ҚОРДАЙ ОҚИҒАСЫ: ПОСТФАКТУМ Избранное

Среда, 12 Февраль 2020 03:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 355 раз

Қазақстан халқының басты байлығы – бірлік. Еліміз бүгінге дейін қандай жетістіктерге жетсе де, қандай биіктерді бағындырса да, соның барлығының негізінде халықтың ынтымақ-бірлігі жатыр. Осынау қасиетті құндылықты сақтай білсек қана байырғы қазақ жерінде тарихи тағдыр тоғыстырған жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері жарасымды өмір сүріп, жарқын болашаққа қарай қадам баса аламыз.

crop-18 11 535x774 dgoba

Өкінішке қарай, өткен күндері Жамбыл облысының Қордай ауданында осынау қасиетті құндылығымызға нұқсан келтіріп, бірлігімізге сызат түсіретін жағдай орын алды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы оқиғаға байланысты арнайы мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы «Бейбітшілік пен қоғамдық келісім – біздің мемлекетіміздің берік негізі.

Халқымыз қиын-қыстау замандарда өзінің біртұтастығын сақтап қалған. Сондықтан, біз кейбір азаматтарға, соның ішінде арандатушыларға еліміздің басты құндылығын – ынтымақ-бірлігімізді бұзуға жол бермейміз. Бұл еліміздегі барша азаматтарға ортақ тілек деп санаймын» деді.

Иә, оқиғаның қалай өрбігенін, биліктің қандай шаралар қабылдап жатқанын ақпарат құралдары жарысып жазып жатыр. Біз осы оқиғаның орын алуына не себеп болды? Қоғам мен мемлекет қай жерден қате жіберді? Мұндай оқиғалар ертең өзге этнос өкілдері шоғырланған өзге өңірлерде қайталанбауы үшін не істеуіміз керек? Осы сауалдарға қал-қадірімізше жауап іздеп көрейік.

Біріншіден, Қордайда орын алған оқиға – нағыз трагедия. Қандай жағдайда да АДАМ ӨМІРІ – абсолютті құндылық. Бейбіт күнде 10 азаматтың жанын қиған қандықол қылмыскерлерді ақтауға да, жақтауға да ешкімнің құқығы жоқ (Сондықтан қаза тапқандардың жақындарының қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз). Қылмыскерде ұлт болмайды. Мемлекет өз азаматтарының жанын қиған кім екенін нақты анықтап, оларды қатаң жазалауы тиіс.

Екіншіден, бүгін өзге этнос өкілдері азаматымызды соққыға жығып, қадірменді қариямызға қол көтеріп, қызымыздың ар-намысына тиіп жатса, бұл – бүгінгі жастардың, әсіресе, өзге этнос жастарының Қазақстанның соңғы бір ғасырдағы тарихын жақсы білмейтінін, түсінбейтінін көрсетеді.

Шындығында ХХ ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары КСРО-да 3 миллионнан астам адам туған жерінен, елінен күштеп көшіріліп, мүлде жат аймақтарға қоныстандырылған. Қазақ жеріне сол уақытта Одақ аумағында тұрып жатқан немістердің 38 пайызы, шешен мен ингуштардың 83 пайызы, кәрістердің 59 пайызы, балқарлардың 55 пайызы, қарашайлардың 58 пайызы, гректердің 76 пайызы, күрдтердің 62 пайызы күшпен әкелінген. Қоныстанушылар Қазақстанның барлық облыстарына орналастырылған. Олардың саны кем дегенде 1 миллион 200 мыңды құрайтын-ды.

Күштеп қоныс аударылғандар туған жерінен мал-мүлкі, киім-кешегі мен ас-ауқатын да ала алмаған. Жүк таситын вагондарға тиеліп, Қазақстанға келгенде босап қалған мешіттер, мал қоралар мен жертөлелерге орналастырылған, тіпті мыңдаған адамдар ашық аспанның астында, жапан далада қалған. Аштық пен антисанитарлық жағдайда күнелткен халықтың арасында жұқпалы аурулар мен бит басу көбейгенін, мыңдаған адамдар айдалада өлім құшқанын тарихи деректер растайды.

Міне, сондай жағдайда қазақ халқы өзінің атамекеніне тағдыр тәлкегімен келген өзге ұлттарға қолынан келген бар жақсылығын жасады. Қазақтар далада қалған өзге ұлт өкілдерін жатсынбай үйіне кіргізіп алды. Өзі мен бала-шағасы ашқұрсақ отырса да қолындағы бір үзім нанын өзге ұлт өкілдеріне бөліп берді. Ата–әжелеріне осындай қамқорлық танытқан қазақ халқының сол жақсылығын бүгінгі буын ұмытып кетсе, бұл қиянат емес пе?

44

Ашығын айтайық, бүгінде Қазақстанда тұрып жатқан өзге этнос өкілдері қазақ халқының қонақжайлығының, мейірбандығы мен адамгершілігінің арқасында аман қалды. Қазақ жерінде өмір сүріп жатқан барлық өзге этнос өкілдері мемлекетқұраушы қазақ халқына қарыздар. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Өкінішке қарай, біздің білім беру жүйесі мен ақпарат құралдары, идеологияға жауапты органдар осы тарихи ақиқатты бүгінгі жастардың санасына сіңіре алмапты.

Үшіншіден, бұл трагедияның орын алуына белгілі бір дәрежеде мемлекеттік билік кінәлі екенін ашып айтуымыз керек. Әлеуметтік желіде таралған бейнежазбаларда жергілікті тұрғындар бұл қақтығыстың тамыры тереңде жатқанын айтады. Бұған дейін де талай жанжал болып, зорлық-зомбылық, соққыға жығу оқиғалары орын алған. Бірақ, кінәлілер жазасыз қалып отырған. Әйтпесе, қордайлық қандастарымыз бірден ашуға мініп, атқа қонған жоқ. Жұмыссыздық пен кедейлік жайлаған, полиция парақор, сот әділетсіз болып, заң үстемдігі орнамаған қоғамда құқықтық сана қалыптаспайды. Ал, құқықтық сана қалыптаспайынша, осындай қақтығыстардан қашып құтылу мүмкін емес.

Төртіншіден, Қордай оқиғасынан кейін қоғамда, әлеуметтік желілерде қазақтарға «нацпат» дейтін айдар тағып, «әсіреұлтшыл» деп айыптайтындар бой көрсете бастады. Жоғарыда айтқанымыздай, ызаға булығып, өзгенің өмірі мен дүние-мүлкіне қол салған шағын топтың әрекетін ешкім ақтамайды. Бірақ, бұл мемлекеттің негізін құрап отырған тұтас ұлтты жазғыруға болады деген сөз емес.
Қаз дауысты Қазыбек би бабамыздан:

«Біз қазақ дейтін мал баққан елміз,
Бірақ, ешкімге соқтықпай,
жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп
Найзаға үкі таққан елміз!
Дұшпан басынбаған елміз,
Басымыздан сөз асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз,
Дәм тұзын ақтай білген елміз.
Атадан ұл туса, құл болам деп тумайды,
Анадан қыз туса, күң болам деп тумайды,
Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз», – деген жалынды сөздер қалған.

Қазақ өзінің тумысынан интернационалист, кең қолтық, бауырмал халық екенін тарихта талай рет дәлелдеген. Бірақ, бұл қазақ өзінің ұл-қызын жылатып, қариясына қол көтертіп қарап отыра береді деген сөз емес. Өз атамекенінде абсолютті көпшілікке айналып, рухы оянып, өзінің шешуші күш екенін сезіне бастаған қазақтың ашуға булығып, атқа қонғанын қаламаса, мемлекет заңның үстемдігі мен оның баршаға бірдей екеніне толықтай кепілдік беруі тиіс. Қылмыстылар этникалық тегіне қарамай уақтылы әрі әділ жазалануы керек.

Айтайын дегеніміз, қазаққа интернационализм дәрісін үйретуге ешкімнің моральдық құқы жоқ. Қазақтың сүйекке біткен дархан болмысы барда ол өзгеге орынсыз тізе батырып, себепсіз теперіш көрсетуі мүмкін емес.

Біздің айтқанымыздың бәрі – Қордай оқиғасына қатысты постфактум. Ал, енді не істеуіміз керек? Міне, ең маңызды сұрақ осы. Бұл сұраққа байланысты белгілі саясаттанушы Айдос Сарым былай дейді:
«Әрине, бұл – қайталанбауы тиіс өте қорқынышты оқиға. Бұл жайт барлығына сабақ болуы керек. Біз күрделі уақытта өмір сүріп жатырмыз. Біздің қоғам үнемі қозғалыста және онда архитектоникалық өзгерістер жүріп жатыр. Бұл әлемде өзгермейтін, тұрақты ештеңе жоқ. Сондықтан, өткен жылдардың шаң басқан лозунгтарын бүркенбей, өз елімізді, өз қоғамымызды зерттеуіміз керек.

Біз қолда бардың бәрінен бір мезетте-ақ ажырап қалуымыз мүмкін екенін, бұрын жасырып келген жараларымыздың бәрінің бір сәтте беті ашылып, өзіміз көргіміз келмейтін дүниенің куәсі болатынымызды байқадық. Сондықтан қазір мерт болғандарды жерлеп, жаралыларды емдеп, ең бастысы – байыппен ойлану қажет. Халықтық дипломатия құралдарын ғана емес, гуманитарлық ғылымдарды – әлеуметтану, психология, конфликтологияны қолданып, қақтығыстың әрбір минутын зерттеу керек. Ассамблея институтының тиімділігін таразыға салған жөн. Мемлекеттік органдар мен ішкі саясат құрылымдарын реформалау қажет».

Біздіңше, мұнымен қатар ұлт мәселесіне, этносаралық қарым-қатынас қағидаттарына, жалпы бүкіл ішкі саясат иіріміне иненің көзінен өтердей өткірлікпен қарап, түбірлі шешімдер шығару керек сияқты. Этносаралық татулықтың деңгейін Ассамблея өткізген іс-шаралардың немесе 1-мамырда алаңға шыққан адамдардың санымен өлшеу интернационализмнің бүкіл игілігінің таразысы емес. Сондықтан барлық мәселені байыппен саралап, проблемалардың бетіне тіке қарайтын уақыт әлдеқашан жетті.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.