Қасиетіңнен айналдым, қара қазан!

Среда, 19 Февраль 2020 04:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 277 раз

Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашанда бір-бірімен ұштасып жатады. Осынау үш құнды нәрсені қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп, күлін жерге көмген. Соған қоса қара қазанын қастер тұтқан. Неге? Өйткені кез-келген үй табалдырықтан басталады, отыңның басы сол табалдырықтан бастау алады, қара шаңырағыңның берекесі қара қазанмен кіреді.

big a0262b0146f0be4d090c4c5e123cdec9

Кей құрдастарым: «Бұл не үшін керек, «қара қазанның» қандай мәні бар?» деп сұрауы да мүмкін. Әрине, мен өнер зерттеуші маман емеспін, бірақ қазақтың қызы болғасын салт-дәстүрден аздап хабарым бар. Тегінде ата-бабаларымыз «қара» деген сөзге символикалық сипат беріп, оған терең мағыналық мән берген. Бұны тіліміздегі «қара жер», «қара шаңырақ», «қара домбыра», «қара қазан» сияқты тіркестерден байқауымызға болады.

Ал «қазан» деген сөздің мағынасын зерделесек, ол-дәстүрлі қазақ қоғамында отбасының ырыс-несібесінің, берекесінің символы ретінде ерекше қастерленіп, қасиетті саналатын ас пісіретін ыдыс. Қара қазан – тоқтық пен мырзалықтың айғағы, сонымен бірге ол мол ас пен адалдық қазынасының бірлігі ретінде қастерленеді.
Қара қазанның символикалық белгісі туралы этнограф ғалым Сейіт Кенжеахметұлының былай деп жазғаны бар:

«Қазақ дастарқанына түсетін тағамдардың барлығы да, ең алдымен, қазаннан өтеді. Халық жай ғана «қазан» демей, оны «қара қазан» деп қастерлеп айтады. Бұл жерде «қара» сөзі қасиетті, киелі, берекелі деген ұғымды білдіреді».
Қара түс түркі дүниесіне, соның ішінде қазаққа да жат емес.

Қазақтың сөздік қорындағы «қара тұту», «қара жүрек», «қара жамылу», «қаралы көш», «қара қазан», «қара шаңырақ», «қара ниет» сияқты ұғымдар соның айғағы.
Ал белгілі ақынымыз Төлеген Айбергенов «Қара түс» өлеңінде бұл түсті былай жырлайды:

Құт кірерде қара жерге қақ тұрған,
Қара қазан қамы бала бақтырған.
Қара қазақ қауіпті дерт, ауруын,
Қара қойдың өкпесімен қақтырған.
Қара көздің жасын түнде кептірген,
Талай қара кезеңдерден өттім мен.
Бірақ бабам «қара мал» қып ырысын,
Қасиетін қара шаңырақ деп білген.

Міне, осыларға қарап қара түс қазақ үшін қасиеттіліктің, киеліліктің нышаны екенін аңғаруға болады.
Қазақтың ер ақыны Махамбет Өтемісұлының:

«...Қара қазан, сары бала
Қамы үшін қылыш сермедік...» деп келетін өлеңінде халқымыздың киелі символы - қазанның төңкерілмеуі жолындағы ерлік күресті айтады. Ал мына бір толғауында:
«Астана жұртын айналған,
Астына тұрман болсам деп,
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен;

Атқан оғы Еділ-Жайық тең өткен» - деп Махамбет ақын қазақтың қарашаңырағы ортасына түспеуі үшін, қара қазанның ошағының оты сөнбеуі үшін қара жерді қайыстырып жойқын күш болған батыр бабаларымыздың ерлігін дәріптеген.

Қара қазанның қасиеттілігі жайлы Серікбол Хасан деген бауырымның әлеуметтік желідегі мына бір жазбасын оқып, үлкендерден өзім де көп естіген осы бір жайларды сол жазба арқылы бергенді жөн көрдім. «Ауылдағы көне зираттарда төңкерілген қазан жатады. Бірі – моланың ішінде, тағы бірі қабір шұңқыры үстінде. Әжем бұрын мәйіт басындағы төңкерілген қазан марқұмның артында тұяғы қалмады, оты өшті дегенді білдіреді дейтін.

Иә, артында мирасқоры қалмаған соң, қара қазанын басына төңкеріп кетеді екен. Ата-әжелеріміздің «Қазанды төңкерме» деп ұрысатыны бекер емес екен. Бейіт басына төңкерілген қазан нені білдіреді? Бұл өте үлкен зерттеуді қажет ететін мәселе. Сосын біздің кейбір аймақтарда қазан орнында шаңырақ төңкеретіндер де бар. Оның да мағынасы осындай, марқұмның шаңырағы күйреді, артында мирасқоры қалмады дегенді білдіреді. Қазақ не айтса да, қалт айтпаған екен. Бүкіл ырым-тыйымдардың астарына мұқият мән берсең, дүниедегі бар қорқыныштан сақтандырып кеткенін байқайсың.

Рас, қазақтың қазанға қатысты ырымдары көп. Қазақ қызға ешқашан қазан бермеген. Қайтыс болған адамның моласы бұзылса, түске кіріп мазаласа, басына қазан апарып қойған. Сол сияқты, қайтқан кісінің соңынан тұқымдары ауру-сырқаусыз, белгісіз себептермен өле берсе, құран оқытып, басына қазан төңкерткен. Біздің елде қазанға қатысты тағы бір ырым бар. Суға батып кеткен адамды қазан арқылы табады. Адам суға кетсе, үйіндегі қазанын төңкеріп суға жібереді. Алланың құдыретін қараңызшы, әлгі қазан адам батқан жерді айнала жүзіп тұрады. Бала кезде мұндайдың талайын көріп, таңғалғанбыз.

Қазақтың таным-түсінігінде қазанның алатын орны ерекше. Мысалы, Түркістандағы тайқазанды алайықшы. Бұл тайқазан – берік дәстүрден тамыр алып, исламдық мәнмен астасқан көне мұрамыз. Бұл тайқазан – тұтастығымыздың, игілікті істердің символы. Тайқазан сонау 1399 жылы сирек кездесетін жеті түрлі асыл металдың қоспасынан құйылған. «Кімде-кім Алла тағала үшін су құятын ыдыс жасаса, Алла тағала жұмақта оған арнап хауыз дайындайды» деген хадис бар. Соған қарағанда бұл тайқазан кесененің бір бұрышына жай жәдігер ретінде қою үшін емес, осы хадиске амал ету үшін жасалған сияқты. Сондықтан Әмір Темір заманынан қалған Қожа Ахмет Яасауи кесенесінің төрінде тұрған тайқазанды құр қаңсытпай су құйып қойса, зиярат етіп келген адамдар судан ішіп, шөлін басса, пайғамбар сүннетін орындағанымыз болмай ма?

Негізінде, мұндай алып қазан жасау дәстүрі сақ, ғұн, үйсін дәуірлерінде де болған екен. Қазақ береке мен бірліктің белгісі санағандықтан, мұндай алып қазанды билеушілер мен әскербасылардың қабіріне қойған. Зиярат етіп келген адам қазандағы суды ішіп шөлін басып, қабір иесіне дұға бағыштаған. Бейіт басындағы қазанға қарап, марқұмның жай адам емес, ел билеген көсем, жау жапырған батыр болғанын білген.

Бұрындары сақ елінің бірлігі бұзылып, ел ішін алауыздық жайлай бастапты. Сол кезде ел көсемдері халықтың басын біріктіру үшін үлкен қазан құюды бұйырады. Сақ сарбаздары жебелерінің мыс масағын жинап, балқытып, содан алып қазан құйған. Сол қазанға пісірілген тағамнан дәм татқан сақтар өкпе-наздарын ұмытып, қазан басында қайтадан татуласқан. Мұны тарихтың атасы Геродот: «Сақ патшасы Арриант жауынгерлерінің бүкіл жебесін бір жерге жинап балқытқызып, үлкен қазан құйдырған да, оны елден ерек қызметкерінің құзырына қаратқан» деп жазады. Қазан қазақтың қорғаны да болды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында босқан халық бауырындағы баласын төңкерілген қазан астына жасырып аман алып қалған.

Қазақ ұғымында қазаннан айырылу құт-берекеден айырылумен бірдей. Сол сияқты, біреудің қазанын тартып алу масқарашылық болып саналған. Тарихта Олжабай бастаған батырлардың Ботаханды тірідей жерге көміп қазанын алып кететіні соның мысалы. Тағы бір мысал, Абылай хан Көкшетаудан көшкенде Бекболат бидің қуып келетінін біліп, өз қара қазанын жұртына тастап кетеді. Мұны Бекболат би дұрыс түсініп, атының басын кері бұрған. Міне, біздің бабалар қарапайым қазан арқылы үлкен философиялық ой-толғамдарды жеткізуші еді»

Қайран қара қазан! Талай жетімек сенің астыңда бұғынып, аман қалып еді... Қазан астында қалған қарадомалақтан бір рулы ел тарап еді... «Қара қазан, сары баланың қамы үшін» қазақтың талай батыры қылышын майырып, тоқсанға жеткенше тақымы терден құрғамай, төрт ұйқысын айырып еді...
Журналистиканың жүйрігі Нұртөре Жүсіп ағам былай дейді:

«Қазақ пен қазан – егіз ұғым сияқты. Елімізге Түркістандағы Тайқазан оралған соң ғана құт қайта кіргендей! Тәуелсіздік те сол Тайқазан келгесін орнықты. Тайқазан тұғырлы орнында тұрғанда халқымыздың несібесі ортаймас.

Пенделік пайым бәрінің тез болғанын қалайды: мемлекеттік тіліміз тезірек жүріп кетсе екен дейміз; қалың қазақ аяғынан жедел тұрып кетсе екен дейміз; көптен озсақ, көкке қолды созсақ дейміз; озық жұрттарға қызыға қараймыз, тозық жұрттарға шыжыға қараймыз; күнделікті қарекетімізден – күйбең әрекетіміз көп, бел буып, білек түрініп іске кірісудің орнына қарап отыруға бейілміз. Игіліктің бәрі де Еңбекпен келеді. Ерінбеген, еңбектенген, жалқаулықты жеңген жұрт қана алға озады. Осы жағынан ақсаулымыз.

Бірақ үмітсіз емеспіз. Үміт деген – «Қыз Жібек» фильміндегі бір өшіп, бір жанып тұрған шырақ секілді. Қазақтың үміт шырағы сөнбесін!
Ұлтымыздың бойында бір жақсы қасиет бар: – ол өршілдік! Бәрінің алды болмасақ та, ешкімнен кем болғымыз келмейді. Бұл – маңызды фактор. Қараңыз: артымыздан қалың лек келеді – өндірдей қазақ жастары: білімге, өнерге, ізденіске, серпінді дамуға құштар; ендігінің бәрі солардың қолында! Олардың алдынан ақжарылқап күн тусын! Олар біздей болмайды: бұғыншақ, жасқаншақ, ұрыншақ, тарыншақ емес! Ұлттық сана мен ұлттық намыс серік болса, жаңа толқынның – жасыл желектің алмайтын асуы, шықпайтын шыңы болмай тұрмас! Құдіреті күшті Құдайдың өзі бізге оң қабақ, оң көзімен қарап тұр! Дәлел керек пе? Осыған дейін жойылмай, жұтылмай – аман қалғанымыздың өзі біле білгенге аз олжа емес. Олқысынбайық! Келген жаңа жыл ойдағымыздың орындалуына, дегеніміздің болуына, ортамыздың толуына бастар жақсы жыл болғай!

Күреселік! Тіреселік! Ілеселік! Үлеселік! Түлеселік! Қара қазан, сары баланың қамы үшін!»

Ия, қара қазан Отан деген ошақтың берекесі. Газдың отына тамақ істеп, газ плитасын ғана көріп өскен қалалық бір құрбымның бойжеткен қызы ауылдағы туысының үйіне барғанда даладағы тезектің оты жанған ошақтың үстіндегі қара қазанға піскен тамақтан жиреніп, «Фуу, мұны қалай жейсіңдер? Қап-қара күйе қазан, еще астындағы жағып жатқандарыңның иісі тамаққа сіңбей ме?» деп сілкініпті. Соны естігенде «Қайран, қара қазан, сенің киеңді білмей өсіп келе жатқан ұрпағыңды кешіргейсің!» дегеннен басқа айтарға сөз таппадым.

Темірді қамырша илеп, ағаштан түйін түйген, теріні түрлендіріп, киізді кестелеген дана бабаларымыздың өмірлік ұстанымына айналған әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі бізге темірқазықтай жол көрсетіп отырғаны ақиқат. Ендеше Қара шаңырақ, Қара қазан, Қара бала, Қара жер, Қазағымның несібесі үстей бер, дегім келеді.

Майра ОРМОЛДАЕВА,
М. Әуезов атындағы ОҚМУ
«Мәдениет және спорт» факультеті
«Театр және
эстрадалық шығармашылық»
кафедрасының аға оқытушысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.