатынын сұрадық. – Өскеменде «Корма Востока» деген зауыт бар. Солар қазір құрамажемнің неше түрін шығарады. Малға, мүйізді ірі қараға, итке де, құсқа да арналған түрі бар. Құрамажем микроэлементтер мен дәрумендерге бай. Бидай, жүгері, тары, балық ұны, т.б. Бәрі де зерттелген. Бірақ, бағасы әжептәуір қымбат. Бір қабы – 25 кг. Бір адамның өзі көтеріп кете беретін жеңіл етіп шығарғаны дұрыс болды. Бір килосы 160 теңгеден, бір қабы 4 мың теңгеге түседі. Бөдене басқа құстар сияқты әр түрлі жемді жей бермейді».

Әр құстың балапан басу мерзімі әр түрлі. Мысалы, тауықтар 20-21 күнде, күркетауық 28 күнде, түйеқұс 40-45 күнде, бөдене 16-17 күнде балапан басып шығады. Аңғарғанымыздай, осылардың ішінде ең тез көбейетіні – бөдене. Қолдың бөденесі жабайы бөдене сияқты өз бетінше балапан баспайды. Бұлар кезінде қолға үйретіліп, селекция арқылы шығарылған ғой. Соның өзінде жартылай жабайы. Сондықтан, инкубаторсыз балапан шықпайды.

– Жұмыртқасы инкубаторда 16 күн тұрады. Адамдар «ойбай, инкубатордан шыққан» деп шошиды. Олай емес. Бұл тек өмірге келу тәсілі ғана. 37,7-38°С қажетті температура, ылғалдылық сақталса, жұмыртқалай береді. Мекиені де балапан басқанда сондай жағдай жасайды, - деді.

Айман Сейілбекқызының айтуынша, екі инкубатор болады: біреуі – алдын ала, екіншісі – шығарушы. 15 күн бойы алдын ала басатын инкубаторда тұрады да, 16-күні екіншісіне ауыстырылады. Әр сағат сайын жұмыртқа қозғалып, ауа желденіп тұруы керек. Өйткені, жұмыртқаның ішіндегі балапанға таза оттегі жетіспесе, қабығына жабысып шықпай қалуы мүмкін. Байқасақ, құстың өзі шеттегі жұмыртқасын ортаға, ортадағысын шетке жылжытып, бір тұрып, су ішіп, қайта келіп жатады. Сол кезде жұмыртқа оттегімен қамтамасыз етіледі. Әсіресе, жұмыртқа шығуға жақын қалған кезде оттегіні көп қажет етеді. Ол үшін арнайы тесіктер істелінген. Ауаны барынша желдетіп тазартып отыруға тырысады.

Ал «инкубаторды қайдан алады?» деген сұраққа келсек, оны бұл отбасы әзірге қолдан жасап жүр. Аппараттың қасына бірқалыпты жылу ұстап тұратын термореттегіш сатып алған. Бағасына тоқталсақ, ішіне салынатын жұмыртқаның сыйымдылығына қарай түрлі бағада сатыла береді.

– Инкубатордан құс шығару қиын. Екінің бірі бөдене құсын асырай алмайды. Өйткені, ол басқа құстар сияқты кез келген жемді жей бермейді. Өте сезімтал құс. Көп адамдар қиындықтарына шыдай алмай бұл кәсіпті орта жолдан тастап кетеді. Қыстыгүні шығын өте көп. Өткенде бизнес-жобаны жазған кезде бірінші инкубатор алайық, сөйтіп балапан шығарайық, ет сату үшін тоңазытқыш алайық деп жазған едік. Ақша аударылам дегенше қыс болып кетті. Бірінші нұсқа өзекті болмай қалғаны сол. Сол үшін біз бірінші құс аламыз деп шештік, - дейді А.Кулишова.

Оның бизнес-жоспарында 350 бас құс деп көрсетілген. Оның 300-і мекиендер, қалғандары ет бағытындағы қораздар. Қораздардың айлық айналымы – 50 бас. 300 мекиен күніне 225 жұмыртқа туады. Жұмыртқалау үдерісі күніне 75 пайызға тең болады. Жұмыртқаның әр данасының сатылу бағасы – 15 теңге, яғни күніне 3375 теңге, айына 101 250 теңге табыс. Қораздарды етке өткізген жағдайда 50 бас бөдене еті 500 теңгеден 25 мың теңге болады. Сонда жалпы айлық кіріс – 126 250 теңге. Кететін шығынын есептей келе, таза табыс 60 мың теңге болады екен. Құстың басын көбейткен сайын табыс та арта түспек.

Айман Сейілбекқызы бөдене өнімінің 80 % жұмыртқа түрінде, 20 % ет түрінде сатады. Шымкентте тірі құсты алушылар көп болмағаннан кейін етке өткізеді.
– Бір бөдененің бағасы 500-1000 теңгенің арасында. Екі айға дейінгі бөдене 1000 теңгенің айналасында. Тәуліктік бөденелер 100 теңгеден басталады. Етінің бір килосы – 2500 теңге. Қазір көбіне той, жиындарға тапсырыс береді. Дастарханға таңсық ас ретінде жұмыртқасы мен етін безендіріп қою сәнге айналды. Етінің дәмі тауықтың етіне ұқсамайды, - деді ол.

Заты – бар да, аты – жоқ

Бөдененің еті мен жұмыртқасының пайдасы өте көп. Мамандар бөдене жұмыртқасын әсіресе, балаларға, қарттарға, аяғы ауыр және емізулі баласы бар әйелдерге, сырқат және әлсіз жандарға жиі тұтынуға кеңес береді. Себебі, бұл өнімнің адамның иммунитетін көтеріп, сергітетін қуаты мол. Аз сөзбен айтсақ, мың ауруға шипа. Жұдырықтай құстың еті холестеринсіз, диеталық тағам. Жұмыртқасы дәрумендігі жағынан тауықтан үш есе құнарлы, амин қышқылы, микроэлементтерге бай. Бұрын патшалар мен ақсүйектердің ғана жейтін асы болған екен. Екінің бірінің қолы жете бермеген деседі. Кезінде Шыңғыс ханның өзі жаралы жауынгерлеріне бөдененің жұмыртқасын ішкізіп, аяққа тұрғызғанын тарихи кітаптардан кездестіруге болады.

«Еті мен жұмыртқасынан бөлек бөдене шаруашылығының сан түрлі қырын дамытып, пайда табуға болады. Етін тұздап, жұмыртқасын маринадтаса, жеңсік ас ретінде желінеді. Кептірілген қиын ұнтақтап, қаптап ұсынсаңыз, тыңайтқыш ретінде өтімді болады. Жүнін жастықтың мамығына пайдаланса тіпті, керемет! Ол үшін құстың басын көбейтіп, ерінбей айналысу керек». Айман Кулишова жапондар мұны біліп қана қоймай, ұлт денсаулығын жақсартуға қолданатынын айтады. Тіпті, мектеп жасындағы балаларға күніне екі бөдене жұмыртқасы тегін таратылады екен. Қытайда 70 млн, Ресейде 350 мың бөдене басы бар екенін де деректер айғақтайды.

Ал бізде бұл сала ақырындап дамып келеді. Сайрамда бөдене өсіретін шаруашылықтар баршылық деп естиміз. «Малышева» атты жеке шаруашылық бұл құстың өнімдерін супермаркеттерге тарататынынан хабарымыз бар. Бірақ, бөдене құсы әлі заңды түрде тіркелмеген көрінеді. Яғни, заңдастырылмаған, реестрге енгізілмеген. Тауыққа бар. Бөденеге жоқ. Бөдене асырасаңыз, тіркей алмайсыз. Бұл біздегі Ауыл шаруашылығы министрлігі ескерер өзекті мәселе деп ойлаймыз.

Түсінгеніміз, біздің елімізде «ханның асы» саналатын бөдененің еті мен жұмыртқасынан басқасын пайдалану әлі жолға қойылмай келеді. Ал бұл тек асырайтын адамға ғана байланысты емес. Тұтынатын қарапайым халыққа да қатысты. Өткенде базарда бір жігіт бөдененің жұмыртқасын сатып жатса, бір көкеміз «Енді жыланның да жұмыртқасын сатып жатсыңдар ма?» деп дүрсе қойғанын естіп едік.

Демек, былайғы жұрт әлі де бөдененің пайдасы туралы көп біле бермейді. Біз де осы мақаламыздағы Айман Кулишова сияқты кейіпкеріміз арқылы көп оқырманға ой салғымыз келді. Мемлекет қаржылай қолдап жатқанда, жұмыс жоқ деп айтуға, әсте болмас. Оны Айман Сейілбекқызының кәсібіне қарап-ақ бағамдей беріңіз.

Бөдене жұмыртқасын қолдану әдісі

16491

Адамның жасы Жұмыртқа саны:

1-ден – 3 жасқа дейін 1-2 дана
3-тен – 6 жасқа дейін 2-3 дана
8-ден – 12 жасқа дейін 3-4 дана
12-ден – 18 жасқа дейін 4 дана
18 бен 50 жас аралығы 5-6 дана
50-ден жоғары 4-5 дана

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.