АБАЙ – қазақ құқығының білгірі Избранное

Среда, 26 Февраль 2020 03:38 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 220 раз

Шымкенттегі қалалық сотта «Абай қазақ құқығының білгірі» тақырыбында Абай оқулары өтті. Ерекше форматтағы басқосуға қалалық, аудандық соттардың төрағалары мен судьялары, зиялы қауым өкілдері, сот қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.

Абай оқулары 1

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараға келген қонақтар мен қатысушылар кемеңгердің өмірі мен шығармаларына арналған кітап көрмесімен танысты. Сонан соң, Абай туралы деректі фильмді тамашалады. Сөз алған Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рахымбеков Абай мұрасының өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті.

– Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай, қалалық сотта 6 ауқымды шара өткізіледі. Бұл сот қызметкерлерінің ой-өрісін кеңейтіп, рухани жаңғыру мақсатында ұйымдастырылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ұлы ақынның шығармалары бүгінде өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары барлық адамға рухани азық бола алады» деген болатын, - деді сот төрағасы. Ерекше форматтағы жиында ЖОО-ның оқытушылары ұлы ақынның қара сөздерінен үзінді оқып, ойшылдың көркемсөз шеберлігін паш етті. Сондай-ақ кемеңгердің ағартушы, классик қана емес, қара қылды қақ жарған әділ болғандығы да жаңа қырынан танылды.

Басқосуда абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Әліпханұлы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Баршагүл Исабек Ұлы Абайдың өлеңдерінің рухани құндылығын таныта түсті. Ал қалалық соттың алқа төрағасы Мұхтар Парменов және Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Ризагүл Жұмаділова «Ұлы Абайдың мұрасы – халықтың рухани қазынасы», «Абай – ұлы ойшыл және ағартушы», «Абай жазған «Қарамола» Ережесі» – рухани құндылық» және «Абайдың дауларға қатысты бітім-биліктері» тақырыптарында жасаған баяндамасы шараның маңыздылығын арттырды.

Мұнан бөлек, қалалық Ж.Шанин атындағы қазақ-драма театрының актері, Қазақстанның мәдениет қайраткері Еркінбек Шымырқұлов Абайдың қара сөздерінен үзінді оқыса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құрманбай Шойынбаев Абай әндерін орындады. Сонымен қатар, жастар да ақын өлеңдерін оқып, белсенділік танытты.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.