«Я сам» аналарға үміт, балаларға мүмкіндік сыйлайды Избранное

Среда, 05 Февраль 2020 04:08 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 293 раз

Шымшаһарда ел алғысына бөленген ақ халатты абзал жандардың қатары аз емес. Дегенмен дәрігер Назира Ундаганова жайлы әңгіме бір басқа. Сырқат балаларды қоғамға бейімдеп, сауықтыруға күш салып келе жатқан үш баланың анасы бес жыл дегенде жаңа ғимарат алып, сауықтыру орталығын ашқан. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өзі дайындаған жаңа тәсілмен ем-дом шараларын жүргізіп отырған дәрігермен біз де сұхбаттасуды жөн санадық. Кейіпкеріміз «Я сам» орталығының жұмысы мен созылмалы дертпен күресіп жүрген балалар жайында әңгімелеп берді.

DSC 1795

– Церебралды сал аурулармен ауырған науқастарға көмектесіп келе жатқаныма 20 жылдан асты, - деп бастады әңгімесін орталық директоры Назира Жұмабекқызы. – Институт бітіріп келгенімде балалармен сөйлесуге жүрегім дауаламайтын. Қорқынышым басым болды. Үшінші перзентіме декреттік демалыс алғанда осы орталықты ашуға кірістім. Шама-шарқымыз келгенше бар тірлікті өз күшімізбен бастадық. Бес жылдай ғимаратты жалға алып жүрдік. Себебі ғимарат салу үшін көп қаражат керек еді. Сондықтан «Даму» қоры арқылы кепілдендіріп, 7 пайызбен несие рәсімдеп, қазіргі Арғынбеков көшесінде орналасқан ғимаратқа көштік.

Орталық церебралды паралич ауруына және басқа да сырқаттарға ұшыраған, интеллектуалдық дамуы төмен, сонымен қатар Даун синдромына шалдыққан мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған. Мекеменің бір ерекшелігі, мұнда әр бала үшін коррекциялық және реабилитациялық дамудың жеке әдісі жасалған.

– Емдеу барысында өздігінен отырып тұра алмайтын балаларға алғашқы қадамдарын жасауға көмектесеміз. Арнайы жаттығулар, массаж жасаймыз. Оңалту орталығына күніне орташа есеппен 20-30 науқас келеді. Олардың қатарында Тараз, Нұр-Сұлтан, Ақтау, Орал қалаларынан келушілер де бар. Әрине, барлық ем-домы ақылы түрде өтеді. Бірақ бұл біз дайындаған арнайы емдік тәсілдердің мүмкіндігі екенін айта кеткен жөн. Сауықтыру ұзақ әрі күрделі процесс. Реабилитациялық емдеу курсы 10 күнге созылады. Науқас күніне 2 сағаттан жаттығады.

Үзбей келушілердің ішінде қимыл-қозғалыстары жақсарғандарын байқаймыз. Бұл мен үшін бизнес демес едім. Осы салаға келіп, балалардың жағдайын көре тұра оларға көмектеспеу алдымен ана деген атыма, дәрігер деген антыма сын. Біз аналарға үміт, балаларға жаңа мүмкіндіктер сыйласақ дейміз. Кейде түскен қаражат қызметкерлердің жалақысы мен төлеп отырған несиеден артылмай қалады. Әуелгі мақсат көмектесу болған соң, бастысы бір бала болсын қуанса деймін. Сондай-ақ, балаларды арнайы көлікпен қамтамасыз етіп отырған Шымкент қалалық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы В.А.Тороповқа алғысымды білдіремін.

DSC 1788

Орталықта балалары созылмалы, туа бітті ауруға шалдыққан ата-аналардың қатары көп екен. Солардың бірі – Мадина Болатбекова. Ол қаладағы оңалту орталықтарында кезек күтіп, уақыт өткізіп алатынын айтады. Қызы Зара Ибрагим осы сауықтыру орталығына келгеннен кейін қимыл-қозғалысы жақсарып, аяққа тұрған.

– Келіп-жүргенімізге төрт жылға жуық уақыт болыпты. Орталықтағы дәрігерлермен бір отбасы болып кеттік. Бұған дейін елден естіген жерлердің біразын аралап, табанымыздан тоздырдық. Бірақ қызым осында келгенде қимылдары байқалды. Орталық аумағына айрықша инклюзивті балалар алаңы орналасқан, мұнда олар түрлі жаттығулар жасайды, өздерін тік ұстап, координацияларын, жалпы және шағын моториканы, күштерін, ептілігін, көру қабілеттерін, тактильді сезінулерін жетілдіреді және топ болып ойнауға бейімделеді.

Жалпы, орталық айналасында мүгедек арбасындағы және мүмкіндігі шектеулі балалардың еш кедергісіз қозғалуы үшін барлық жағдай жасалған. Өзгерістерді көрген соң үзбей келіп тұруға тырыстым. Қызым жүре алмайтын. Қазір аяққа тұрды. Жүруді үйренді. 11 жасар қызға қимылдарын әлі де жетілдіру керек. «Қасиетті жол», «Мейірім» оңалту орталықтары сияқты портал арқылы емдеуге мүмкіндік берсе, қане. Көп ата-аналардың ақшасы жоқ. Жолдаманың да есебі бар. Әркім өзінің мүмкіндігінше емдеп жүр. Бастысы баламыздың саулығы. Осылар жазылып кетсе, көз-алдымызда ойнап күлсе арман бар ма?! - дейді көз-жасына ерік берген ана.

Ал қалалық денсаулық сақтау басқарамасының штатан тыс бас реабилитологы Мейрамкүл Бауланқызының берген мәліметтеріне сүйенсек, шаһарда сал ауруына шалдыққан балалардың саны 1131-ді құраған. Оның ішінде 2018 жылы 967 бала мүгедек деп танылған. Дәрігердің сөзінше, жүйке жүйесі ауруларының ішінде церебралды паралич ауруына шалдыққандардың үлесі басым.

– Қаладағы мемелекеттік 3 оңалту орталығы жалпы 316 орынға лайықталған. Бұған қоса, «Қасиетті жол» қайырымдылық қорында 50 орын, Эскулап оңалту орталығында 22 төсек орын бар. Аталған сауықтыру орындарынан балалар тегін оңалтудан өтеді, - дейді М.Алтаева.
Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс екенін атап өткен болатын.

– Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлау алдындағы бағдарламамда айттым. Үкіметке енді осы мақсатқа үш жыл ішінде кем дегенде 58 миллиард теңге бөлуді тапсырамын, – делінген «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында.

Түйін.

Осыдан бірер уақыт бұрын редакциямызға бір ана қоңырау соғып, мұңын шақты. Перзентінің ауыр дертімен алысқан ананың әңгімесін тыңдаудың өзі қиын еді. Тағдыр тауқыметін кешкен оны жолдасы тастап кеткен көрінеді. Үш перзентінің үлкені кәмелетке толса да өздігінен жүріп тұра алмайды. Бауыр еті баласын 18 жыл арқаласа да «шаршадым» демеген ол мұндай ерекше күтімді қажет ететін отбасыларға материалдық көмектен бөлек, моральдық қолдаудың өзі ауадай қажет екенін айтқан.Ал кейіпкеріміз Назира Жұмабекқызы мемлекеттік қолдаудың аясында бір оқпен екі қоян олжалағанын сөз арасында айтып қалды. Балаларды бауырына басып, олардың саулығын тілеген дәрігердің мейірімділігіне сүйсініп қалдық...

Последнее изменение Среда, 05 Февраль 2020 06:53