Ғалым ұсыныс айтты... ойланатын уақыт жетті Избранное

Среда, 19 Февраль 2020 03:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 300 раз

Біріккен ұлттар ұйымы 2020 жылы жол апаттарынан қайтыс болатындардың саны артатынын болжап отыр. Яғни, жол-көлік оқиғаларының салдарынан болатын адам шығынының үлесі 67 пайызға жетпек.

IMG 20200217 125504

БҰҰ-ның Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы да бар. Міне, мамандар апаттың алдын алуда дабыл қағып отыр.
М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Агроөнеркәсіп кешені мен су қоры мәселелері» ғылыми-зерттеу институтының директоры, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Мұсатіллә Тоқанов та бұл жайға алаңдаулы. Көптен бері геомагнитті толқындар және магнитті дауылдардың жол апаттарына әсерін ғылыми тұрғыда зерттеп жүрген ғалым редакциямызға келді.

Қала әкімі «Түркістан» сарайында есеп беру кездесуінен кейін, «Көрме» орталығында өзекті мәселелер бойынша азаматтарды қабылдады.
М. Тоқанов қала әкіміне сол кездесуде де осы мәселесін көтерген.

– Ең болмағанда адам өлімінің үлесін бір пайызға азайта алсақ, үлкен іс тындырған болар едік. Бұл жобаны шаһар басшысы М. Әйтеновтің өзі құптап отыр, – деп бастады әңгімесін ағамыз.
Тоқановтың бұл мәселені көтеріп жүргеніне біршама уақыт болды. Сөзден іске көшетін уақыт жеткендей. Негізінен, көлік апаттары көп болатын жерлер қазақшалап айтқанда «қанды жерлер» екенін дәлелдеп, ғылыми тұжырымдар жазып келеді. Ғалымның айтуынша, геомагнитті толқындар күшейген кезде жүргізуші қас-қағым уақытта сезімінен айырылып қалады: не бағдаршамды көрмей, не келе жатқан адамды байқамай, есінен адасады. Сол кезде жол апаттары болып, адам өлімі көбейеді.

Былтыр қыркүйек айында С. Бәйтереков көшесі мен Н.Назарбаев даңғылы қиылысында үлкен жол апаты болды. Автобус пен «Тойото» көлігі соқтығысып, салдарынан он үш адам жарақаттанған. Кондуктор әйел тілтартпай кеткен.

Осыдан үш жыл бұрын Алматы айналма жолында да үлкен жол апаты тіркелді. Тараздан Шымкентке келе жатқан «Мерседес» көлігі үлкен Хова көлігімен соқтығысқан еді. Спринтер көлігіндегі он сегіз адам бірден жантәсілім еткен.

Міне, Тоқанов сол көшелерді тексерсе, екеуі де толық геомагнитті толқында жатқандығын анықтаған. Сол кездерде магнитті дауыл болған болса керек.
– Бұл – менің ғылыми гипотезам. Қайтыс болған кондуктор жүргізушінің қалыңдығы екен. Қазан айында үйлену тойын жасамақшы болып жүрген. Соған жетпей осындай оқиға болды. Міне, осы жағдайларды тексергенде, гипотезам дәл келді. Жалпы, Шымкенттегі және Түркістан облысындағы «қанды жерлерді» жүйелі зерттеп келемін.

Айтып отырған ғылыми гипотезамның бәрі тура келді.Қаладағы ірі жол апаттары болатын жерлердің картасын да жасадық. Бәрі ғылыми дәлелденген тұжырымдар. Алайда айтылған мәселеге әлі ешкім назар аударар емес. Жыл сайын қаншама адам жол апатының құрбаны болып жатыр. Бұл әлі де зерттеуді қажет ететін сала, – дейді ғалым ағамыз.
Иә, адамның өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Ғалым ретінде тас жолда дәм-тұзы таусылып жатқандардың санын азайтуға үлесімді қоссам деген ой күні-түні мазалайды. Естір құлақ болса дейсің. Тым болмағанда, осындай апаттардан бір адамның болса да өмірін сақтап қалуды азаматтық міндетім деп біледі.

Енді не істемек керек? Тұжырымға келген кезде жол апатынан сақтандыратын ереже енгізуіміз керек. Мемлекеттік стандартқа сәйкес, геомагнитті толқынды аймақтардың картасын сызып, жол белгілерін енгізуіміз керек. «Өте қауіпті жол аймақ, сақ болыңыздар» деген секілді ескертулер ілген жөн.

Сондай-ақ, радиодан магнитті дауылдардың болатыны хабарланып отырса. Түптің түбінде институт ашу қажет екенін бұған дейін де айтып келеді.
Ғалымның алдына қойған ендігі мақсаты – Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізін тексеру. Сондағы геомагнитті толқынды аймақтың бәріне жол белгілерін орнатуды көздеп отыр. Бұл – әр өңірде қолға алынуы тиіс шаруа.

Ендеше, сөзден іске көшетін сәт жеткендей. Адамзат өмірін сақтайтын маңызды жобаны қала әкімінің өзі қолдап отыр.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.