Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы сараланды Избранное

Среда, 29 Январь 2020 04:08 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5257 раз

Әбу Нәсір әл-Фараби Шығыс-Ислам өркениетінің қайнар бастауында тұрған ғұлама ғалым. Ол өзіне дейінгі мұсылман ғалымдарының еңбектерімен танысып қоймай, ежелгі грек классиктерінің еңбектеріне ғылыми түсініктеме жазып, оларды одан әрі жетілдірген тұлға.

DSC 2621

Осы еңбегі үшін оны бүкіл әлем «Екінші ұстаз» деп қастер тұтады. Әл-Фарабидің өмірі мен ғылыми мұрасында әлі де зерттеуді қажет ететін тұстар өте көп. Біз осы тақырыптарды зерттей отырып, адамзат өркениетіне қомақты үлес қосқан ғұламаның біздің жерлесіміз екенін жас ұрпаққа дұрыс насихаттай білуіміз керек.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде өткен «Әлемнің екінші ұстазы Әбу Нәсір әл-Фарабидің ғылыми-әдеби әлемі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда аталған университеттің проректоры Рауан Бегалиева осылай деді.

Конференцияға Түркиядағы Хадж Байрам Вели атындағы Анкара университетінің профессоры Конуралп Эрджуласын арнайы келіп, «Әл-Фараби дәуірінде Отырар алқабын мекен еткен тайпалар және олардың мәдениеті» тақырыбында кең ауқымды баяндама жасады. Сонау Ғұн дәуірінен бастап Сыр бойын мекен еткен тайпалардың орналасуы мен көші-қонына талдау жасаған ғалым Әл-Фараби өмір сүрген дәуірде Отырар қаласының маңын түргеш, қарлұқ және қимақ атты түркі тайпаларының мекендегенін тарихи деректермен дәлелдеп берді.

Сөйтіп, «Әбу Нәсір әл-Фараби этникалық жағынан осы үш тайпаның бірінің өкілі болуы әбден мүмкін» деген ғылыми болжам айтты. Айта кетейік, тарихи деректерде ғұламаның этникалық шығу тегі туралы нақты мағлұмат сақталмаған.

Конуралп Эрджуласын осы тайпалардың шаруашылығы мен мәдениеті туралы мағлұмат бере отырып, жоғарыда аталған үш тайпаның да қазіргі түркі тілдес халықтардың ата-бабасы екені талас тудырмайтынына тоқталды. Осыны ескерсек, екінші ұстаздың бүкіл түркі халықтарының ортақ мақтанышы, әсіресе, осы өлкенің байырғы автохтонды халқы – қазақтардың тікелей ата-бабасы екені айқын екенін айтты.

Айта кетейік, конференция барысында ОҚМПУ-дің оқытушы-профессорлары Әл-Фарабидің ғылыми мұрасының әр тармағы бойынша мазмұнды баяндамалар оқыды. Жалпы, конференцияға 100-ден астам ғылыми мақала мен баяндамалар келіп түскен.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.