Версия для печати

Мобильді орталықтар жұмыс табуға жол ашады Избранное

Среда, 12 Февраль 2020 03:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2039 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Өткен жылы ҚР Премьер-министрі А.Мамин жұмыссыздықты азайту мақсатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жұмысқа орналастыру орталықтарын құруды тапсырған болатын.

 DSC8363

Осыған сәйкес кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Шымкент қаласында он мобильді жұмыспен қамту орталықтары құрылды. Мобильді орталық дегеніміз шағын ғана вагон тектес кеңсе. Сыртқы дизайны, безендірілуі ерекше. Сондықтан сонадайдан бірден көзге түседі.

Мұндай орталықтар қаланың Әл-Фараби алаңында, «Гиперхаус», «Атлант» сауда үйлерінің маңында, «Самал», «Айна базар», «Автонұр», «Қырғы базар» сауда орындарында, Орталық саябақта және Халыққа қызмет көрсету орталығы жанында орналастырылды. Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы А.Әбдіқадірованың айтуынша, былтыр аталмыш мобильді орталықтарда 32 мыңнан астам адам бизнес, жұмысқа орналасу мәселелері бойынша әртүрлі ақпараттар мен көмектер алған. Солардың ішінде 683 адам нақты жұмысқа тұрса, 4241 азамат палатаның «Бастау бизнес», ал 29 жасқа дейінгі 583 жас «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша кеңес алып, курстық оқуға жіберілді. Жыл басынан бері осы мобильді орталықтардың көмегіне 8 мыңнан астам адам жүгінген.

Аталмыш орталықтардың әрқайсысында 4 менеджер 1 психолог жұмыс істейді. Психолог көп жағдайда келушілерге рухани тұрғыдан көмек көрсетеді. Яғни олардың мұң-мұқтажын тыңдап, басындағы проблемаларынан құтылудың жолдарын көрсетіп береді. Сондай-ақ психологиялық тесттен өткізіп, әр адамның қай жұмысқа икемі, қабілеті барын анықтайды.

–Орталыққа бас сұққандардың 30 пайызын баспана мәселесі мазалап келген болса, 19 пайызын бизнесте нақты білім, біліктілігі жоқ азаматтар құрады. Сондай-ақ көмек алғандардың 11 пайызының мамандықтары талапқа сай болмай шықса, жалпы келушілердің 10 пайыз үлесі бизнес бастауға қаржысы жоқтарға тиесілі. Кәсіпкерлер палатасы қаладағы кәсіпорындармен инстаграм желісі арқылы тікелей байланыста. Сондықтан бос жұмыс орындары туралы ақпаратты күн сайын алып отырдық. Соған қарай келген азаматтарды дер кезінде жұмысқа орналастырдық. Әрине, мобильді орталықтың есігін қаққандардың барлығы бірдей жұмыс тауып кетті дей алмаймыз.

Бұған түрлі жағдайлар себеп. Мәселен, біреуінің кәсіби біліктілігі сәйкес келмейді, екіншісін жұмыс берушінің қойған талаптары қызықтырмауы мүмкін. Қысқасы осындай түрлі себептер табылады. Дегенмен, барлық азаматқа қолдан келген көмек беруге тырысамыз. Жұмысқа орналасып кетпесе де, кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқып, келешекте жеке кәсібін бастауға мүмкіндік алады, - дейді палата сарапшысы А.Әбдіқадірова.

Ендеше кәсіпкерлерге қолдау көрсетуші ұйымның бүгінде іске асырып жатқан бағдарламаларының ішінен «Жас кәсіпкер» бағыты бойынша қандай жұмыстар атқарылғаны жөнінде қысқаша айтып өтсек. Мәселен, аталмыш бағдарлама аясында 29 жасқа дейінгі жұмыссыз ретінде тиісті органға тіркелген жастар кәсіпкерлер палатасында 25 күн бизнес негіздері бойынша тегін білім ала алады. Курсты аяқтап болған соң шәкірттердің барлығына арнайы сертификаттар тапсырылады. Сондай-ақ оқу барысында шәкірттер өздерінің жеке бизнес-жобаларын жасайды. Ал, оқу біткеннен кейін құрамында жергілікті атқарушы орган өкілдері бар комиссия мүшелерінің алдында өзінің бизнес-жобасын қорғайды.

whatsapp-image-2019-07-23-at-20 1563891862

Егер комиссия қорытындысымен бизнес-жоба тиімді деп танылса, оның иесіне мемлекет тарапынан 505 мың теңге көлемінде сыйақы, яғни грант беріледі. Бұл қаржыны жас кәсіпкер жеке бизнесін бастауға алғашқы капитал ретінде жұмсайды. Яғни, аталмыш грантқа шағын цехына қажетті құрал-жабдықтар сатып алуы мүмкін. Былтыр кәсіпкерлер палатасында «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша курс оқып, грант ұтып алған жастар саны 3 мыңнан асқан. Көпшілігі тігін, кондитерлік өнімдер шығаратын тағы сол секілді шағын цехтар ашамыз деген ниетпен бизнес-жобаларын қорғағандар.

Солардың арасында бүгінде Шымкент пен Түркістан облысында және өзге де көршілес өңірлерде танымалдығы артып келе жатқан «Ташкент шайы» өнімін шығарушы компания иесі де бар. Жалпы республиканың үшінші мегаполисі Шымкент қаласында жеңіл және тамақ өнеркәсіптері жақсы дамыған. Сонымен бірге, шаһарда шағын сауда нүктелері де жетерлік. Осыған байланысты қолдарына сертификат алған жастар да өздерінің болашақ бизнес бастамаларын халыққа сервистік қызмет көрсету саласына көбірек икемдейтін көрінеді.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлер палатасында қысқа мерзімді оқу курстары бар. Онда жұмыспен қамту орталықтарында тіркеуде тұрған азаматтар «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша 3 ай тегін оқып, қолдарына жаңа мамандық алып шығады. Бұл мамандықтар негізінен тігінші, аспаз, құрылысшы, дәнекерлеуші, токарь сынды жұмысшы мамандықтары. Оқу курсы қалай жүзеге асады? Алдымен азамат жұмыспен қамту орталығына қай кәсіпті игеруді қалайтыны жөнінде өтініш тастайды.

Белгілі бір мамандыққа адам саны толған кезде топ-топқа бөліп, қаладағы 27 оқу орталықтарының біріне курстан өтуге жіберіледі. Алайда бұл оқу орталықтары кәсіпкерлер палатасының арнайы тізімінде болуы шарт. Яғни оқыту мекемелерінің білім беру бағдарламасы палатаның қойған талаптары мен стандарттарына сәйкес болуы қажет. Былтыр 27 оқу орталықтарында 4 кезең бойынша 4005 адам білім алған.

Енді жаңа ережеге сәйкес оқу орталықтарын бітіруші шәкірттер тек қолдарына куәлік алумен шектелмейді, сонымен бірге, жауапты мекеме оларды жұмысқа орналастыруға міндеттеледі.
Жалпы мобильді жұмыспен қамту орталықтары жөнінде толық ақпаратты Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының инстаграм желісіндегі rabota.atameken.shymkent парақшасынан алуға болады.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.