Жастарды тану мен түсіну елді дамытуда айрықша маңызға ие Избранное

Среда, 05 Февраль 2020 04:16 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2187 раз

Өткен жылы елімізде Жастар жылы болғаны белгілі. Ал, биылғы 2020 жылды ҚР Президенті Қ.Тоқаев Еріктілер жылы деп жариялады. Осының өзі мемлекеттің жастар саясатына ерекше назар аударып отырғанын көрсетеді.

45

Мемлекет басшысы волонтерлік қызметпен айналысатын студенттерге ақы төлеу туралы шешім қабылдады. Ендігі жерде еліміздің 17 аймағында «Bilim», «Sabaqtastyq», «Saylyq», «Taza Qazaqstan», «Asyl mura», «Qamqor», «Umit» атты жалпыұлттық жобалар құрылып, волонтер болғысы келетін азаматтарға кеңес берілмек. Аталмыш жобалар аясында волонтерлердің түрлі бастамалары қаржыландырылмақ.

Әрине, мұның бәрі құптарлық қадам. Жалпы, соңғы жылдары мемлекет жастарды қолдауға мол қаржы бөліп, түрлі бағдарламалар да қабылдап жатыр. Біздіңше, осы әрекеттердің нәтижелі болу-болмауы жастарды тану мен түсінуге байланысты.

Иә, бүгінде қазақ қоғамы үлкен өзгерістерді бастан өткізуде. Әсіресе, жастар қатты өзгеріп барады. Арғы жағын айтпағанда, қазіргілерді осыдан жиырма жыл бұрынғы жастармен салыстыра алмайсыз. Олардың дүниетанымы, санасы, психологиясы басқаша. Сәйкесінше қазіргілердің өмір салты, жүріс-тұрысы, киім киісі, тыңдайтын музыкасы мен көретін киносы ғана емес, қажеттіліктері, басымдықтары, армандары, өзара қарым-қатынасы және өмірлік мақсат-мұраты да өзгеріп кеткен. Оларды зерттеу, тану, жас буынға не маңызды екенін толық түсіну – мемлекеттің одан әрі даму бағыттарын айқындауда үлкен маңызға ие.

Кешегі кеңестік кезеңде жастар дегеніміз біртұтас әлеуметтік топ болатын. Балалар пионерлік тәрбие алатын да, есейгенде комсомол жастар ұйымына мүше болатын. Бірыңғай идеологияның ықпалында өсіп, бірдей білім алып, бір-біріне ұқсас жаңалықтар мен әндер тыңдап, фильмдер тамашалайтын жастардың бір-бірінен көп айырмашылығы бола қоймайтын. Олардың арман-мақсаты мен өмірлік қажеттіліктері де қарайлас келетін. Бүгінде жастар саясатын қалыптастыратын, оларға арналған бағдарлама жасайтындар қазіргі жастарды да сондай біртұтас әлеуметтік топ деп қабылдайтын сыңайлы. Ал, іс жүзінде қазір олай дей алмайсыз.

Республикалық «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұрат баспасөзге берген сұхбаттарының бірінде жастарды шартты түрде бірнеше категорияға бөліп қарастырыпты. «Бірінші жастар – ол асфальтты жастар. Олар ауылдың не екенін білмейтін «индивидуализмі» басым жастар. Екіншісі – бұл ауылдағы жастар. Олар оқу оқымаған, оқуға бармаған таза «ауылда қаламын» деп шешім шығарғандар. Қалаға барса бірен-саран қара жұмыс істеп келеді, болды. Басқа кезде олар ауылда. Ал, үшінші санаттағылар – бұл ауыл мен қаланың ортасындағы мобильді жастар. Олар қалада да, ауылда да өздерін еркін сезіне алады» депті.

Әрине, шартты түрде осылай бөлуге болатын да шығар. Бірақ, жас буынның сан алуандығын тану үшін мұның өзі жеткіліксіз. Жастардың арасында ІТ-технологияларды игерген, бірнеше тіл білетін креативтілер де, ауылда мал бағатын, қалада жалданып жұмыс істейтін, арнайы білімі жоқ қарапайымдар да, мешіттен қалмайтын тақуалар да, К-РОР тыңдап, түнгі клуб жағалайтындар да бар. Енді осындай дүниетанымы мен ойлау жүйесі әрқилы жастардың барлығын өзгертемін деу, оларды бір арнаға, бір жолға түсіруге ұмтылу – бос әурешілік, тіпті, ағаттық.

Қазіргі ақпараттар тасқыны, тілдік, мәдени және діни саналуандық, жалпы жаһандану процесі тұрғанда Қазақстан қоғамының да көпқырлы, көп сипатты болатыны талассыз. Бізге мейлі ұнасын, мейлі ұнамасын, бұл – өмір шындығы. Олай болса, осы топтардың барлығына ортақ, бәрі де қастерлей алатындай әмбебеп құндылықтар жүйесін қалыптастыру – алдағы жылдардың күрделі де болса орындалуы тиіс міндеті.

Енді жастар туралы әңгімеге қайта оралсақ. Қазіргі жастар қаншалықты саналуан болғанымен, біздіңше, олардың барлығына ортақ бір ғана сипат бар. Ол – индиувидуализм. Жоғарыдағы аталған топтардың қай-қайсысының өкілі болмасын, қазіргі жастар кешегі кеңестік дәуірдің коллективизм рухында тәрбиеленген жастарына қарағанда әлдеқайда индивидуалист болып келеді. Олар алдымен өзін, өзінің қара басының қамын, әрі кетсе өз отбасын ойлайды.

Санадағы осы өзгеріс жастардың сөзі мен ісінде көрініс тауып жатады. Коллективизмді ту етіп көтерген идеологияның ықпалында өскен аға буын мұны қабылдай алмайды. Содан «жастар бұзылды», «шетінен өзімшіл, менмен» деп көпке топырақ шашатындар да кездесіп қалады. Бірақ, бір қызығы, ешкім кешегі коллективизмді шетке ысырып, орнына индивидуализмді енгізген жоқ. Бәрі өз-өзінен, табиғи жолмен болды. Мемлекеттік құрылым өзгерген кезде жастардың дүние-танымы қоса өзгерді де, ол қоғамдық сананың негізіне айналып шыға келді.

Коллективизм мен индивидуализмнің қайсысы қоғамға қайырлы? Бұл – саяси философия мен әлеуметтік психологияны зерттеуші ғалымдар арасында кемінде бір ғасырдан бері жалғасып келе жатқан пікірталас. Сондықтан мәселенің теориялық жағына тереңдемей-ақ, қолданбалы тұжырымдарға сүйене отырып қазіргі индивидуалист қазақ жастарының бірқатар ерекшеліктеріне көз жүгіртейік.
Ең әуелі коллективизм үстемдік құратын қоғамда баршаға ортақ идеология, баршаға ортақ таным болады. Коллективистік санадағы адам сол ортақ көзқарас пен танымның дұрыстығына имандай сенеді. Оған қарсы пікірді қабылдай алмайды. Қоғамнан, көпшіліктен басқаша ойлайтын адамды жек көріп, тіпті, оған күш көрсетуге дайын тұрады. Өмір (саясат, өнер және т.б.) туралы көзқарастарына бүк келген танымды жоққа шығарып, бір ғана көзқарастың үстем болғанын жөн санайды.

Негізінде мұның салдары ауыр болатынын ғылым дәлелдеген. Өйткені, бір жағынан бұл тоталитаризмнің пайда болуына жол ашса, екінші жағынан мұндай танымдағы адам жауапкершілікті мойнына ала алмайды, өзі бастама көтергісі келмейді. Көзқарастар мен құндылықтар ортақ болған соң проблемалар да ортақ деп есептейді де, қит етсе көмек сұрауға бейім келеді. Өз өміріндегі проблемаларға мемлекет пен қоғамды жазғыратындар осындай азаматтардан шығады.

Тіпті, коллективистердің кейбірі мемлекет я өзгенің мүлкін талан-таражға салуда тұрған ештеңе жоқ деп ойлайды.
Айналамызда әлі де коллективистік санадағы адамдар аз емес. Басқаша ойлап, басқаша ән айтса, басқаша жазып, басқаша таңдау жасаса – бірден талауға дайын тұрады. Жерден алып, жерге салады. Өзінікін ғана дұрыс санап, өзгені сол шеңберге тығып қоюға тырысады. Мұндай келеңсіздіктер тек аға буында ғана кездеседі деп айтудан аулақпыз. Арамызда коллективистік санадағы адамдардың тәрбиесін алған осындай жастар да бар.

Ал, индивидуалистер өзі үшін білім алады, өзі үшін жұмыс істеп, ақша табады, өзі үшін өмір сүреді. Бәрін өзі мен отбасының мүддесі, игілігі үшін істеген соң ол барын салады да, әрекеті көбіне нәтижелі болады. Әйтпесе, дана халқымыз «өзімдікі дегенде, өзгіз қара күшім бар» деген тәмсілді бекер айтты ғой дейсіз бе?! Әрі мұны айыптаудың, оған қарсыласудың қажеті жоқ. Адамның Құдай жаратқан табиғаты осындай.

Индивидуалистер өз тағдырына өзі ғана жауапты екенін сезінгендіктен олар өз проблемаларын өз бетінше шешуге ұмтылады. Олардың ұстанымы шамамен мынадай: Құдайға дейін – биік, әкімге дейін – алыс, сондықтан өз қамымды өзім жейін.

Әрине, мұндай дүниетанымдағы адамдар үшін қайырымдылық өмірдің өзі немесе оның мәні емес, қатардағы ритуалдардың бірі. Сол себепті индивидуализмнің дамуы қоғамның іштей қатаюына, мейірімнің кемуіне әкелуі де ықтимал. Тап осындай тұста жастарды волонтерлік қызметке материалдық ынталандыру арқылы тарту өте сәтті қадам болып отыр.

Алайда, мәселенің екінші жағы тағы бар. Өз тағдырына өзі жауапты адамдардың көбеюі – мемлекеттің мойнындағы әлеуметтік жүктемені азайтып, оның шын мұқтаждарға көбірек көңіл бөлуіне жол ашпақ. Өткен жылы атаулы әлеуметтік көмектің көлемі артып, аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына 21 мың теңгеден беріле бастағанда қандай жыр болғаны баршаға белгілі. Кедейлермен жағаласып, бақуатты адамдар да табысын жасыру арқылы көмек алуға ұмтылып жатты. Міне, осының барлығы біздің қоғамда коллективистік санадағы адамдардың көптігін аңғартады.

Индивидуализмді сынға алған ғалымдардың негізгі аргументі – біреу. Олар индивидуализм патриоттық секілді қоғамдық құндылықтарды жояды деп есептейді. Оның соңы анархияға әкелуі мүмкін деп топшылайды. Алайда, әйгілі ғалым, Нобель сыйлығының иегері Фредрих Хайек индивидуализмнің анархиядан принципті айырмашылығы, оның мемлекетпен қарым-қатынасында жатқанын дәлелдеді. Ғалымның пайымдауынша, азаматтардың мемлекетке өзімен тең серіктес деп қарауы қоғамдық қатынастардың құқықтық негізде қалыптасуына ықпал етеді. Яғни қоғамда индивидуалистік сана салтанат құрса, заң үстемдігінің орнауына да қолайлы орта пайда болды деген сөз.

Ғылымда «астам индивидуализм» дейтін терминнің де барын ұмытуға болмайды. Бұл енді адамның өз мүддесі үшін отбасын да шетке ысырып қоюын білдіреді. Бүгінде Қазақстанда отбасы институтының әлсіреп, ажырасудың көбейіп кеткені қоғамда осындай астам индивидуалистердің көбеюімен байланысты болуы да мүмкін. Бірақ, мұны кесіп айту үшін нақты зерттеулер жүргізу керек.
Қалыпты индивидуалистердің, керісінше, қоғамдағы әрбір мәселеге байланысты өз ұстанымы, өз көзқарасы болады.

Әрі олар өз отбасының берекелі әрі іргесі берік болғанын, молшылықта өмір сүргенін қалайды. Өзінің және отбасының мәселелері шешілген, өміріне көңілі толатын болса, индивидуалистер де кәдімгідей патриот бола алады. Тек «халық игілігіне қызмет ету», «мемлекет мүддесін қорғау» дегендей абстрактілі мақсаттарға қарағанда, «білімін жетілдіру», «өзін-өзі тұлға ретінде дамыту, ішкі мүмкіндіктерді ашу», «шет тілін үйрену», «қызметте өсу», «саяхатқа шығу, дұрыс демалыс», «табысты, дәулетті болу» сияқты нақты мақсаттарды биік қояды.

LS порталының хабарлауынша, халықаралық «BRIF Research Group» агенттігі 2018 жылы Қазақстандағы жастардың өмірлік ұстанымы мен көзқарасына қатысты зерттеу жүргізген. Еліміздің 7 қаласының 14-30 жас аралығындағы 627 тұрғыны онлайн-форум мен фокус-топтарға және сарапшылар сауалнамасына қатысқан. Сондағы анықталғаны, Қазақстан жастарының әзірге 15 пайызы ғана индивидуалистер екен. Тағы 65 пайызы көбіне өзі мен отбасының мүддесін жоғары қойғанымен, кейде жекелеген жағдайларда оны екінші планға ысыра тұруға әзір. Тек 20 пайыз жастар ғана өзгенің игілігін өз өмірінен маңыздырақ деп біледі. Мемлекет жастар саясатын дұрыс қалыптастырғысы келсе, міне, осындай зерттеулерді жиірек жүргізуі және оның нәтижелерін басшылыққа алуы тиіс.
Индивидуалист жастардың «барлығы жаман» деп топырақ шашуға да, «барлығы жақсы» деп мақтай салуға да болмайды.

Олардың әрқайсысы өзінше бір әлем. Тек индивидуалистердің жауапкершіліктен кейінгі екінші бір қасиетін айтпай кетуге болмайды. Ол – еркіндік. Сөз бостандығы, пікір алуандығы, таңдау жасау мен шешім қабылдаудың еркіндігі олар үшін қасиетті ұғымдар. Олар өз еркіндігін қорғап қана қоймай, өзгенің еркіндігі мен талғамына да құрметпен қарайды. Ал, бұл біздің қоғамға жетпей тұрған ең маңызды ұстанымдардың бірі.

Өкінішке қарай, бізде өз пікірін өзгеге таңу, адамның жеке басының мәселелеріне қол сұғу жиі кездесіп жатады. Қазақ отбасыларында жастардың таңдау жасау мен шешім қабылдау еркіндігі әлі толық қалыптасқан жоқ. Ал, отбасы қарым-қатынасының архаикалық үлгісі өзгермейінше, қоғамның да толық демократиялануы екіталай.

Қорыта келе айтарымыз, индивидуалистік санадағы жастардың өмірлік ұстанымы мынаған саяды: Әркім өз қалауы бойынша өмір сүруі тиіс, тек заң бұзбаса болғаны. Қоғам нарықтың айналасына топтасып, өмірдің өзі үлкен базарға айналған тұста, қоғамдық қатынастың бұдан артық кемел жүйесін ойлап табу да қиын сияқты.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Последнее изменение Среда, 05 Февраль 2020 04:25
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.