Версия для печати

Эх, «Тортилла»

Пятница, 24 Январь 2020 04:08 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3085 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте алып тасбақа ішіндегі жануарлар көрмесі 23 қаңтардан бастап жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Оған көрме кезіндегі заңсыздықтар себеп болды. Бұған дейін «Тортилладағы» хайуанаттардың күтімсіздігі туралы пікір әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен еді. Еріктілердің жанайқайы қоғамда резонанс туғызды.

Тортилла

Ресейлік «Тортилла» қалаға 2019 жылдың желтоқсанында келген. «Наурыз паркі» сауда орталығы аумағында орналасқан хайуанаттар бағы бір айға жуық тұрғындарға қызмет көрсетті. Үлкені де, кішісі де аңдарды шама-шарқынша тамашалады. Алайда сауда орталығының басшылығы бір ай бұрын ашылған «Тортилламен» арадағы жалдау шартын бұзуға мәжбүр болды. Көрмедегі былықты көрген еріктілер аңдардың тіршілігіне селқос қарамай, жауаптыларға жүгінді. Олар ресейлік аң-құстарға араша түсіп, қонақтардың қаладан кетуін талап етті.

-Аң-құстарға жағдай жасалмаған. Жейтін тамағы, суы жоқ. Орналасқан жерінің ауасы лас. Көрме ішінде аң түгілі, адамның тынысы тарылады. Соның салдарынан кейбір маймылдар ауыра бастаған. Түктері түсіп қалыпты. Қолтырауындардың халі тіптен мүшкіл. Көрме иесі хайуанаттардың обалына қалып жатыр. Біз жауаптыларға жүгінгенбіз. «Тортилланың» иесінде аңдарды ұстауға рұқсат болмай шықты, - дейді «Второя жизнь» қорының волентері Анастасия Ташпаева.

Волонтерлердің айтуынша, көрмедегі жануарларға талапқа сай қамқорлық көрсетілмейді. Шындығында маймылдардың тым тар торда орналасқаны, қолтырауындардың құрғақ жерде жатқаны анықталыпты. Зооқорғаушылардың үндеуі ақыры аяқсыз қалмады. 23 қаңтардан бастап, «Тортилла» көрмесі жабылуы тиіс.

Деректерге көз жүгіртсек, көрме Ресейде бұрыннан «қара тізімге» енген көрінеді. Көрші елдің еріктілері де жылжымалы зообақтың жұмысын тоқтатуға себепші болған. Жылжымалы көрменің Қазақстан бойынша Шымкентке алғашқы келуі екен.

- Біз заңға қайшы ештеңе көрмедік. Жерді қырық күнге жалға бердік. Заңгерлермен келісіп, «Тортилламен» келісім-шартқа отырдық. Иесінен он күн ішінде көрмені алып кетуін талап еттік, - дейді «Наурыз» ойын-сауық орталығының жетекшісі Бағдат Тастанбеков.

Дегенмен, көрме иесінің шикіліктері көп сияқты. Сонда кеденнен қалай өткен? Аңдардың жай-күйі неге тексерілмеген? Құзырлы органдар неге қадағаламаған? БАҚ өкілдеріне берген түсініктемесінде Бағдат Тастанбеков тордағы аңдар электр қуатымен жылытылатынын айтты. Ол «хайуанаттардың жағдайы қиын» деген пікірмен келіспейді. «Іші таза. Тамақтары уақытылы беріледі. Аңдарға ешқандай қысым жасалмайды» деп ақталды.

Қоғам наразылығын тудырған «Тортилланың» жай-күйін білмекші болдық. Алдымен жылжымалы көрмеге кірген орталық жетекшісі бізді ішке өткізбеді. «Қазір аңдар тамақтандырылып, оларға күтім жасалып жатыр. Сәлден кейін көре аласыздар» деген уәж айтты. Қаңтардың суық күнінде аз ғана уақытта деген соң көрмедегі хайуанаттарды көруге бел байлап едік. Өкінішке қарай аңдардың жағдайын біле алмадық. «Көрсетеміз» деген адамымыз санаулы уақытта шаруасымен көлігіне отырып, кетіп қалды. «Тортилланың» жанында екі ерікті ғана қалды.

Эх, «Тортилла»...

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.