Әбу Нәсір әл-Фараби әлемі Избранное

Среда, 05 Февраль 2020 03:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3223 раз

1579259328 image l

Осы сапардан кейін, 1981 жылы академик Рахманқұл Бердібай, қоғам, мемлекет қайраткері, этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібеков т.б. қазақстандық қайраткерлер Қазақстан делегациясының құрамында Сирия араб Республикасына барып қайтты. Ғалым Рахманқұл Бердібай бұл сапары туралы алдымен «Лениншіл жас» газетінде «Сириядан келген сый» деген хабар, кейін «Жұлдыз» журналының 1981 жылғы №11 санында «Шам елінде» деген көлемді зерттеу мақала жариялады.

Ғалым мақаласында араб елдері мен Орта Азия, Қазақстан халықтарының арасындағы мәдени қарым-қатынасын, араб алфавитінің біздің мәдениетіміздегі орны мен қызметін, араб әдебиеті шығармаларының Қазақстанға ежелден кең тарап келгендігін, қазақ әдебиетінде шығыс поэзиясына тән дәстүр тағлымдарының сан тарау екендігін, қазақ орта мектептерінде шет тілдері қатарында араб тілі оқытыла бастағанын айтады. Сонымен қатар, С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде араб бөлімшесінің ашылғанын, онда Ә. Дербісәлиев, М. Мәженова, Б. Көмеков, Н. Өсеров секілді болашағынан зор үміт күттіретін шығыстанушы ғалымдардың еңбектеніп жатқанын баяндады.

Араб халықтарымен достық байланыста бүкілодақтық совет-араб достығы қоғамының қазақ бөлімшесінің қыруар іс атқарғанын және Сирия сапарында Әбу Нәсір әл-Фараби бабасының ізімен өзі аралап көрген сол елдің тарихи тағдыры болған Дамаск, Басра, Пальмира, Хомс, Тартус, Латакия қалаларының сәні мен салтанатын, сұлулығы мен жарасымдылығын, өз құдірет болмысымен бағамдап суреттейді.

Сол ғажайыптардың ішіндегі әлемнің жеті және отыз жеті кереметінің бірі болған ертек-қала Пальмираның адамзат тарихындағы қала сұлулығының үлгісіне, барлық пен сәндіктің көрмесіне айналған дәуірін, аяусыз қиратылып күлге айналған қайғылы тағдырын, Сирияның жер астында көміліп қалған құпиясының көбін жасырып жатқан бес мың жылдық тарихы бар өлі қала Угариттен ең ескі жазу табылғанын әңгімелейді.

Осы сапарда сириялық достары сыйға тартқан Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыздың бюст-ескерткішінің жайын былай баяндайды: «Сирия жеріне барғаннан-ақ әл-Фараби ескерткішін» көруді аңсаған едім. Өйткені,Отырар қаласында туған данышпан жерлесіміз өмірінің көбі араб елдерінде, Мысырда, Бағдатта, Дамаскіде, Алеппода өткізгені, өзінің өшпес еңбектерін сол өңірде жаратып, мәңгілік даңққа бөленгені мәлім. Әл-Фарабидің қайтыс болып, қабірі қалған жер Дамаск болатын.

Оның үстіне 1975 жылы Алматыда Фараби мұрасын зерттеуге арналған халықаралық ғылыми конференция өткен кезде Сириядан келген қонақтар Дамаскіде ұлы ғалымға ескерткіш орнатылды дегені де есімізде еді. Бұл деректі бізбен бірге Сирияға барған белгілі кинооператор Алмас Байұзақовқа ескерттім. Күні бұрын белгіленген маршрутпен он күнді өткізіп, Москваға ертең қайтамыз деп отырған кеште ғана ойламаған жерден әл-Фараби жайын білетін адамдар кездесе кеткені.

Сирия-совет достық қоғамы ұйымдастырған кеште аудармашы, ғалым жазушы Сулейман Зайдиямен қатар отырып қалдым. Ол Москвада оқыған. Шыңғыс Айтматов шығармашылығы бойынша диссертация қорғаған екен, оның жетекшісі маған таныс, белгілі орыс- совет зерттеушілерінің бірі болып шықты. Әңгімелесе келе мен Сулейманға «Сирияға келгеніме он күн болды, әл-Фарабидің ескерткішін көре алмай кетіп барамын» деп өкініш білдіргенімде ол: «Фараби ескерткіші қаланың дәл ортасында, қаласаңыз қазір осы отырыстан шыққаннан кейін апарып көрсетейін» деді.

Содан кештегі барлық әңгімеміз тек осы тақырып төңірегінде болды. Сұхбаттасып отырған кісілердің бірі, Сирияның Москвадағы бұрынғы елшісі әл-Кафри Джабур еді. Ол маған әл-Фарабидің бюст-ескерткішін сыйламақ болды. Сонымен түнделетіп болса да, төрт кісі Сүлейман Зайдия, әл-Кафри Джабур біздің сапарлас серігіміз Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитеті председателінің орынбасары Изида Андреевна Кондратьева және мен ұлы бабамыздың ескерткішін шам жарығымен көруге тура келді. Биік тұғырға қойылған ғалым бюстінің төменгі жағына «Әл-муаллими ас-сани» (екінші ұстаз) Әбу Нәсір әл-Фараби 870-950 ж.ж.» деп жазылған екен... Бір қызығы, ескерткіш тұрған көшенің аты да – әл-Фараби. Мұнан кейін әл-Кафри Джабурдың ескерткішке тиіп тұрған үйіне кіріп, бір кеседен шай ішіп, әл-Фараби бюст ескерткішін алғыс айта отырып алып қайттық. Бұл ескерткіш мен үшін Сирия сапарындағы ең үлкен олжадай болды».

Ал, 1991 жылы бірнеше жыл Сирияда іссапарда болған қазақстандық гидрогеолог Нұрмахан Әметұлы Қошқарбаев біздің (А. Жұмашев) өтінішімізбен, әкесі Әметтің тапсыруы бойынша Дамаскіде арнайы болып, баба зиратын, құлпытасын, еңбектері жарияланған бірнеше кітаптарды суретке түсіріп, қоғамдық негізде біз (А. Жұмашев) ашқан Әбу Нәсір әл-Фараби музей-кітапханасына тапсырған болатын. Біз кезінде Нұрмахан Әметұлының осы сурет деректері бойынша бабамыздың қабірін, құлпытасын алғаш рет «Әбу Нәсір әл-Фарабидің қабірстаны» деген тақырыпта көлемді мақала жарияладық.

Сол жылдың 14 мамырында Президенттің сол кездегі кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Құл-Мұхаммед Каирден қайтар жолда Дамаскіге соғып, Әбу Нәсір әл-Фараби және оның қабірстаны жөнінде бірсыпыра деректер алып, оны республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 2003 жылғы 12 желтоқсандағы санында «Ұлттың ұлы ұстазы» деген тақырыпта жариялады. Ол Каирге Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың әлем діндерінің басшылары мен аса ірі дін қайраткерлеріне қазақ елінің жаңа елордасы Астанада бас қосып, мәслихат құруға сауын айтқан шақыруын саны миллиардтан асатын мұсылман-сүнниттердің ұлы имамы әз-Азһар шейхы Мұхаммед Сайд Тантауйге жеткізу үшін арнайы іссапармен барған болатын.

Тағы бір даңқты бабамыз, Мысыр мәмлүктерінің көсемі Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс туралы дерек жинап, тағзым еткен «Оңтүстік Батыс ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик Әбдірахман Омбаев еді. Ол 2000 жылдың шілде айында Йордания, Сирия, Түркия мемлекеттеріндегі фермерлік шаруашылықтардың жұмысымен танысу іссапарында, Дамаск қаласында арнайы болып, бабасы әз Заһир Бейбарыс Сұлтанның рухына тағзым етті. Ғалым бұл сапары туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 2001 жылғы 31 шілдедегі санында «Бейбарыс баба ізімен...» атты мақала жариялады. Ал, шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлі Үндістанның Кашмир өлкесінен, «Мазар –и - Салатин» мазаратынан тарихшы, қайраткер Мұхаммед Хайдар Дулатидің қабірін тапты...

Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы елшісі Б. Әміреевтің Дамаск қаласының әкімі Баширмен алдын ала жасаған келісімі негізінде Мәдениет, спорт және ақпарат министрінің тапсырмасымен 2005 жылғы 19-26 мамырда «Қазқайтажаңғырту» мемлекеттік мекемесінің бас директоры Қанат Қымызұлы Тұяқбаев бастаған техникалық топ Дамаск қаласында болып, Әбу Нәсір әл-Фараби жерленген жерді және Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс кесене-мешіт-кітапхана-мектебінің құрылыс жағдайын зерттеп, тексеріп қайтты.

Осының нәтижесінде Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс кесене-мешіт-кітапхана-мектебін қайта жаңғырту, Әбу Нәсір әл-Фараби этно-мәдени орталығын салу жұмыстарына байланысты «Екі жақты құқылы комиссия мүшелерін анықтау», «Жер мәселесін келісу, Қазақстан атына аудару жолдарын шешу», «Орындаушыларды анықтау», «Жер құнын және жоба құнын анықтау» секілді өкіметаралық келісімдердің шешілу деңгейі анықталды. Сондай-ақ, құрылыстардың алғашқы сметалық құны анықталды.

33

Осыдан кейін 2006 жылы құрамында Қазақстан Республикасы Діни басқармасының төрағасы, Бас муфти Әбсаттар қажы Дербісәлі, «Білім» баспасының директоры Жарылқасын Нұсқабайұлы, Әбу Нәсір әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің ректоры Төлеген Қожамқұлов, Отырар ауданының әкімі Әлімжан Құртаев, қоғамдық негіздегі Әбу Нәсір әл-Фараби музей-кітапханасының меңгерушісі Абдулла Жұмашев (қазіргі «Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейі» мемлекеттік-коммуналдық қазыналық кәсіпорнының тұңғыш директоры), (Хабар) агенттігінің журналистері бар Қазақстан делегациясы (делегация басшысы Әбсаттар қажы Дербісәлі) Әбу Нәсір әл-Фарабидің туған жері Отырардан бір уыс туған жер топырағын алып Дамаскіге барып, оны ұлы ойшылдың «Баб ас-Сағир»-«Кіші Қақпа» мазаратындағы қабіріне салып, гүл шоғы ретінде дерменесі мен жусанын қойып, қабір топырағын туған жерге жеткізіп, Арыстанбаб мазаратына салды.

Сондай-ақ, осы шаһарда жерленген Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс пен оның ұлы Сайд Заһирұлының кесене-кітапхана-мешіт-медресесіне барып зиярат етілді. Ал, 2008 жылы «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Қанат Тұяқбаев, Сирияның Қазақстандағы құрметті консулы Самир Дерех, «Дара» ЖШС-нің президенті, архитектор Алмас Жансүгіров және Абдулла Жұмашев Сирияда болып, Башар Асадтың келісімі бойынша қайта жаңғыртылып жатқан Сұлтан әз-Заһир Бейбарыстың кесене-кітапхана-мешіт-медресесінің құрылысымен және келісімге орай, Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыздың басына салынатын этно-мәдени орталықтың құрылысын бастауға байланысты іс-шаралармен, сондай-ақ Әбу Нәсір әл-Фараби музейінің тақырыптық-экспозициялық жоспары бойынша, Қазақстан және Сирия жағынан қандай экспонаттар дайындау керектігін жоспарлап, болашақ музейдің ішкі құрылысының нобайымен, музей жиһаздарын жасайтын және Сұлтан әз-Заһир Бейбарыстың кесене-кітапхана-мешіт-медресесінің, Әбу Нәсір әл-Фараби этно-мәдени орталығының жарықтандыру қондырғыларын орнататын фирмалардың жұмыстарымен танысып, тиянақтады.

Абдулла Жұмашев,
әдебиетші, этнолог, өлкетанушы,
Мәдениет қайраткері

(Жалғасы сайтымыздың алдағы сандарында)

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.