Сансыз бабтар мекенінде кесенелер қандай күйде?

Среда, 29 Январь 2020 04:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5204 раз

Cайрам қаласының, Испиджаб өңірінің тарихы – адамзат қауымдастығы аясындағы ең көне тарихтың бірі. Сайрам тарихынан көне, бай тарихты Қазақстан өлкесінен табу қиын. Испиджаб тарихына қатысты деректер жеткілікті. Өкінішке қарай, ол деректер күні бүгінге дейін арнайы жинақталып, бір ізге түсіріліп зерттелген емес.

Әбдел әзиз кесенесіjpg

Ал бүгін сансыз бабтардың басындағы кесенелер қандай күйде? Ашығын айтсақ, көргенде көңілің құлазиды. Себебі, соңғы 20-30 жылда олардың сырт сымбаты мен айналасы орынсыз көп өзгеріске ұшыраған.

Мысалы, Сайрам ескерткіштерінің ғажайыбының бірі Әбдел Әзиз баб кесенесін көрген жұрттың көңілі су сепкендей басылады. Кесененің күмбездері қазіргі заманғы құрылыс материалы – қаңылтырмен қапталыпты. Өрнектермен оймышталған ескі ағаш есік осы заманның бояуымен сырланып, ұсқыны кеткен. Кесене ішінен бұдан 20 жыл шамасы бұрын көрген көк түсті, араб әрпімен түсірілген әсем жазуларды таппадық. Кесене іші қазіргі заманғы құрылыс материалымен безендірілген, әктелген.

Ішкі сымбаты жадағай күйге түскен. Жөндеу жұмыстары қалай болса солай жүргізілген. Жазушы Дүкенбай Досжановтың көрсетуінше, Әбдел Азиз баб кесенесінің ішінде мынандай суреттер болған: «...Оймыштап жасалған жылқылардың бейнесі салынған. Бұл бейнелер әйгілі француз суретшісі Делакрунның салған тұлпарларымен ұқсас, иінімен симметрия жасап тұрған бөкселері – суретшінің аса бай қиялының куәсіндей.

Дәл осы көне ескерткіштің ішінде құпия жатқан әлгіндей әсем бейнелерді жас суретшілер зерттеп, қазіргі құрылыстарға қолданса, нұр үстіне нұр болмас па еді? Қазіргі құрылыстарда салынып жүрген аң қуған, не бәйге шапқан ат бейнелерінен Әбдел ескерткішіндегі мүсіндердің бір айырмашылығы, мүнда үлкен күштің, жігердің, батылдықтың рухы білінеді. Құйындатқан асқан күш, арқасына мінген жанды алып ұшқалы тұрған арын анық байқалады. Бірінші аттың арандай ашылған аузы өзінің жалына жармасқан қайдағы бір хайуанаттан шошынғанын аңғартады.»

Енді осы байырғы сурет, жазу-сызбалардан сылақ астында ең құрығанда жұрнақ қалса екен деп тілейік. Олар сақталған күнде де тек тәжірибесі мол шетелдік рестовраторлардың көмегімен ғана аршып алынуы мүмкін.

Ибраһим (Ыбырайым) ата кесенесіндегі үйлесім де бұзылған. Кесенеге қарама-қарсы орналасқан дөң бүгінде трактормен сүріліп, саз алатын карьерге айналған.
Аты әлемге аян Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Ыбырайым ата кесенесінің сырты естіген, көрген жұрттан ұят-ты. Шұбарланған ескерткішті қалай туристерге көрсетіп, қалай мақтана аламыз?

Бүгінде 20-30 жыл бұрын Ыбырайым ата кесенесі алдында тұратын, сырты өрнекті тас құтыны, шамамен Х-ХІІ ғасырлардан қалған дүниені өз орнынан таба алмайсың. Сол заттың болғанын еске алса да, қайда кеткенінен бәрі де хабарсыз. Ол ортағасырлық тас ою өнерінің тамаша үлгісі болатын.

Сайрамдағы Салық қожа, Қарашаш ана, Қазы Байза, Мірәлі баба, басқа да кесенелер соңғы 10-15 жыл көлемінде үлкен өзгеріске ұшыраған. Бірінің төбесі ескерткішке үйлеспейтін қаңылтырмен қапталса, бірінің әрлеу жұмыстары жаңа заман материалымен безендіріліп, кеше ғана тұрғызылған кесене болып шыға келген.

Бұл ортағасырлық ескерткіш десе, сенбеуің мүмкін. Осынау келеңсіздіктерді көріп, ескерткіштерден кезінде М.Е.Массон, П.П.Иванов, В.В.Бартольд жазып қалдырған көптеген дүниелерді таппайсың. Ежелгі өрнекті, байырғы шебердің өнерін құрметтей алмай, жұтаңдыққа ұрынудамыз.

Тарихи және мәдени ескерткіштің негізгі құндылығы – түпнұсқа болуында. Яғни, тарихи жәдігердің баяғы, көне қалпында сақталып қалуы. Қазіргі заманда тарихи ескерткішті жаңалап, заманауи материалдармен қайта көтеріп, алтынмен аптап, күміспен қаптап шықсақ та ол тарихи ескерткіш қатарынан шығып қалады. Байырғы шебердің қалаған қабырғасы, қиыстырған күмбезі, оймыштаған өрнегі қаз-қалпында сақталуы тиіс. Міне, осындай өз заманының қайталанбас өрнегі сақталған ескерткіштер ғана жұртшылықты, туристерді өзіне тартып қызықтырмақ. Ал, біз туризм туралы көп айтқанмен, ең басты ескерткіштің бағзы күйде сақталуына назар салмай келеміз.

Сайрамда тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамы да, мәдениет басқармасы мен әкімдік тарабы да назар аудармай келе жатқан тағы бір ескерткіш – шаһардың оңтүстік батысында халық «Бибіғияс ана» деп құрмет тұтатын кесене. Орта ғасырда тұрғызылған кесене әлдеқашан бұзылған. Сайрамдықтар 1998 жылы қасиет тұтып, Бибіғияс ананың басына кесене тұрғызған. Тарихи ескерткіштерге салғырт қараудың салдарынан Бибіғияс ана кесенесі республикалық маңызы бар және өңірлік маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне де енгізілмеген.
Бұл кесене адамзат баласының өте көне тарихынан сыр шертеді.

Қазақ халқының арасында тараған аңыз-әпсаналардың баян етіп айтуларына қарағанда, осынау шетсіз де шексіз он сегіз мың ғалам жаратылыс дүниесінің ең жоғарғы ұлығы – Алла Тағаланың назарына ерекше ілінген төрт тірі пайғамбар бар екен. Сол төртеудің әуелгісі – Ыдырыс (ғ.с.) болып саналады. Оны қиямет-қайымға дейін өмір сүреді деседі. Екіншісі Қызыр (ғ.с.), Ілияс (ғ.с.) Қызырдың туған інісі. Қария сөздің айтуынша, ол да тірі екен. Төртеудің соңғысы – Ғайса. Біздің қазіргі жаңаша жыл санауымыз Ғайса пайғамбардың дүниеге келуімен тура келеді.
Түпкі тегі бір мұқым түркі халықтарының ата жұртындағы әзіз әулиелер көп қасиетті де киелі орынның бірі – кәрі Сайрам топырағы болып табылады. Көнеден келе жатқан әпсананың айтуынша. Ыдырыс (а.с.) осы жерде мешіт мінажатханасын салған екен.

20191108 113404 1

Мұсылмандар Қызыр (ғ.с.) құрметтеп, «Қыдыр ата» дейді. Оны адамзат баласына жақсылық сыйлаушы, қасиетті, шарапатты, әулие кісі екен деседі. Аңызға сенсек, Қызыр (ғ.с.) осы Сайрам топырағында дүниеге келген екен. Қызырдың әкесі Салық қожа делінеді. Оның қабірі Сайрамның шығыс тарабында, Қарамұртқа шығатын жолдың бойында. Міне, біз әңгіме етіп отырған осы әулиенің (Салық қожа) зайыбы – Бибіғияс ана.

Бибіғияс ана туралы Рабғозидің «Адамзат тарихы» туралы жазылған («Қисаси анбия») кітаптың 285-ші бетінде Қызыр (ғ.с.) мен Ілияс (ғ.с.) туралы мәліметтер келтірілген. Осы кітапта Бибіғияс ана Қызыр (ғ.с.)-ның анасы, Ескендір Зұлқарнайынның қарындасы екені жазылған. Сонымен қатар Қызыр (ғ.с.) Зұлқарнайын патшаның уәзірі әрі кеңесшісі болғаны туралы мәлімет бар.

Бұл тарих Таурат, Забур, Інжілден және Құран Кәрім түскен уақыттан бұрын өткен. Оған Құранның «Кәһф» сүресінің аяттарында (18.66-82) айтылатын Мұса (ғ.с.) мен Қызыр (ғ.с.) жодас болып, бірге жүргені және Зұлқарнайын атының аталатыны дәлел бола алады. Сонымен қатар «Рисала-и мағдән әулийа-и уа Мәдинат-ул Байза-Исбижаб» баянында, «Рисолан Сарем – Исфижаб» кітабында біз сөз етіп отырған Бибіғияс ана туралы жұтаң да болса мәліметтер бар. Оған тағы бір дәлел – Исламға дейін Сайрамда болған Ыдырыс пайғамбар мешіті, Қызыр пайғамбардың ата-анасының зираттары және сарай құрылыстары, жер асты үңгірлері бүгінге дейін сақталып қалған. Қызыр (ғ.с.) мешітінің мұнарасы сақталған. Ғасырлар өте бұзылған құландылары қайта қалпына келтіріліп отырған.

Бүгінде Бибіғияс ананың кесенесі шын мәнінде қараусыз қалған. Оны көріп жаның құлазиды. Дүние қуған кәсіпкер қасиетті жерден асхана (кафе) ашыпты. Кесене сол асханаға тиесілі бөлме сияқты жұрт назарынан тыс қалған. Кесененің күмбезін жұлып алып, лақтырып тастаған. Асхана иесі уақыт өте өз меншігіне алуды ойластырған ба деген ойлар бізге маза бермеуде. Әулиенің киесінен, қасиетті иесінен абай болған жөн шығар.

Кесене ішіне кірсеңіз, жадағай, сұрықсыз көрініске тап боласыз. Кесене айналасында зиярат жасаушылар үшін тізе бүгетін жер де жоқ. Бибіғияс ана кесенесінің іргесінде жиырма қадам жерде үлкен мешіт орналасқан. Мешіт имамдары жанындағы Бибіғияс ана мен Қарашаш анаға соншама бей-жай қарай ма? Бұл өзекті мәселеге руханият өкілдері бірінші кезекте назар аударуы керек емес пе? Біле білсек, мұндай қасиетті орындар, Алланың нұры жауған сансыз бабтар мекені әлемде жоқ.

Ал барымызды бағалай алмай біз жүрміз. Сайрамның бағзы тарихын, ғажайып ескерткіштерін көрсете білсек, таныта алсақ, мақтаныш. Не істеу керек? Жанашырлық, жаңашылдық қажет. Жергілікті әкімдік, мәдениет басқармалары Сайрам ескерткіштерін қорғау жолдарын ойластырып, тез арада ілкімді шаралар қабылдауы тиіс.

Ең бастысы, Сайрам ескерткіштерін, киелі жерлерді сақтай, таныта білетін, қалпына келтіретін Отырар мен Түркістандағыдай мекеме – Сайрам мемлекеттік қорық-музейі құрылуы аса қажет. Сонымен қатар Сайрам ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның мәдени ескерткіштер тізбесіне енгізуге күш салған жөн. Сонда ғана біз ұлы бабалар алдындағы, болашақ ұрпақ алдындағы парызымызды орындаймыз.

Мұхитхан МИРАЗОВ,
«Қазақтану» ғылыми-зерттеу
орталығының директоры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.