ОҚМПУ-дағы дау неден басталды? Избранное

Среда, 19 Февраль 2020 03:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3838 раз

Шымкент қаласындағы 83 жылдық тарихы бар, республикамыздағы ЖОО арасында рейтинг бойынша 8-орында, педагогикалық оқу орындары арасында 5-орында тұрған қарашаңырақ Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде соңғы кездері орын алған оқиғалар қалың қауымның назарын аударуда.

WhatsApp Image 2020-02-18 at 10.37.37

Әуелі әлеуметтік желі ұлардай шулады. Фэйсбукте Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке экс-ректор Анар Қайырбекованы орнынан босату туралы жазбалар қарша борап жатты. Содан көп ұзамай 7-ақпан күні Анар Мерекеқызы ректор қызметінен босатылды.
8-ақпан күні ютуб әлеуметтік желісінде экс-ректор А. Қайырбекова университеттің табалдырығынан ішке ене алмай, кабинетіндегі жеке заттарына қол жеткізе алмай тұрғанын баяндаған видеосын жариялады.

Университеттің қазіргі ректоры міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева, ОҚМПУ профессоры, ардагер ұстаз, тарих ғылымдарының кандидаты Сағынғали Әбубәкіров және оқу және оқу-әдістемелік істер жөніндегі проректор Баршагүл Исабек жоғарыда айтылған даулы мәселелерге орай арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.

–Даудың басы экс-ректор А.Қайырбекованың басқару менеджментінде қателіктер жібергендігінен туындады. 7-13 ақпан аралығында университетімізде болып жатқан жайларға объективті баға беру үшін арнайы комиссия жұмыс істеді. Жұма күні ұжымда ғылыми кеңес өткізілді. Комиссия шешімімен Анар Мерекеқызының іс-әрекеттері және БжҒ министріне жазған хатындағы мәліметтер негізсіз деп танылды, – деді Г.Дәулетбекқызы.

Ал 52 жылдық еңбек өтілі бар тарих ғылымдарының кандидаты Сағынғали Сандыбайұлы өз көзқарасын былай білдірді: «250-дей ғылыми атағы бар оқытушылар жұмыс істейтін білім шаңырағын ешқандай ғылыми атағы не педагогикалық еңбек өтілі жоқ адам 3,5 ай басқарды. Аз ғана уақыттың ішінде университетке орасан еңбек сіңіріп жүрген Ақлима Байғұт, Баршагүл Исабек, Анар Жаппарқұлова сияқты мықты кадрларымызды қызметінен кетуіне мәжбүрлегені біздің уайымымызды тудырды. Ал студенттермен тіпті, тіл табыса алмады. Ғылыми кеңес белгіленген тәртіппен өз уақытында өтуін тоқтатты. Экс-ректор барлық жиналысқа кемі жарты сағат кешігіп, басқа адамдардың уақытын «ұрлайтын». Осының бәріне сабырлылық танытып, төзіп келдік», – деді профессор өз сөзінде.

Ал тарих ғылымдарының кандидаты Баршагүл Қашқынқызы Қайырбекованың келуімен университетте психологиялық ахуалдың өзгергенін айтады.

–Анар Мерекеқызы біздің оқытушылар құрамының ғылыми ізденісіне күмән туғызды. 9 жылда институт дәрежесінен университет деңгейіне көтерген, соңғы 3 жылда 3 жаңа жатақхана салған бүкіл ұжымның еңбегін мансұқтап, күдікпен қарады. Ал өзі ешқашан ғылыммен айналыспаған болып шықты. ЖОО-ның даму стратегиясын, оқу бағдарламасының не екенін ажырата алмай тұрып, жаңа бағдарлама жасауды тапсырды. Маған «мемлекеттік грантты әділ бөлмеді» деген негізсіз айып тақты. Ал шынтуайтында, Қайырбекованың гранттар мәселесін ушықтыруынан 100 грант игерілмей, осыншама студент Түркістан облысы мен Шымкент қаласы әкімдігінен берілетін тегін оқу грантынан айырылғалы отыр. Ал басқа ЖОО 15-қаңтарда-ақ мемлекеттік грантты бөліп қойған. Бұл кісі келгелі 2 декан, 2 проректор жұмысынан босады. Ұжым жаппай ыдырап кетудің аз-ақ алдында қалды, – деді Б.Исабек.

«Университетте оқу-тәрбие, ғылыми процесс үш жарым айға тоқтап қалды» деген ректордың м.у.а. Гүлжан Сүгірбаева экс-ректор А.Қайырбекованың қаржылық басқару кезінде де қателіктерге жол бергенін мәлімдеді.

–Анар Мерекеқызы оқу ошағының бюджеті есебінен кабинетіне құны 842,500 теңгелік үш арнайы дабыл соққысын орнатты. Өзінің айлық жалақысын 440 мың теңгеден 750 мың теңгеге көтертіп алды. Ал өзіне «қарсы шыққандардың» жалақысын керісінше, қысқартып отырған. Ол кісінің қабылдауына кіру мұң еді. Тек өзінің саусақ ізімен ашылатын құлып қойып алғандықтан, кабинетіне кіре алмайтынбыз, – деді Гүлжан Дәулетбекқызы.

Материал біржақты болмасын деп екінші тараптың не дейтінін білгіміз келді. Анар Қайырбекованың жеке телефонын ала алмадық. Сондықтан оның фэйсбук-парақшасындағы 14-ақпан күні орыс тілінде жариялаған жазбасын сөзбе-сөз аударып беруді жөн санадық.

«Мені жарты жылдың ішінде Министр Асхат Аймағамбетовтің және ҚР БЖҒМ экс жауапты хатшысы А.Орсариевтің ұйымдастыруымен білім саласындағы жемқорлық дәйектері туралы хабарламалар үшін екі рет заңсыз жұмыстан босатты. Жарайды делік, олар дегеніне жетті, мені жұмыстан босатты. Бірақ, не үшін: университет қабырғасына кіргізбей, кабинетті бұзып, жеке заттарымды бермеу үшін бе? Олар мені қорлап, біржолата құртқысы келді...

Мені оқытушылар мен студенттердің алдында жәбірледі. ҚР БЖҒМ-нің үш бірдей департаментін басқарған адам және экс-ректор ретінде маған осылай істеуге бола ма? Мейлі аз ғана уақыт басқарсам да. Жеме-жемге келгенде мен – әйелмін, анамын. Бұл қарапайым ғана адамгершілікке және азаматтық әрекетке жатпайтын іс», - деп алдағы уақытта білім саласындағы былықтар мен олқылықтарға қатысты баспасөз мәслихатын өткізетінін жазыпты.

Ал қарсы тарап экс-ректорды кабинетіндегі заттарын алып кетуге шақырғанын, бірақ ол келмеген соң 11 адамнан құралған комиссия құрып, сосын барып кабинетті бұзып кіруге шешім қабылдағанын, сөйтіп, жеке сейфінен шыққан бағалы әшекей бұйымдар мен құндыз ішіктің, туған күніне берілген сыйлықтардың тиісті уәкілетті органға тапсырылғанын айтады.

Бұл даулы мәселенің нүктесі әлі қойыла қоятынға ұқсамайды. Баршагүл Исабек те өзін «жемқорлыққа жол берді» деп айып таққаны үшін Анар Қайырбекованы сотқа беретінін мәлімдеді. Ал ең бастысы 100-ге жуық студентке бөлінген тегін оқу гранты игерусіз қалмаса екен дейміз. Не де болса, әліптің соңын күтуге тура келеді.

PS

Біз екі тарапты да ақтаудан, я жақтаудан аулақпыз. Себебі, бұл әлі нүктесі толық қойылмаған мәселе. Сондықтан өзімізге белгілі болған мәліметтерді баяндаумен ғана шектелуге тура келіп тұр.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.