Тауы биік болса, шатқалы да терең Избранное

Среда, 19 Февраль 2020 03:33 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2259 раз

Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында қала әкімі Мұрат Әйтенов 2019 жылы атқарылған жұмыстар бойынша тұрғындарға есеп берді. Есепті кездесуде М.Әйтенов қаланың экономикалық және әлеуметтік дамуына тоқталып, алдағы жылы іске асырылатын жұмыс жоспары туралы баяндады.

 DSC8923

— Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанды. Биыл Шымкенттің 2200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында аталып өтеді.
Президент өз Жолдауында әкімдерге халықты мазалайтын проблемаларды жедел шешуді тапсырды. Осы мақсатта – бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша көп жұмыс істеу қажет. Инфрақұрылым, баспана, білім және медицина, қауіпсіздік саласы да назардан тыс қалмайды, – дейді қала әкімі.

М.Әйтенов 2019 жылы ауқымды жұмыс атқарылып, мақсатты индикаторларға қол жеткізілгенін айтты. Атап айтқанда өнеркәсіп өнімі 2018 жылмен салыстырғанда 15 пайызға өскен. Ауыл шаруашылық өнімі 6,3 пайызға, жаңа тұрғын үйлер 19,2 пайызға, ал, бөлшек сауда 7,1 пайызға көбейген.
Әкімнің айтуынша, экономикаға қуат беретін басты сала – өнеркәсіп.

—Республика бойынша индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы іске асырылуда. Шымкентте бағдарлама аясында 3 жылда 24 кәсіпорын ашылды. 1300 тұрақты жұмыс орны пайда болды. Қазір қалада 2 индустриялды аймақ бар. Бірақ, онда бос жер жоқ. Электр қуаты жетпейді. Газ қысымы төмен. Бұл проблемалар өндірісті дамытуға кедергі келтіреді. Осы мақсатта алдағы 3 жылда жаңадан 2 индустриалды аймақ ашылады, – деді ол.

– Биыл субсидия көлемін 4 млрд. теңгеге дейін көбейттік. Алдағы 3 жылда 7 сүт фермасы ашылады, 36 мың ірі қара бордақыланады. Үлкен 3 құс фермасы іске қосылады. 1600 гектар қарқынды бау егіледі. 92 гектар өндірістік жылыжай салынады. Бұдан бөлек, агроиндустриалды аймақ жобасы іске асырылады. Бұл өнім көлемін 40 млрд. теңгеге жеткізуге мүмкіндік береді, – деді әкім.
Есепті жиында шаһар басшысы шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жоспарымен бөлісті. Яғни, алдағы үш жылда бизнестің жол картасы және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 300 жобаға қолдау көрсетілмек. Ондағы жобалардың құны - 3,3 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесінде салада жұмыс істейтіндер саны 148 мыңнан 175 мың адамға дейін көбейеді. Жалпы өнімдегі үлесі 27 пайыздан 33 пайызға жеткізілмек.

Қалада инженерлік инфрақұрылым – өзекті мәселе. Қала әкімі оның бірнеше себебі бар екенін айтты. Халық саны жедел өсуде. Жаңадан 41 елді мекен қалаға қосылды. Магистралды жүйелер жоқ. Қаржы да тапшы екен.
Әкім осының бәріне қарамай инфрақұрылым барынша дамытылатынын айтты. Атап айтқанда, Жолдардың өткізу қабілетін көтеру үшін 13 магистралды жол қайта құрылады. 2 үлкен жолайырық пен 5 көпір салынады. Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 айналма жолы, №1 автожол, Адырбеков көшесін қайта құру, Әл-Фараби көшесінің жалғасын салу жоспарлануда.

Сауалына – жауабы

 DSC8866

Кездесуде тұрғындар өздерін мазалаған мәселелер бойынша сауалдарын қойды. Мұрат Дүйсенбекұлы тұрғындардың сауалдарына толық әрі жан-жақты жауап берді. Мәселен, Жаңаталап тұрғын алабының тұрғыны Әбдіғани Әміров өз елді мекенінде ауыз су мәселесінің қашан шешілетінін сұрады.

— Қазір қаланың солтүстік шағын аудандарында ауыз су құбырының қуаты жетіспейді. Проблеманы шешу үшін 3 магистралды құбыр салу қажет. Қаладағы 81 елді мекеннің 63-і ауыз сумен толық қамтылған. 10-ы жартылай қамтылса, 8 елді мекен тіршілік нәрін тасып ішеді. Қамтылу деңгейі 94,7 пайызды құрап отыр. Биыл қалалық бюджеттен осы мақсатқа 441 млн. теңге қаралды. Бұл қаржыға 8 елді мекенді сумен қамтитын 2 магистралды құбыр құрылысы басталады. Қазір мердігер анықталуда. Сонымен қатар шеткі 5 елді мекенді сумен қамтитын магистралды құбыр салынуда.
Нәтижесінде суды тасып ішетін 8 елді мекеннің мәселесі толық шешіледі. Соның ішінде Сіз өмір сүретін Жаңаталап тұрғын алабы да бар. Жалпы, алдағы 3 жыл ішінде жартылай қамтылған 10 елді мекеннің проблемасы да шешімін табады. Қалаға жетіспейтін 90 шақырым магистралды су құбыры да тартылады, – деді М. Әйтенов.

Ал, Қаратау ауданы Таскен елді мекенінің тұрғыны Гүлжамал Исаева электр жарығының сапасы нашар екенін айтты.

—Таскен елді мекенінің «Жаңа құрылыс» деп аталатын бөлігінде электр қуаты сапасыз әрі тұрақсыз. Бұл елді мекеннің атауы «Жаңа құрылыс» болғанымен оның салынғанына да 15 жылдан асып барады. Біздегі 10 трансформатордың 5-еуі жеке меншік. Бағаналар да талапқа сай емес. Көпшілігі шіріп жатыр. Ауа райы құбылса болғаны үйімізде жарық сөніп қалады. Бұл мәселені жыл сайын айтып келе жатырмыз. Мәселеміз қашан шешіледі?, – деді ол.

Бұл сұраққа байланысты қала әкімі соңғы 3 жылда 10 елді мекенге электр желісі тартылып, 2 қосалқы станция салынғанын айтты. Оған бюджеттен 9,7 млрд. теңге жұмсалған.

— Қазір қаланың солүстік бөлігінде электр энергиясының сапасы төмен. Проблеманы шешу үшін Бозарық қосалқы станциясы салынуда. Оның қуаты сағатына 220 МВт құрайды. Шілде айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Ақжар» және «1-М-1» қосалқы станциялары да салынуда. Қуаты – 110 кВ. Құрылысы келесі жылы аяқталады. Осы қосалқы стацияларды іске қосу арқылы 35 елді мекеннің мәселесі оң шешіледі. Ал, Таскен елді мекенінің «Жаңа құрылыс» бөлігіне сапалы электр қуаты биыл жеткізіледі, – деді М.Әйтенов.

Кездесуден кейінгі кездесу

Есепті кездесуден кейін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қала әкімінің қабылдауына жазылған екі жүзден астам тұрғынның ешқайсысы назардан тыс қалған жоқ. Бұл күні өтініш білдіруші азаматтардың барлығы Мұрат Әйтеновпен, сондай-ақ, қала әкімінің орынбасарлары және аудан әкімдерімен тікелей тілдесу мүмкіндігіне ие болды.

 DSC8756

Тұрғындардың басым бөлігі жұмысқа орналасу, баспана мен атаулы әлеуметтік көмек тағайындау секілді мәселелерді қозғады. Сонымен қатар, аулаларды абаттандыру, қоғамдық көлік, көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу секілді тақырыптар да қозғалды. Қала әкімі әрбір өтініш берушінің мәселесін мұқият қадағалайтынын айтты. Сөйтіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Сол күні қабылдауға кіре алмаған тұрғындарды қала әкімі ертесіне «Көрме» орталығында тағы да қабылдады. Осылайша, қаланың жақында тағайындалған жаңа әкімі тұрғындармен тығыз байланыс орнатуға, халыққа жақындай түсуге бейіл екенін көрсетті. Мұның өзі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғаммен сындарлы диалог орнату бағытындағы саясаты Шымкент қаласында ойдағыдай жүзеге асып жатқанын аңғартады.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.