ҚОҚЫСТЫ УАҚТЫЛЫ ӨҢДЕМЕУ АПАТҚА ҰРЫНДЫРАДЫ Избранное

Пятница, 21 Февраль 2020 03:32 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 251 раз

Біз болашаққа жоспар құрғанды жақсы көреміз. Өйткені, жоспар құра отырып бүгін атқарылуы тиіс істі ертеңге, ұзақ мерзімді болашаққа ығыстыра салуға болады. Бірақ, айналамызға бажайлап қарасақ, болашақ бүгіннен басталып кетіпті. Олай дейтініміз, жақында Германияда «Eagle» атты жаңа автокөліктің таныстырылымы өтті. Ол жай көлік емес, тұрған жерінен аспанға тік көтеріліп, сағатына 300 шақырым жылдамдықпен ұшатын көлік.

30795959d32b1435966

Бұл ешқандай ертегі емес. Facebook әлеуметтік желісінде ұшатын көліктің тесттік нұсқасының сынақтан өту сәтінің бейнежазбасы таралды. Ұшатын машина қарапайым аккумулятордан қуат алады. Қуатын бір толтырсаңыз, екі адам мен азырақ жүкті алып, 1 сағат тоқтамай ұша алады. «Eagle» көлігінің басты артықшылығы – ол өзге баламаларынан электр қуатын 90 пайызға аз қолданады. 2025 жылы бұл көлік жаппай өндіріске енгізіледі және сатылымға шығарылады деп күтілуде. Көлікті басқару өте оңай, оған арнайы білім мен керемет машықтың да керегі жоқ екен.

Сөйтіп, дамыған елдердің тұрғындары енді санаулы жылдарда күнделікті жұмысына ұшып барып-келіп жүрмек. Төртінші өнеркәсіптік революция деп жүргеніміз осы емес пе? Ал, біз ұшатынын айтпағанда, жерде жүретін сапалы әрі сұранысқа ие көліктерді өз бетімізше жасай алмай, шетелдік өндірушілердің ескірген модельдерін өзімізде құрастырғанымызға мәз болып жүрміз.

Мейлі, негізгі айтпағымыз ол емес. Айтайын дегеніміз, қазіргі заманда технологиялық мешеуліктен арылмаған ел түбі өндірістік, экономикалық мешеулікке ұрынатыны сөзсіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қоғамдық өмірдің барлық салаларына жаңа технологияларды енгізу мәселесін қозғауының сыры осында.

Қоқысқа көміліп қалмаймыз ба?

Дамыған және алдыңғы қатарлы дамушы елдермен салыстырғанда технологиялық тұрғыдан әлдеқайда артта қалғанымызды дәлелдейтін тағы бір жайт – бүгін біз сөз еткелі отырған тұрмыстық қатты қалдықты өңдеу мәселесі. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша, ел аумағында 120 миллион тонна қоқыс жинақталған. Әрі бұл көрсеткіш жылына кем дегенде 5 миллион тоннаға көбеюде. Өкінішке қарай, соның 16,3 миллион тоннасы Шымкент қаласында қордаланып қалған. Оның 14,1 миллион тоннадан астамы – өндірістік, ал, 2,2 миллион тоннасы – тұрмыстық қалдық.

Қалада осынша «байлық» жинақталғанына қарамастан қалдықты сұрыптау және оны қайта өңдеу жайы әлі күнге күрделі күйінде қалып отыр. Өндірістік қалдықтың елеулі бөлігі Шымкент қаласындағы фосфор және қорғасын зауыттарының аумағында жинақталған. Ал, тұрмыстық қалдыққа келер болсақ, қазір қалада әр адам жылына орта есеппен 110-130 келі қоқыс шығарады. Мамандардың айтуынша, халық санының көбеюіне байланысты бұл жағдай жылдан-жылға күрделеніп барады. Себебі, адам басына 130 келіден есептегенде қала аумағында жыл сайын кемінде 130 мың тоннадай қоқыс жинақталып, әлгі қордаланған 2,2 миллион тоннаның үстіне қосылып жатыр. Кейбір деректер бойынша, бұл көрсеткіш 200 мың тоннаға жетеді.

Жаңа Кодекс жағдайды оңалта ала ма?

Биыл 1 қаңтардан Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық кодексі қолданысқа енгізілді. Кодекс 7 негізгі принциптен тұрады. Бірінші принцип – «ластаушы төлейді және түзетеді». Екіншісі – қоршаған ортаға әсерді бағалауға (ҚОӘБ) жаңа тұрғыдан қарау. Үшінші және төртінші принциптер эмиссиялар үшін төлемдерге қатысты болмақ. Бесінші принцип – зиянды заттардың шығарылуына мониторинг жасаудың автоматтандырылған жүйесін құру. Сонымен бірге, кодекске экологиялық бақылауды күшейту принципі енгізілген. Енді экологиялық құқық бұзушылық үшін әкімшілік айыппұлдар 10 есе артады.

Біздің бүгінгі тақырыбымызға қатыстысы – жетінші принцип. Ол өндіріс пен тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіруге қатысты. Жаңа Кодексте бекітілген нормаларға сәйкес қалдықты өңдеумен және ұсақтаумен айналысатын кәсіпорындардың қызметін лицензиялау тәртібі енгізіледі. Бұл рұқсат етілмеген, заңсыз қоқыс полигондарын азайтуға әсер етеді. Ал қоқыс шығарумен айналысатын ұйымдардың қызметі хабарлау сипатында болады.

Тағы бір айта кетерлігі, биылдан бастап Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықты бұрынғыдай жерге көміп тастауға тыйым салынды. Енді жергілікті атқарушы билік бұрынғыдай қалдықты көміп тастап, құтыла алмайды. Себебі, эколог мамандардың айтуынша, қазіргі тұрмыстық қатты қалдықтың 80 пайыздан астамын пластикалық материалдар мен полиэтилен құрайды. Олар топырақтың астында 100-ден 300 жылға дейін ыдырамай жата береді. Яғни, жер қыртысы біртіндеп құнарсызданады. Демек, қоқысты жерге көме берудің соңы елімізді экологиялық апатқа әкеп соқтырады. Ал, оны не көмбей, не өңдемей отыра берсек, бір күні сол қоқысқа өзіміз көміліп қаларымыз анық.

Жай ғана көз алдыңызға елестетіп көріңізші: жылына анау-мынау емес, 200 мың тонна (!) қоқыс Сіз бен біздің туған жеріміздің киелі топырағына, өмір сүріп, ауасын жұтып жүрген қаламыздың маңына төгіліп жатыр. Бұл алаңдайтын мәселе емес пе?!

Басты кедергі – төмен тариф

Айта кетейік, жаңа Кодексте тұрмыстық қатты қалдықты өңдеу мәселесіне де ерекше назар аударылған.
— Қоқысты қайта өңдеу мәселесі еліміз үшін өте өзекті болып тұр. Елдегі полигондарда 120 млн тоннадай қоқыс жиналған. Сонымен қатар, полигондарға жыл сайын 5-6 млн тоннадан қосыла береді. 14 пайызы ғана қайта өңдеуге жеткізіледі. Бұл ретте ең басты мәселе – тарифтің төмен болуы.

Ашық әрі анық айтсақ, тарифті көтеруге мүмкіндігіміз жоқ. Себебі, инвесторлардың талабына, нарықтық бағаға сәйкестендіру үшін оны бір дегенде 20-30 есе көбейту керек болады. Ал, тариф төмен болғаннан кейін салаға инвесторлар келмейді, – деген еді министр Мағзұм Мырзағалиев Елордадағы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Қоқыстан қуат өндіру – озық тәжірибе

Министрлік еуропалық тәжірибені зерттеп, қоқысты жағу арқылы өндірілетін электр энергиясын жеке сату амалы барын зерделеп көріпті.
— Біз осындай тетікті енгізейін деп жатырмыз. Жаңа экологиялық Кодексте ол тетіктер бар. Кодекс күшіне енгеннен кейін салаға инвесторлардың келетініне ешқандай күмәніміз жоқ. Себебі, олар өз табысын тарифтердің емес, электр энергиясының есебінен табады. Биылдың өзінде салаға 180 миллиард теңге инвестиция тартылмақ.

Бұл қаржы, біздің есебіміз бойынша, елдегі ірі 6 қалаға тиесілі. Жалпы, осы механизм арқылы бүкіл ірі қалаларда қоқыс мәселесін шешеміз деген ойдамын. Әрине, қазіргі таңда біздің елімізде қоқыс өңдейтін мекемелар саусақпен санарлық. Көп өңірлерде сұрыптау кешендері ғана бар. Сондықтан, осы салаға инвесторлар керек, - дейді министр.

25 пайызы ғана сұрыпталады

 DSC9219

Қазір Шымкентте бұл бағытта шағын-шағын кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Бірақ, олар қоқысты өңдемейді, тек сұрыптаумен ғана айналысады. Жылына шамамен 45 мың тоннадай қоқыс сұрыпталады. Яғни, Шымкенттен шығатын тұрмыстық қатты қалдықтың 25 пайызы ғана сұрыпталады да, қалғаны сол күйі полигондарда қалады деген сөз.
Сұрыпталған қоқыстың біраз бөлігі Кентау қаласындағы «Статус Эверест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шағын зауытына жөнелтіледі. Бірақ, қоқысты өңдейтін бұл зауыттың қуаттылығы – жылына бар-жоғы 800 тонна.

Ал, Шымкенттің іргесіндегі қазақ-түрік индустриалды аймағында полиэтилен бұйымдарын қайта өңдейтін «Green Technology Industries» компаниясы салған зауыт бар. Жұмыс істей бастағанына жылдан енді асқан кәсіпорын осы мерзімде 15 мың тоннадай қалдықты өңдеген. Қысқасы, Шымкентте қордаланған қоқысты айтпағанда, жыл сайын шығып жатқан тұрмыстық қатты қалдықты толық өңдеп отыру үшін бізге тап осындай зауыттың тағы оны керек сияқты.

Швецияда қалдық тапшы

Біз әлі «керек» деп жүргенімізде әлемнің дамыған елдері бұл салада бізге ертегідей болып көрінетін көрсеткіштерге қол жеткізген. Lenta.ru сайтының жазуы бойынша, Швецияда қоқыс тапшылығы айтарлықтай проблемаға айналыпты. 10 миллион тұрғыны бар елдегі арнайы кәсіпорындар жылына 1 миллион 200 мың тонна қоқысты қайта өңдеп, кәдеге жаратса, тағы 2 миллион тоннасын арнайы стансаларда өртеп, одан жылу мен электр қуатын өндіріп, қала берді тұрғындарға берілетін ыстық су мен биогаз да алып жатыр.

Қазір Швецияда 800 мыңдай үй жылуды, тағы 500 мыңдай үй электр қуатын қоқыс зауыттарынан алады. Яғни, Скандинавиядағы бұл ел жылу мен ыстық судың 45 пайызын, электр қуатының 20 пайызын тұрмыстық қалдықты пайдалана отырып, экологиялық таза жолмен өндіріп отыр. Бірақ, Швецияда соңғы бір-екі жылда басқа елдерге тосын болып көрінетін бір проблема пайда болған. Ол – қоқыс тапшылығы. Елдегі кәсіпорындар қоқыс полигондары мен қоқыс қабылдау бекеттерінің бүкіл қорын сатып алып, енді шикізаттан тапшылық көре бастаған. Швеция үкіметі Нидерландымен келіссөздер жүргізіп, былтырдан бастап осы елден қоқыс сатып ала бастаған. Қазір осындай келіссөздер Италия, Румыния, Болгария үкіметтерімен де жүріп жатыр.

Қоқыс өңдеуді мықтап қолға алған тағы бір мемлекет бар, ол – Жапония. Жапондардың әрқайсысы біз секілді жылына 110-130 келі емес, 350 келі қоқыс шығарады екен. Яғни, 38 миллион тұрғыны бар Токио агломерациясында жылына 13 миллион тоннаға жуық қоқыс жиналады. Бірақ, осыншама орасан қоқыстың барлығы түгел өңделеді. Өйткені, қалада осы іспен айналысатын 21 ірі зауыт бар. Олар қаланың ортасында, тұрғын үйлер мен мектептердің жанында орналасса да қоршаған ортаға жағымсыз иіс те, улы газ да таратпайды. Өйткені, барынша жетілген технологияларды қолданады.

Инвесторды шетелден тарту керек

Бәрін айт та бірін айт, қазір әлемде осындай жетілген қоқыс өңдеу зауыттарын кез келген елде салуға әзір ірі компаниялар мен трансұлттық корпорациялар баршылық. Жергілікті билік солардың бір-екеуін Шымкентке де тарта алса, біздің дардай қылып айтып отырған 2 миллион тонна қоқысымызды өңдеу оларға түк те емес.

Иә, біздің елде тариф төмен. Оны бірден еселеп қымбаттатып, проблеманы тұрғындардың есебінен шешуге болмас. Есесіне, қазір мемлекет шетелдік ірі инвесторларды тартуға барынша қолайлы заңнамалық негіздемелер жасап қойды. Қазақстанда іс бастағысы келген шетелдік инвесторлар 10 жылға дейін корпоративтік табыс салығы мен жер салығын төлеуден және 8 жылға дейін мүлік салығын төлеуден босатылады. Ірі жобаларды қаржыландырғандарға инвестициялық субсидия беріледі.

Яғни, құрылыс-монтаж жұмыстары мен жабдықтарға кеткен шығындардың 30 пайызына дейін мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Оның сыртында Шымкентте индустриалды аймақтар да жұмыс істеп тұр. Онда инвесторларға жер телімі беріледі және инфрақұрылымдық желілер мемлекеттік бюджет есебінен тартылған. Енді дейміз-ау, қоқыс өңдейтін зауыттар салатын инвесторларды тартуға не кедергі екені түсініксіз.

Бәрі де жергілікті биліктің іскерлігіне байланысты секілді…

Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Последнее изменение Пятница, 21 Февраль 2020 03:38
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.