Әбу Нәсір Әл-Фараби әлемі Избранное

Среда, 29 Январь 2020 03:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4756 раз

Абдулла ЖҰМАШЕВ – Әбу Нәсір әл-Фараби мұраларын зерттеуші, жинаушы әрі өлкетанушы, әдебиетші ретінде республикаға танымал азамат. Ол «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби» мұражайын ұйымдастырумен қатар оған бірнеше жыл басшылық жасады. Дамаскідегі «Баб-ас-Сағир» мазарында Әбу Нәсір әл-Фарабидің қабірін суретке түсіртіп алдырып, ондағы жазудың араб тілінен қазақ тіліне ғылыми деректік аудармасын жасатып, жариялады. 2006-2008 жылдары Сирияға барып, ғұлама ойшыл бабамыздың құнды жәдігерлерін елге жеткізді. Дамаскідегі мұражайының жобасын, тақырыптық экспозициялық жоспарын жасауға және зкспозициясын жасақтауға атсалысты. Оның ұсынысымен Әбу Нәсір әл-Фараби мен Өз-захир Бейбарыс сұлтанның қабіріне туған жер топырағы салынып, қабір топырағы Арыстан баб мазаратына әкелінді. «Ұлы даланың тоғыз астанасы», «Әбу Нәсір әл-Фараби – әлем философы», «Ұлы ұстаздың оралуы» тағы басқа ғылыми-көпшілік деректі фильмдер түсіруге көмек берді.
Біз бүгін Абдулла ЖҰМАШЕВТІҢ шығыстың ұлы ойшылы әл-Фарабидің ілімі жайлы мақалалар циклын оқырман назарына ұсынуды бастаймыз.

a6ee5c70523f023183674094ff7e8a12

1. Туған жер

Қашықтасың туған жер-қалың елім,
Небір жүйрік болдырған жарау деген.
Шаршадым мен, қанатым талды менің,
Шаңыт жолға сарғайып қарауменен.
                                 
                                   Әбу Нәсір Әл-Фараби

Әлемдік өркениетте Отырар мен Фараб-Отырар оазисі тарихи-мәдени маңызы жағынан әлемнің жеті кереметіндей жеті ерекшелігімен айқындалған аймақ, қала-мемлекет болды. Археолог-ғалымдардың зерттеулерінше, Отырар мен Фараб-Отырар оазисінің әлемдік мәдени мұрадағы маңыздылығы мынада болған: бірінші – Отырар және онымен жапсарлас оазистер ежелгі отырықшылықтың, суармалы егіншілік пен қалалық өркениеттің орталығы болды. Жартылай көшпелі, көшпелілер Отырарды өз қалам деген.

Соғыстың сасық иісі шыға қалса, жауға қарсы отырарлықтармен бірге соғысқан; екінші – Фараб-Отырар Ұлы Жібек жолындағы руханияттың алтын бесігі болған: қытай, Еуропа, шығыс мәдениеттері мен өркениеттері, христиан, мұсылман, заростризм діндері, араб, парсы, түркі әдебиеттері тоғысқан ірі орталық осы оазисте қалыптасып, ортағасырлық Қазақстандағы экономикалық және мәдени өмірдің ғана орталығы емес, ғылыми ойдың да орталығы болды; Фараб, Отырар округтері адамзатқа әлемде теңдесі жоқ ұлы ғұлама, ғалым-энциклопедист Әбу Нәсір әл-Фараби бастаған отыз ойшылды берді (әзірге белгілісі); үшінші – Отырар мен Фараб-Отырар оазисі Орталық Азия мен Қазақстанның саяси-экономикалық және мәдени тарихына зор үлес қосқан егін, мал шаруашылығы, қала мәдениеті қатар дамыған ерекше аймақ болған.

Отырар – Орта Азияның отырықшы егіншілік тараған оазистері мен мал шаруашылығы өркендеген Дешті Қыпшақты жалғастырған аралық өркениет болды. Осыған байланысты мұнда тайпалардың араласуы, мәдениеттердің бір-біріне әсері ерте дәуірден-ақ, басқа жаққа қарағанда қарқынды белең алған; төртінші – Отырар қазақ хандығының қалыптасуына ерекше үлес қосқан Дешті Қыпшақ даласының негізгі тұрғындары – қыпшақ тайпаларының мәдениетін танытқан ерекше өркениет болды; бесінші – ортағасырлық Отырар ескерткіштері қазақтың материалдық және рухани мәдениет генезисінің проблемаларын шешуде маңызды рөл атқарды; Отырар жазирасы қазақтың алғаш рет халық болып қалыптаса бастаған алтын бесігі болды.

Сондықтан Отырарда жасалған әр қолөнер бұйымын қазақтың ұлттық төл бұйымы деуге болады. Оны бізге жеткен түпнұсқа қолөнер жәдігерлерінің қадым заманынан ғасырлар бойы өзгеріссіз келген пошымдық ұқсастығынан, нақыш-бояуларынан, дәстүрлі рулық таңба-белгілерінен айқын аңғаруға болады (Өзбекәлі Жәнібеков); алтыншы – Ұлы түркі қағанатының батысындағы, Сырдария бойындағы бас қақпасы болған Отырар – ежелгі түрік мемлекеттілігінің орталығы болды; жетінші – заманында Орта Азиядағы ең үлкен ирригациялық құрылыстың бірі болған Орта ғасырдағы Отырар суландыру жүйесінің қазіргі сілемдері бойынша ғарыштық және аэрофото материалдарын қолдану арқылы археологиялық-топографиялық зерттеу жүргізудің мүмкін болғаны; зерттеу нәтижесі бойынша Оңтүстік Қазақстандағы суармалдылықтың ең дамыған формаларының аллювияльдық алқаптарда кең тарағанының анықталуы (Оңтүстік Қазақстан облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы.

Отырар ауданы. Алматы, 2007). Міне, осындай ерекшеліктерімен Отырар түркі әлемінде әлемдік өркениетке жетті. Бұл А.Н.Бернштам, Е.И.Агеева, Г.И.Пацевич, К.А.Ақышев, К.М.Байпаков, Л.Б.Ерзакович, В.А.Грошев, С.М.Ақынжанов, С.Ж.Жолдасбаев, Т.В.Савелева, Е.А.Смағұлов, Б.Нұрмұханбетов, Р.З.Бурнашева, В.Н.Настич, Ю.А.Мотов, М.Б.Қожа сынды тарих ғылымында төңкеріс жасаған археолог ғалымдардың пайымдаулары.

Аталған зерттеушілердің ішінде алғаш рет Отырардың археологиясы мен тарихын жаңа археологиялық материалдар мен жазба тарихи деректер, ескерткіштер жөніндегі аңыздар арқылы жаңаша зерделеген ғалым Қожа Мұхтар Баһадүрұлы болды.

Ортағасырлық Фараб-Отырар иелігінің тарихи-географиялық аймағын мүмкіндігінше дәл айқындап берген атақты археолог- ғалым Қожа Мұхтар Баһадүрұлының жазуынша (Қожа Мұхтар Баһадүрұлы. Ортағасырлық Отырар тарихы. Алматы,2017), оңтүстікте Төлеби бабамыз мәңгі тыныстаған Шашпен шекаралас, солтүстік шығыста Исфиджаптан (Сайрамнан) солтүстік-батысқа қарай Сырдарияның екі жағын Қызылқұм, Қаратау қапталдарын алып жатқан аймақ Отырар-Фараб уалаяты деп аталған. Бұл иелік әлемде теңдесі жоқ ұлы ғұлама ғалым жерлесіміз Әбу Нәсір әл-Фарабидің туған жері – қалың елі. Қазіргі географиялық өлшеммен алғанда Мәңгілік Ел, Ұлы Дала. Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болған қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасы. Түркі (түрік) елдерінің (халықтарының) қара шаңырағы.

Бұл Топан суда адамзаттың тұқымын сақтап қалған қасиетті Қазығұрт, Сайрамдағы сансыз бап, Әзіреті Сұлтан, Гауһар Ана, Маңғыстаудағы Пір Бекет, Баба Ата, Қарабура, Баба Түкті Шашты Әзиз, Асан Ата, Бәйдібек Ата, Домалақ Ана, Қошқар Ата, Үкаша Ата, Сунақ ата, Әулиебұлақ, Гүлбаршын Ана сынды әмби-әулиелі Қазақстанның киелі жерлері. Әбу Нәсір Әл-Фараби, Күлтегін, Қорқыт Ата, Қожа Ахмет Ясауи, Бейбарыс, Мұхаммед Хайдар Дулати, Әз-Тәуке, Абылай, Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай, Құрманғазы, және басқа да көптеген ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген қазақтың Ұлы Даласы, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және т.б. билердің, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Қарасай Қапал, т.б. батырлардың, Ұлы Даланың күш атасы Қажымұқанның, ұлы сазгер, мемлекеттік әнұранның авторы Шәмшінің елі. Осы уалаяттың Сырдарияның сол жағалауындағы Фараб-Весидж (уасидж)-Зернук-Оқсыз қалашығында 870 жылы Әбу Нәсір әл-Фараби туған. Қала қалдықтары (қала жұрты) қазір Оқсыз (Оксус) деп аталады (К. Ақышев. Ертедегі ескерткіштер елесі. Алматы, 1976).

Әбу Нәсір әл-Фараби құндылықтарына қамқорлық – перзенттік парыз

Ғылым үшін шет жұртқа шығандап кеткен бабаларын жерлестері қашан да іздеген. Оған:

Тұранның кім кеміткен музыкасын,
Фараби тоғыз шекті домбырасын.
Күңірентіп тоқсан тоғыз күй тартқанда,
Тебірентіп кім төкпеген көздің жасын,-

деп Тұран музыкасының негізгі сарыны Әбу Нәсір әл-Фараби музыкасында жатқанын қазаққа алғаш рет танытқан Мағжан Жұмабаевтың өлеңі дәлел.
Қазақ мәдениетінің тарихында Әбу Нәсір әл-Фараби мен Бейбарыс Сұлтанға қатысты киелі ескерткіштер бар. Олар Сирия Араб Республикасының астанасы Дамаск қаласындағы Әл-Фарабидің бейіті мен Сұлтан Бейбарыс жерленген кесенесі және Қазақстан Республикасының Түркістан облысындағы Фараб-Отырар қалажұрты.

1993 жылдың ақпан айында Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә.Назарбаев Египетке барған ресми сапарының барысында осы жоғарыда аталған Сириядағы ескерткіштерді қалпына келтіру мәселелерін көтерген болатын. Осыдан кейін Қазақстан тарапы бұл ескерткіштерді қайта жаңғыртуға қатысатыны туралы хабарлаған еді. Аталған ескерткіштерді қалпына келтіру мақсатында Дамаск қаласында Әл-Фарабидің тарихи-мәдени орталығы мен кесенесін және Сұлтан Бейбарыстың кесенесін салу, қайта жаңғырту жобаларын жүзеге асыру туралы 2006 жылы 7 маусымда Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрі өткізген жиналыстың №007-419 хаттамалық шешімі қабылданды.

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2007 жылы 5-7 қыркүйек күндері ресми сапармен тұңғыш рет Сирия Араб Республикасында болғанда, келіссөзде саяси, экономикалық мәселелерден басқа екі елдің ежелгі рухани байланысын жандандыруға ерекше көңіл бөліп, Сирия Президенті Башар Асадпен Сұлтан әз-Заһир Бейбарыстың кесене-кітапхана-мешітін, медресесін қайта жаңғыртуға, Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыздың басына кесене, этно-мәдени орталық салуға келісті. Екі елдің Президенттері «Баб ас-Сағир» - «Кіші Қақпа» мазарат дуалының қабырғасына жасалған рәмзи есік ішіндегі сөреге «Осы жерде екі елдің патшалары Әл-Фарабиге арналған болашақ кешен кірпішін қалады» деген жазуы бар капсуланы салып, Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыздың бейітіне зиярат етті.

Сөйтіп, екі патша тарихта бұрын-соңды болмаған іс бітірді. Олар әлемде теңдесі жоқ ұлы ойшыл, жерлесіміз әрі қандасымыз, заманымыздың Аристотелі Әбу Нәсір әл-Фарабидің әлемдік ғылым мен мәдениетке сіңірген ғаламат еңбегін жан дүниелерімен сезініп, ұлы бабасының басына көк күмбез тұрғызып, ғылыми мұраларын жинап, сақтап, зерттеп, зерделеуге, адамзат игілігіне айналдыруға келісті.

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз», - деп талайғы тарих толқынына түрен салған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халық өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады.

Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүниежүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы» саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр. Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді», - деп, Ұлылар көшін жарқын болашаққа бағдарлап, бастап берді.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемдік тұлғаларды жайдан-жай салыстырып отырған жоқ, қазақтың да өзінің «баға жетпес символдық капиталы» бар екенін айқындап отыр. Мәселен, осы күнге дейін әлемде теңдесі жоқ ұлы ғұлама, энциклопедист ғалым, заманымыздың Аристотелі, жерлесіміз Әбу Нәсір әл-Фарабиді «араб философы» деп жазып келді ғой. Ал шындығында олай емес қой, Әбу Нәсір әл-Фараби – араб тілді қазақ философы. Енді тарихты өз орнына қоятын мезгіл келді. Елбасымыз осыны меңзеп отыр.

Ол үшін сыртқы факторды алға тарта берудің қажеті жоқ. Әбу Нәсір әл-Фарабидің ислам философиясының негізін салушы энциклопедист ғалым екені, оған түркілік негіздің, ұлы ғалымның тарихи отаны Ұлы даланың әсері болғаны айқын. Өйткені, Қазақстан ортағасырлық ислам өркениетінің ірі орталықтарының бірі болды. Отырарға Ислам ҮІІІ ғасырда туын тікті. Ғалымдардың жазуынша, Ислам діні келген соң бұл өлкеде ғылым мен мәдениет бұрын-соңды болмаған деңгейде дамып, Әл-Фарабилер жас шағында Отырар медреселерінен білім алып, бозбала кезінде Таяу Шығыс елдеріне жетіп, білімін жетілдіріп, әлемдік ғылым салаларының антикалық дәуірден басталатын бастауларын айқындап қалыптастырғаны, дамытқаны, сөйтіп энциклопедиялық ғылым жасағаны ақиқат. Бұл құбылыс «Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде» басталған төл тарихымыздағы ұлы жетістігіміз. Тәуелсіз Қазақстанға қатысты құндылықтар.

Қазақстан мен Таяу Шығыс арасындағы мәдени-өркениеттік байланыстар, Әбу Нәсір әл-Фарабиден кейін де жалғаса берген. Мәселен, Мысырды ХІІІ ғасырда 17 жыл, 17 күн билеген атақты қолбасшы, мемлекет қайраткері, жерлесіміз, бауырымыз Әз-Заһир Бейбарыс сұлтанның өмірі мен қызметі бұған дәлел. Ол Әбу Нәсір әл-Фараби бабасының қызмет еткен, өмір сүрген, ғылым жасаған жерінің бәрін қасиетті деп есептеп, ғалымның екінші отаны болған Сирия араб Республикасында тұрып, Мысырдай алып елге көбіне осы жерде тұрып билік жүргізген және Сирияның да гүлденуіне ықпал еткен. Ал қайтыс боларында баласына: «Мен өлгенде Мысырға апарып, басыма перғауындар сияқты тас үйіп жерлемей, осындағы, Шам шаһарындағы Әбу Нәсір әл-Фараби бабам жерленген «Баб ас-Сағир» «Кіші қақпа» мазаратының маңындағы өзім салдырған мектеп-медресе-кітапхана-мешітке жерле»,- деп өсиет еткен. Баласы әкесінің өсиетін орындаған.

Қазіргі жоғарыда аталған мемлекетаралық келісім бойынша Қазақстан жағының пәрменімен Сұлтан әз-Заһир Бейбарыстың кесене-мешіт-кітапхана-мектебі қайта жөнделіп, Әбу Нәсір әл-Фарабидің этно-мәдени орталығының құрылысы аяқталды. Қайта жаңғырту, құрылыс жұмыстарын жүргізген – «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны. Бұл Әбу Нәсір әл-Фараби мен Сұлтан әз-Заһир Бейбарысқа қатысты ғылыми, тарихи, мәдени құндылықтарды мемлекеттік қамқорлық арқасында сақтап, адамзат игілігіне айналдырудың бұрын-соңды қолға алынбаған шаралары еді.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Сирия елдері арасындағы үкіметаралық келісім негізінде аталған жобалар жүзеге асырылды. 2020 жылы Әбу Нәсір әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Дамаск (Сирия) қаласындағы Әл-Фараби тарихи-мәдени орталығының ресми ашылу салтанаты болмақ.

Ал Әбу Нәсір әл-Фараби мен Әз-Заһир Бейбарыс Сұлтанға арнап туған жері Фараб-Оқсызда «Тағзым» тарихи-мәдени мемориалды кешенін салу Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларымен сабақтасып жатқан қазақ халқының қазақ жерінде туып, шет жерде жүріп, бақилық болған ұлы тұлғаларына деген құрметі болмақ. Әбу Нәсір әл-Фараби жерленген «Кіші қақпа» - «Баб ас-Сағир» мазаратын алғаш рет 1968 жылы Фарабитанушы ғалым Ақжан Машанов Сирияға барғанда іздеп тауып, естіген, көрген, білген деректерін, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің 1968 жылғы санында «Тоғыз жолдың торабында» деген атпен жарияланған болатын.

(Жалғасы газетіміздің келесі санында)

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.