Жарнама парақшаларын жапсырғандар айыппұл төлейді Избранное

Пятница, 07 Февраль 2020 03:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1994 раз

Биыл Шымкент қаласы ТМД елдерінің Мәдени астанасы болып жарияланды. Сонымен бірге көне шаһар өзінің 2200 жылдығын да атап өтпек. Осы даталы оқиғаларға орай мегаполисте ауқымды іс-шаралар өткізу, шаһарды тамашалауға жан-жақтан келетін туристерді қарсы алу күтілуде.

 DSC8179

Дегенмен қаланың келбетін бұзатын, көңілді күпті ететін жәйттер де жоқ емес. Соның бірі – сыртқы жарнама. Рас, көрінген жерге жапсырылған жарнамалық парақтардан бүгінде көз сүрінеді. Аялдамаларды айтпағанның өзінде осы күнде жарнама жапсырушылар көше жиегіндегі электр бағаналары мен өсіп тұрған сәнді ағаштарды да әлем-жәлем етіп, шұбарлап тастады. Ендігі жерде бұлармен қалай күресу керек, проблеманы шешудің жолдары қайсы деген сауал туындап отыр. Міне, Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында қала әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиевтің төрағалығымен өткен «дөңгелек үстел» мәжілісінде осы мәселе жан-жақты талқыға түсті.

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, сыртқы жарнамаларды реттеу және шаһар көркін бұзуға жол бермеу мақсатында Кәсіпкерлер палатасында арнайы штаб құрылмақ. Штаб отырысында қала көшелерінің, ғимарат қасбеттерінің сұрқын қашырған жарнама жазулардан арылтудың жолдары қарастырылып, сол бойынша жоспарлар бекітіледі. Осы ретте қала басшысының орынбасары тұрғындарды бұл мәселеге сергек қарауды, Шымкент ТМД елдерінің Мәдени астанасы деген атқа лайықты болу үшін қаланың көркіне, тазалығына бәріміз жауапты екенімізді, сондықтан да заңсыз ілінген жарнамалармен күресуіміз қажеттігін ескертті.

Өз кезегінде Шымкент қаласының сәулетіне жауапты орган өкілдері көше жағалап жарнамалық хабарландырулар жапсыратын азаматтарды ҚР Әкімшілік кодексінің 505 бабына сәйкес жауапкершілікке тартып, айыппұл салу керек деген ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ қаладағы «Айна базар», «Самал базар», «Алаш базар» секілді сауда орындарындағы ғимараттардың сыртына жарнамалық жазбалар ілу сәнге айналған. Ал бұл заңға қайшы. Сол үшін жауапты мамандар базардағы орынды жалға алып отырған жеке кәсіпкерлер жарнамаларын алып тастауы тиіс, болмаса жазаны базар басшыларының өзі көтереді дейді. Негізінде мұндай жарнама ілгендерге ҚР Салық кодексінің 605-бабына сәйкес арнайы алым қарастырылған. Алайда, бұл заң талабы әзірге орындалып жатқан жоқ. Сондықтан базарлар жарнама ережесін сақтамайтын болса, оның салығы сол сауда кешендерінің басшыларына артылады.

Жиында қатысушылар тарапынан алдағы уақытта «шұғыл желі» құрылатыны айтылды. Бұған сәйкес жарнамаға қатысты қандай бір заңбұзушылықты байқаған қала тұрғындары қауырт желіге хабарласып, қаланың тазалығын сақтауға өз үлесін қоса алады. Ал, оқиға орнына жедел жету, сөйтіп кінәліні анықтап, айыппұл салу құқық қорғау органы қызметкерлерінің міндетіне жүктеледі.
Қала әкімінің орынбасары Б.Мамыталиевтің айтуынша, «дөңгелек үстел» мәжілісін өткізудегі мақсат заң бұзғандардың атын атап, түсін түстеу емес, керісінше, жарнамамен айналысатын кәсіпкерлердің, жұмыс берушілердің алдына шығып, мән-жайды жан-жақты түсіндіру және бұл мәселе бойынша алдын ала ескерту жасау.

—Тазаланған жер таза емес, ластамаған жер таза. Осы қанатты сөздің өміршеңдігіне бүгінде әбден көзіміз жетті. Хабарландыру қағазын таратушылар әр тұсқа бір жарнама парақтарын жапсырып кетеді. Оны күн сайын «ЛТД Тұрмыс» компаниясының жұмыскерлері тазалаумен әлекке түседі. Жапсырушылар негізінен азын-аулақ ақшаға жалданған зейнеткерлер мен студенттер. Оларды ұстағанмен ешқандай жаза қолдана алмаймыз. Тіпті, кейбіреуі «ал қолыңнан келгенін істе» деп міз бақтырмайды.

Осындайда соларды жалдап отырған азаматтарды, жарнаманың шынайы егелерін анықтап, жауапкершілікке тарту керек. Міне, осы мақсатқа орай арнайы комиссия құрылып, онда заңсыз жарнама парақтарын жапсыратын пысықайлардың жолын кесетін жауапты тұлғаларды белгілейміз. Ең сорақысы, қазір адамдар парақшаларды қойып, еден сырлайтын бояумен жарнама жасауға көшкен. Қарапайым «жұмыс беремін» деген сөзді бояумен жазып, бүкіл жерді былғап жүр.

Сырланған жазу парақша емес жұлып тастай салатын, оны кетіру де қиын екені белгілі, -дейді жарнама агенттіктері қауымдастығының төрағасы Әлібек Бакиев.
Кәсіпкерлерді жарнама ережесін сақтауға шақыру жұмыстарына қаладағы бизнес өкілдеріне қызмет көрсететін Фронт офис мекемесі де жұмылдырылмақ.

Әнуар НҰРЖІГІТҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.