Версия для печати

Пандустар стандартқа сай ма? Избранное

Пятница, 14 Февраль 2020 03:20 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2800 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Елімізде «Қолжетімді Қазақстан» жобасы басталды. Мұндағы мақсат – мемлекеттік, коммерциялық және әлеуметтік секілді барлық қоғамдық нысандарда тұрғындардың қозғалысы шектеулі тобына жасалған жағдайға мониторинг жүргізу. Бұған қоса толыққанды интерактивті карта да жасалмақ.

 DSC8630

Осы жоба аясында Шымкентте рейд өтті. Оған Nur Otan партиясының мүшелері, әкімдік басқармалары мен үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
Мониторинг тобы Шымкенттің бір қақпасы саналатын теміржол вокзалындағы пандустарды тексеріп көрді. Мұның себебі де бар – қалаға келген қонақтар мен сапарға шыққан халық осы теміржол вокзалы арқылы өтеді.

– Біздің басты мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалған жағдайға бақылау жасау. Тұрғындардың осал тобына қолжетімді орта қалыптастыру бойынша мемлекеттік стандарт бар, - дейді партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Дария Қожамжарова. – Дегенмен, ол стандарт біраз жерде сақталмаған. Енді сол олқылықтарды анықтап қана қоймай, алдын алуға тырысамыз. Бұл жолы мониторингті қалаға кіре беріс қақпа – теміржол вокзалынан бастап отырмыз. Шымкент үшінші мегаполис, ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы десек, алып қаланың дамуы экономикалық қана емес, әлеуметтік тұрғыдан да бағаланады.

Мониторинг тобы мүшелерінің айтуынша, теміржол вокзалына көтерілер баспалдақтан бастап вокзалдың ішіндегі жағдай да мүмкіндігі шектеулі азаматтарға аса қолайлы деуге келмейді. Жаңартылған стандарт бойынша баспалдақтағы пандус текпешекпен бірге емес, оған дейін – 1 метр жерден басталуы тиіс. Бұл қоларбаға мінген жанның пандусқа көтерілуі жеңіл болу үшін жасалады. Сонымен қатар, мұндағы пандус жаңартылған стандартқа сай келмейді дейді үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері. Мысалы, вокзалға кіре берістегі баспалдақ тұтқышының биіктігі 110 см, ал стандарт бойынша оның биіктігі 80 см аспауы тиіс. Бұған қоса пандус жолағының ені қазіргі талап бойынша 85 см емес, 110 см болуы тиіс.

Бір қуантарлығы, кәдімгі баспалдақтың ені мен биіктігі қозғалысы шектеулі тұрғындарға қолайлы болып шықты. Дегенмен, «бұл жалпақ баспалдақта әр 2,5 метр сайын тұтқыш орнатылуы тиіс» дейді «Ұлар Үміт» ұйымының жетекшісі. Ал ол мұнда жоқ.

Сонымен қатар вокзал ғимаратының ішіндегі мүгедек азаматтарға жасалған жағдай мәз емес. Ғимаратқа кіретін пандустың тұтқышы тек бір жақты қойылыпты. Көмек шақыратын батырмасы ережеде көрсетілгендей пандус бас жағында емес, соңында бір-ақ орнатылған. Ал кассаға келген қоларбадағы жолаушы мен кассир бірін-бірі көре алмайды – терезе стандарт бойынша 80 см емес, одан биік орнатылған. Дәретханаға апаратын жолға да, дәретхананың өзіне де арнайы белгі оңай көрінетін жерге ілінбепті.

– Біз «Қолжетімді Қазақстан» жобасы аясында қозғалысы шектеулі топтарға әлеуметтік нысандарда жасалған жағдайға мониторинг жүргіземіз. Күн сайын осылай тексеріп жүрміз. Анық болғаны – теміржол вокзалында тек мүгедектер емес, қозғалысы шектеулі топтарға да жағдай жасалмаған. Ал қимыл-қозғалысы шектелген топқа мүгедектер ғана емес, қоларбасы бар ана, уақытша жарақат алғандар, зейнеткерлер де жатады. Ал мына пандустардан ешқандай ана қоларбамен шыға алмайды, - дейді «Ұлар Үміт» қоғамдық бірлестігінің директоры Дилара Омарова. – Айта кетейік, кез келген ғимарат 2015 жылға дейін пайдалануға берілсе, ондағы жағдайды қайта жасауға болады.

Оған міндетті. Ал егер ғимарат 2015 жылдың 1 шілдесінен кейін соғылса, ҚР заңнамасында көрсетілген мемлекеттік стандартқа сай қабылдануы керек. Вокзал басшыларының айтуынша, ғимарат жөнделген, бірақ, біз көрген тік пандусты қалыпқа сай жасауға қаржы қаралмапты. Өздері осыған байланысты айыппұл алғандарын айтып отыр. Сонда талапты орындамай, айыппұл төлеген оңай болғаны ма? Осындай жағдайларды қалыпқа келтіру үшін біздің жоба жыл соңына дейін жалғаса береді.

Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша 100 ерікті мен үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндігі шектеулі қызметкерлері де «Қолжетімді Қазақстан» жобасы аясында мониторинг жасауға атсалысады. Анықталған олқылықтар бойынша тиісті мекемелерге, мемлекеттік органдарға талап-арыз жазылмақ.

Айта кетейік, «Қолжетімді Қазақстан» жобасы еліміз бойынша 2019 жылдан бастап 2021 жылға дейін жалғасады. Қазақстандағы мекемелер мен қызметтерге халықаралық стандарттарға сәйкес тең қол жеткізу құқығын қорғауға және қамтамасыз етуге бағытталған жобаға «Орталық Азиядағы Еуразия Қоры» қолдау көрсетуде.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.