Версия для печати

Қарызсыз өмірге қамданыңыз Избранное

Среда, 22 Январь 2020 03:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3443 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Жаңа жылдан бастап елімізде аз қамтамасыз етілген, жан басына шаққандағы табысы күнкөріс минимумына жетпейтін отбасыларға тұтынушылық мақсаттағы несиелер берілмейді. 2020 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі адам басына 31 183 теңге болып белгіленді. Айталық ерлі-зайыптылардың 4 перзенті бар делік. Яғни, отбасында 6 адам өмір сүреді. Күнкөріс минимумын осы 6 адамға көбейтсеңіз 187 098 теңге шығады. Егер отбасының жалпы табысы осы соммаға жетпесе, ол отбасыға екінші деңгейлі банктер мен шағын несие ұйымдары тұтынушылық мақсатта бір тиын да несие бермейді. Қолданысқа енген заңның талабы солай. Ендеше, табысыңыз аз болса, көрпеңізге қарап көсілуді үйреніп, қарыз алмай өмір сүруге қамдана беріңіз.

79e08f32fa8a036f84441baab7b7a7ff XL

Жаңа заңға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 3 шілдесінде қол қойған. Содан кейін қиын жағдайға тап болған азаматтарға кредиттік амнистия жарияланғаны белгілі. Енді Мемлекет басшысы азаматтардың қайтадан шамадан тыс кредиттелуіне жол бермеу мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған.

Ұлттық банк мамандарының түсіндіруі бойынша, жаңа заң қарыз алушылардың борыштық жүктемесін есептеу тәсілдері жоғарыдағыдай жетілдіруді және банктердің меншікті капиталының жеткіліктігіне қойылатын талаптарды күшейтуді көздейді. Бұл банктердің кепілсіз қарыздарды беталды үлестіруінің алдын алуы тиіс. Әсіресе, табысы төмен азаматтардың қарызға батуының алдын алу маңызды.

Жалпы, қазақтың «жүзі қара» деген сөзінің зілі батпандай. Есті адамдар бұл сөзді байқап қолданады, адамшылықтан шығып кеткен біреуге болмаса, кісіге қарата айта бермейді. Сөйте тұрып қарызға қатысты «Сұрағанның бір жүзі қара, бермегеннің екі жүзі қара» деп шімірікпей айтып салады. Бұл мақал негізінде мүмкіндігі бола тұрып мұқтаждарға көмектеспейтіндерге қарата айтылғанымен, жалпы қарыз атаулының қайырсыз екенін де меңзейді.

Біз бүгінде ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы өмірлік тәжірибеге сүйеніп айтқан осындай дана сөздеріне пысқырып та қарамайтын болғанбыз. Қарызға батып, «жүзі қара» болуға әбден етіміз өліп кеткен. Келіңізші, барша қазақстандықтардың несиелік борышы туралы деректер топтастырылатын Бірінші кредиттік бюроның ресми сайтындағы деректерге бірге көз жүгіртейік. Онда 2019 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша отандастарымыздың несиелік жүктемесі 6 триллион 200 миллиард теңгені құрайтыны көрсетілген.

Бұл халықтың екінші деңгейлі банктер мен шағын несие ұйымдарынан алған қарызының мөлшері. Бұған азаматтардың ломбардтар мен бір-бірінен алған қарыздары қосылмаған. Әрі бұл соммаға 1 қарашаға дейінгі пайыздық үстемақы ғана кіреді. Осыншама үлкен сомманың үстіне ай сайын жүретін пайыздық үстемақысы да аз болмайтыны түсінікті. Енді қарызға қаншалықты батып қалғанымызды өзіңіз бағамдай беріңіз.

Өкініштісі сол, әлгі 6,2 триллион теңгенің 59 пайыздайын тұтынушылық мақсатта алынған несиелер құрайды. Барлық қарыздың 15 пайыздайы ипотекалық несиелер, 11 пайызы кепілді несиелер, тағы 9 пайыздайы автонесиелер екен. Тек 6 пайызы бизнес мақсаттарға берілген кредиттер болып отыр.

– Бұл жағдайға қарап негізінен екі түрлі қортынды шығаруға болады. Біріншіден, бұл азаматтардың қаржылық сауаттылығының төмен екенін көрсетеді. Өйткені, тұтынушылық несие алу экономикалық тұрғыда өте тиімсіз. Қарапайым сөзбен айтсақ, банктер кепілдікке ештеңе алмағандықтан Сіздің қарызды қайтармай қоюыңызға байланысты үлкен тәуекелге барады. Тәуекел жоғары болған сайын пайыздық үстемақы да көбейе береді. Сонда тұтынушылық несие алған адам табысының едәуір бөлігін банктердің пайызын өтеуге құяды деген сөз, – дейді танымал экономикалық сарапшы Рахым Ошақбаев.

Сарапшының пікірінше, бұл екінші жағынан Қазақстан экономикасының әлі де әлсіз екенін көрсетеді. Лайықты жалақысы бар жұмыс орындары тапшы болған соң адамдар тиімсіз шарттармен болса да тұтынушылық несие алуға мәжбүр. Әр адамның табысы мол, жинақтаған қаржылық қоры бар болса, халықтың кредиттелуіне байланысты проблема мұншалықты ушығып кетпес еді.

Маманның сөзінен түсінгеніміз, Президент қолға алған реформалар халықты қарызға батудан сақтайтыны рас. Табысы аз азаматтарға несие берілмесе, олар уақыт өте келе өзінің қаржылық мүмкіндіктерін объективті түрде бағалауды, басы артық шығындарға бармауды үйренеді. Яғни, ендігі жерде бала-шағасы аш отырса да несиеге айфон алатындар мен кредитке той істейтіндердің қатары азаяды деген үміт бар. Алайда, екінші жағынан мәселені түпкілікті шешу үшін бұл өзгеріс жеткіліксіз. Елде өндірісті дамытып, лайықты жалақысы бар жұмыс орындарын көбейтпейінше, халықтың ішегі бәрібір ағармайды.

– Біз жас отбасымыз. Ипотекаға пәтер алғанбыз. Күйеуім бір өзі жұмыс істейді. Мен бала күтімімен үйде отырмын. Күйеуімнің жалақысының тең жартысы ипотеканы төлеуге кетеді. Қалған ақшаны үнемдеп күнелтіп жатырмыз. Үйге тұрмыстық техниканы несиеге біртіндеп алып жүр едік. Енді жаңа жылдан бастап заң өзгеріп, біз сияқты отбасыларға кредит берілмейтін болыпты. Бізде ақша жинап, бұйым алатын мүмкіндік мүлде жоқ. Несие берілмесе, тоңазытқыш түгілі үтік те ала алмайтын шығармыз, – дейді шымкенттік Мәдина Түгелова.

Иә, Мәдинаның айтқаны өмірдің ащы шындығы. Қазір көптеген жас отбасылар осылай мүкі-тақы өмір сүріп жатыр. Сондықтан кредитке байланысты өзгерістерді қоғамда әркім әртүрлі қабылдауда. Бір жағынан халықты үстемақысы көп қарызға батыра беруге де болмайтыны рас. Екінші жағынан несие берілмесе, талай адам күнделікті өміріне қажет заттарын да сатып ала алмайды. «Былай тарсаң арба сынады, былай тарсаң өгіз өледінің» кері келіп тұр. Не де болса, Тоқаев қолға алған реформалар халықтың мойнындағы несиелік жүктемені азайтуға сеп болса игі. Нәтижені уақыт көрсетеді.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.