Тіл қадірін білмеген – өз қадірін білмейді Избранное

Пятница, 14 Февраль 2020 03:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 193 раз

Қазақ тілі – бір ұлттың ғана емес, 130-ға тарта ұлт өкілдері ұйыстырып отырған Қазақстан деген мемлекеттің мәртебесі. Шымкент қаласы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында өткен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты жиында шымкенттік этнос жастары міне, осындай ұғым төңірегінде ой өрбітті.

IMG 20200213 110912

«Тұншыққан елге дем болуға, қараңғы жерге нұр болуға Алланың өзі жіберген хакім Абайға, ұлы ақынның ана тіліне деген қызығушылығым күн сайын артып келеді», - деген Халықтар Достығы университетінің студенті Шохсина Мелибаева қазір «Абай жолы» роман-эпопеясының І томын оқып жүр. «Әкем – өзбек, анам – қырғыз, өзім – қазақпын» деп кеудесін кере сөйлеген қаршадай қыздың арманы Алатаудай.

Ол қазақ тілінде сөйлеп қана қоймай, қазақша ойлайды, қазақша армандайды.
Қазақ тіліне деген дәл осындай құлшыныс №3 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғаныс капитаны Роман Писменскийден де байқалады.

– Мектеп қабырғасында жүргенде қоғамға пайдасы бар азамат болсам деп армандадым. Қазақ тілін Тілдерді дамыту орталығында бір жарым жылдың ішінде үйреніп алдым. Мемлекеттік тілді үйренгенім қызметімде көп пайдасын тигізді. Мысалы, біздің жұмыс бабында адамның өмірін құтқаруға әрбір секунд маңызды. Тұрғындардың басым бөлігі қазақтар болғандықтан шұғыл шақырту, ақпарат түскенде тілді білмесең әрекет ете алмайсың. Қазақ тілін еркін меңгергендіктен, кез келген ақпаратқа жедел жауап бере аламын. Қазақстанда тұратын әрбір ұлт өкілі өзін осы елдің азаматымын деп ұғынса, қазақ тілін білуі керек, - дейді Роман.

№6506 әскери бөлімнің қызметкері Артур Гошко 12 жасынан қазақ тілін үйренуге деген ниеті оянғанын айтады. Араласатын достары қазақ жігіттері болғандықтан, мемлекеттік тілді тез үйреніп алыпты. «Қазақ тілі көп жерде көмектесті. Бірде жұмыстан қайтып келе жатқанда бір топ жігіт ұстасып қалды. Сонда: «Жігіттер, қандай ұлт болсақ та, бәріміз ортақ шаңырақ – Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз, қойыңдар!», - дедім. Орыс болсам да қазақша сөйлегеніме риза болған жігіттер қолымды алды», – дейді ол.

Ал №107 мектеп-лицейдің мұғалімі Динара Абдумажитова қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. –Қазақстанда туып-өскеннен кейін қазақ тілі бізге сондай мәртебелі, сондай ыстық. Менің ұлтым – өзбек, бірақ, өзімді қазақпын деп сезінемін. Өйткені, осы жердің нанын жеп, суын ішіп келемін. Дей тұра, қазақ тілінің ұлтаралық деңгейге көтерілуіне құлшыныс танытпай отырған кейбір отандастарым үшін қынжыламын. Президентіміз Қ.Тоқаевтың «қазақ тілі ұлтаралық тіл деңгейіне көтеріледі» деген сөзі елімізде өмір сүретін кез келген ұлттың ұраны болуы керек», - деп мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігін жеткізіп жатты.

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы жанындағы медицина колледжінің студенті Негима Шүкірдің ұлты – тәжік. Туып-өскен ауылында көршілері кілең қазақтар болыпты. «Сондықтан да қазақ достарым өте көп. Қай жерде жүрсем де олардың бауырмалдығын, кеңдігін сезінемін. Қазақ тілі – бір ұлттың ғана емес, Қазақстан деген мемлекеттің тілі. Сондықтан қазақ жерінде тұрғандықтан, жергілікті тілді үйренбеу – ұят деп санаймын. Тіл үйренгенім қазіргі таңда қажеттілігіме жарауда. Оқуда озатпын, қоғамдық ортада белсендімін, еңсемді биік ұстаймын» деген Негиманың сөзі де көп оқырманды ойландырары сөзсіз.

М.Өтебаев атындағы жоғары технологиялар колледжінің студенті Елизавета Турпактан «Мемлекет үшін қандай үлес қосасың?» деп сұрағанда: –ХХІ ғасыр ІТ технологиялар дәуірі немесе ғаламат ғасыр саналады. Келешекте біздің әліпбиіміз латын қарпіне көшетіндіктен, бағдарламалау тілін де латын қарпіне көшіруге және мемлекетіміздің дамыған 30 елдің қатарына кіруіне өз үлесімді қосқым келеді. Қандай ұлт өкілі болмасын қазақ тілін жетік меңгеруге, оның тарихын біліп, қадірлеуге міндетті, - деген жауабын естідік.

Өзге ұлт өкілдерінің өрімдей жастары осындай өнегелі әңгіме айтты. Мемлекеттік тілдің мәртебесі жалаң сөзбен емес, осы жастар айтқандай нақты талпыныс, нақты әрекетпен өрістеп жатса игі еді, әрине!..

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.