Кадрдың қадірін білген жөн Избранное

Пятница, 24 Январь 2020 03:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 989 раз

Қазір қоғамда көмекке мұқтаж адамдар көп. Әлеуметтік желілерді парақтай бастасаңыз алдыңыздан ауыр науқасқа шалдыққан бүлдіршіндердің суретін салып, есепшот нөмірін көрсетіп, халықтан жылу сұрап жазылған посттардан көз сүрінеді. Біріне шетелде қымбат ота жасату керек, енді бірінің ата-анасына науқас баланың күнделікті күтіміне қажетті қаржыны табудың өзі қиын. Қала берді баспанаға мұқтаж көп балалы отбасылар, жетім қалған балалар мен мүгедек жандарға көмек сұрайтындар да аз емес. Осының бәрін көрген сайын Аянайдың нәзік жүрегі сыздап қоя береді.

kadrovye-1140x610

– Негізі халқымыз өте мейірбан ғой. Арамызда қайырымдылық жасауға асығып тұратындар көп. Бірақ, бізде сол мұқтаж адамдар мен оларға көмектесуге құмбыл жандардың арасын байланыстыратын жүйе жоқ. Алаяқтар науқас балалардың фотоларын пайдаланып, жұрттан ақша жиып алып, жымқырып кетуі де мүмкін ғой. Адамдар көмектескісі-ақ келіп тұрғанымен, кейде ортадағы делдалдарға сенбей жатады. Қоғамның сеніміне селкеу түссе, шын мұқтаждарға қайырымдылық қаражатын жинау да қиындай бермек. Сондықтан «осының бәрін үйлестіретін жүйе жасасам» деген ой көптен бері маза бермейтін, – дейді кейіпкеріміз.

Аянай Раева Президенттің жастар кадрлық резервіне үміткер болып сынға түскен кезде осы идеясын жоба ретінде ұсыныпты. Ол «Жүректен жүрекке» атты сайттың жобасын жасаған. Сайт іске қосылып жатса, онда республиканың әр өңірі бойынша мұқтаж адамдардың тізбесі жарияланады. Сіз қалаған адамыңыздың есепшотына интернет арқылы қаржы аудара аласыз. Қаласаңыз Сіздің бұл қайырымды ісіңізді бүкіл халық біледі немесе аты-жөніңізді жасырып қалуыңызға да мүмкіндік бар.

Ұлттық экономика министрлігі А.Раеваның бұл идеясына қызығушылық танытып, оны сарапшылардың талдауына алыпты. Ал, кейіпкеріміздің өзі сындардың бәрінен сүрінбей өтіп, Президенттің жастар кадрлық резервіне ілінді. Онымен қоймай, бұған дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы болып келген Аянай Мұхитқызы жақында осы департамент басшысының орынбасары болып тағайындалды. Яғни, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан жас кадрлардың қызметте жылдам өсуіне мүмкіндік беретін әлеуметтік лифт жұмыс істей бастады деген сөз.

Аянай фото

Айта кетейік, Президенттің жастар кадрлық резервіне республика бойынша 300 азамат ілінсе, бұл қатарда шымкенттік 9 бірдей жас мамандар бар.
Қасым-Жомарт Кемелұлы осындай резерв құру туралы бастаманы өзінің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасында айтқаны мәлім. 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап 4 ай бойына резервке үміткерлерді іріктеу жүрді.

Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар 13 мыңнан астам жас қатысып, теориялық білімін, көшбасшылық қасиеттерін, сыни ойлау деңгейін дәлелдеп, стратегиялық көзқарасын таныстырды. Осындай бірнеше кезеңнен тұратын күрделі сынақтан сүрінбегендердің кандидатурасы соңында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында қаралады. Сөйтіп, 13 мыңның ішінен 300 адамның бағы жанды.

Бағы жанбады деп қалай айтасыз?! Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанованың айтуынша, бұл резервке ілінгендер жақын келешекте министр мен оның орынбасары, облыс және республикалық маңызға ие қалалардың әкімі, орталық мемлекеттік органдардың басшысы, ұлттық компаниялар мен ұлттық басқарушы холдингтердің басқару кеңесінің мүшесі немесе төрағасы болып тағайындалады. Тіпті, оған жетпеген күннің өзінде министрліктер мен орталық мемлекеттік органдардың жауапты хатшысы немесе аппарат басшысы болып қызмет атқармақ. Әрине, оған дейін жас басқарушылар Аянай Раева секілді түрлі сатылардан өтіп, тәжірибе жинақтап, ысыла түседі.

Иә, біздің елде бұған дейін де неше түрлі резервтер жасақталған. Үкімет, жекелеген ведомстволар мен «Nur Otan» партиясының, жергілікті әкімдіктердің кадрлық резервтері құрылған кездері болған. Қайсыбір жылдары айта беретін «А» корпусының да атағы аспандап тұрды. Алайда, бұл резервтерден қоғамның жаппай сүйіспеншілігіне бөленген, елге тұтқа болар ірі тұлғалар шыға қоймады. Басым бөлігі номенклатуралық, орындаушылық деңгейде қалып қойды. Содан болар қазір Президенттің кадрлық резервіне қатысты қоғамдық пікір екіге жарылып тұр.

Сарапшылардың бір бөлігінің айтуынша, Президенттің кадрлық резервіне енген жастар мансаптық тұрғыда өсуге мүмкіндік алады. Бұл мемлекеттік басқару құрылымына қан жүгіртуге, халықпен ашық әрі сенімді диалог орнатуға, күрмеулі мәселелерді дер кезінде шешуге, ең бастысы, басқару құрылымын жасартуға септігін тигізеді деген үміт бар. Халқымыз «Жас келсе, іске» деген нақыл сөзді тегін айтпаған. Резервшілердің әрқайсысы жоғарыда біз сөз еткен «Жүректен жүрекке» дегендей ұтымды идеялар мен табысты жорбаларды ұсынып, оларды жүзеге асыра білсе, халықтың билікке деген көзқарасы да оңалар еді.

Екінші бір топ бұл резервке іріктеудің ашық әрі әділ өткеніне, енді нағыз лайықты кадрлдар жауапты қызметтерге тағайындаларына сенбейді. Бастама жақсы болғанымен тағы да мәселелер тамыр-таныстық, рушылдық немесе командалық негізде шешіліп кете ме деген күдік бар. Олай күдіктенетіндей негіз де жоқ емес. Елдегі мемлекеттік басқару жүйесінде коррупция, протекционизм, инфантилизм мен бюрократизм сияқты дерттердің асқынып тұрғанын несіне жасырамыз?!

Ендеше, бұл бастаманың баяндылығы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке саяси ерік-жігеріне байланысты болып отыр. Мемлекет басшысы өзі қолға алған жобаны соңына дейін қадағалап, ешқандай күштер мен факторлардың ықпал етуіне жол бермеуі тиіс. Сөйтіп, білімі мен біліктілігі жоғары әрі қолы мен ары таза кадрлар лауазымды қызметке қойылып жатса, еліміз мұның жемісін көретін күн де алыс болмас.

Бұл бастаманың көңілге жылылық ұялататын тағы бір тұсы бар. Іріктеліп алынған 300 кадр бірден жоғары лауазымдарға қойыла салмайды екен. Олардың барлығы Назарбаев университеті мен Президенттің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында қосымша сапалы білім алады. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің кейбірі лауазымды қызметтерге қойылғанымен, олардың сенімді ақтамай, ұятқа қалдырып жатқанын жұрт жақсы біледі. Олардың шетелдерде көрген дайын жобаларын Қазақстанға әкеліп орынды, орынсыз тықпалап жүргені де баршаға аян. Ал, Президенттің кадрлық резервіне енген азаматтар өз елімізде білімін жетілдіре отырып, біздегі жергілікті жағдайдың ерекшеліктерін, халықтың менталитетін бұрынғыдан да тереңірек тани алады.

Үш жүз азаматтың атқа қонғаны жақсы, әрине. Бірақ, сонымен біздің елдегі кадр саясатына қатысты проблемалар шешіле қоя ма? Әрине, жоқ. Несін жасырайық, бүгінде мемлекеттік қызмет деген «ортаңқол кадрлардың» жұмыс істейтін алаңына айналып кеткен. Бірен-сараны болмаса, бұл саладағылардың көбінің білімі де, біліктілігі де, іскерлігі де, сыни және аналитикалық ойлау қабілеті де ортаңқол екені шындық. Басқаша айтсақ, әкімшілік жағалағандардың көбінің IQ коэффициенті өзіміздікі сияқты орталау. Неге? Үздіктер қайда кеткен?

Қазақстанда терең білімі мен іскерлік қабілеті бар жастар көбіне мемлекеттік қызметті емес, бизнес саласын таңдайды. Мұнан бөлек, өкінішке қарай, үздіктердің бір бөлігі шет елдерге кетіп жатыр. ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің ақпараты бойынша, 2019 жылы елімізден кеткен 38 мыңға тарта адамның 10 250-інің кемінде магистр академиялық дережесі болған. Олардың қатарында білікті техникалық мамандар, таңдаулы дәрігерлер, заңгерлер, экономистер, сәулетшілер мен құрылысшылар бар. Осылайша, еліміздің ақыл-ойы сыртқа «ағып» кетіп жатыр.
Мұның әртүрлі себебі бар. Біз практикаға жақындау, бір-бірінен маңызды 3 себебіне тоқталайық.

Біріншіден, біздің елде еркін, өркениетті еңбек және кадр нарығы қалыптаспаған. Соның салдарынан барлық дерлік мекемелерде еңбекақыны жұмыстың нәтижесіне қарай әділетті төлеу жүйесі жұмыс істемейді. Күні-түні бір тынбай тер төккен адам мен әйтеуір жұмыс уақытын кеңседе өткізетіндердің жалақысында болмашы ғана айырмашылық бар. Қала берді баршаға бірдей, қауіпсіз әрі жайлы еңбек жағдайы мен баршаға бірдей әлеуметтік пакет те қарастырылмаған.

Екіншіден, біздегі мемлекеттік басқару жүйесінде жаңаша, сыни ойлай алатын, басқаларға ұқсамайтын өзіндік көзқарасы мен ұстанымдары бар, білімді, кәсіби деңгейі биік, бір ауыз сөзбен айтқанда, жоғары кәсіби және адами құндылықтарға адал азаматтардың өсуі қиын. Өйткені, оларды көтермелейтін «карералық лифттердің» басқару пульті көбіне кертартпа басшылардың қолында тұрады. Ал, ол басшыларға кадрдың кәсіби қабілеттері және адами қасиеттеріне қарағанда, жеке берілгендік, ешқашан қарсы шықпайтын, мүлтіксіз орындаушылық маңыздырақ.

Үшіншіден, көптеген басшылар кадр мәдениетінен хабарсыз. Олар білікті кадрларға рухани және материалдық игіліктерді генерациялайтын күш, жеке тұлға деп қарай алмайды. Біліксіз басшылар кадрларының моральдық-психологиялық ахуалына, оның тұлға ретінде дамуына назар аудармай, оны тек еңбек ресурсы ретінде бағалайды. Сөйтіп, кадрдың бойындағы бүкіл қарым-қабілетін, күш-қуаты мен идеяларын бүгін, тап қазір қақтап алуды ғана көздейді.

Міне, осындай көзқарастың салдарынан басшылар қызметтік мораль мен этиканың қасиетті қағидаларын оңды-солды бұзады. Қатардағы қызметкердің өз көзқарасы, ұстанымы мен принцптерін қорғауына мүмкіндік бермей, қит етсе, айғайға басып, өзім білемдікке салынады. Негізі білікті кадрларды мемлекеттік қызметтен, тіпті елден қашырып жатқан теңгенің құнсыздануы емес, осындай адамға деген «құрметтің девальвациясы» екені айқын.

Мұндай басшылар құл ғана қожаны ылғи мойындайтынын түсінбейді немесе түсінгісі келмейді. Әдетте мұндай «құлдыққа» білімі саяз, кәсіби деңгейі төмен әрі принцпсіз адамдар ғана көнеді де нағыз мықты кадрлар мемлекеттік қызмет жүйесінен кетуге мәжбүр болады. Жоғарғы билік кадр мәселесіне әлі де мұқият назар аудармаса, мұндай айғайшыл бастықтардың мемлекетті жарға жықпай тынбасы анық.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.