Жаңа жүйенің артықшылығы бар, бірақ...

Среда, 26 Февраль 2020 03:48 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 96 раз

Жыл басынан бері Шымкент мектептері медициналық кабинеттермен толықты. Салаға қажетті мамандар бөлінді. Жаңалықты естігенде медициналық бекеттер оқушылардың денсаулығын сақтауға қаншалықты дайын деген сауал көңіл түкпірінде тұрды.

мектеп 3

Апта басында МӘМС жүйесінің артықшылығы туралы Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияда өткен баспасөз турында айтылды.

Жаңа жүйе бойынша көп жұмыс атқарылған. Атап айтқанда, медициналық бекеттер жөнделді. Компьютерлік және қажетті жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Соның бірі – аталған мектептегі қабылдау бөлімі мен ем-шара бөлмесі алғашқы медициналық көмек, профилактикалық қызмет көрсетеді. Сала мамандары автоматтандырылған басқару жүйесі арқылы жұмыс істейді. Сабаққа ауырып келе алмаған баланы медициналық қызметкер базаға енгізеді. Содан соң бекітілген аймақтық дәрігерге баланың жағдайы хабарланады. Бұрын мектепте бір ғана медициналық бөлме болған. Қазір – екеу. №14 қалалық емханадан бекітілген 4 мейірбике оқушылардың денсаулығын бақылайды.

– Қазір мектепте 3600 бала білім алады. Профилактикалық жұмыстардың өз мектебімізде жүргізілетіне қуандым. Бұл – бала денсаулығын сақтауда өте қажетті шара. Мұнан бөлек, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында гинеколог, психолог мамандар оқушыларға арнайы дәрістер ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, 1-6 сынып оқушылары арасында дұрыс тамақтану, бос уақытты дұрыс пайдалану мақсатында орталықтан мамандар келеді, - дейді мектеп-гимназия директоры Айгүл Керімбаева.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша директорының орынбасары Шалхар Шеримовтің айтуынша, Шымкенттегі 137 мектепте 200 мыңнан астам бала оқып жатыр. МӘМС жүйесі бойынша білім ордаларына денсаулық сақтау басқармасы мен 18 медициналық мекеме медициналық көмек көрсетеді.

Қала бойынша №14 емдеу орталығы 38 мектеппен жұмыс істейді. Алайда балалар мен жасөспірімдер арасында көз және эндокриникалық аурулар белең алған. Гаджетке тым тәуелділік көз ауруының көбеюіне ықпал етіп отыр. Ол ол ма, артық салмақ та алаңдатарлық жағдайға жеткен. Балалардың тамақтануы да – өзекті мәселе. Консервант өнімдерін көп қолданғандықтан эндикринологиялық аурулар асқынып тұр.
Мамандар жаңа жүйе арқылы ауруды алдын ала анықтай алады. Сондай-ақ, тіркелген емханаларға жібереді. Әрі қарай балалар диспансерлік есепке алынып, оңалту шаралары жүргізіледі.

Баспасөз турында №14 емдеу орталығының бас дәрігері Динара Қыдырбаева отбасындағы кикілжің, тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары бойынша психолог көмегіне жиі жүгінетін оқушылардың аз емес екенін жеткізді. Бірақ мектептегі 500 балаға бір мейірбикеге белгіленгенін ескерсек, жаңа жүйенің тиімділігі қаншалықты деңгейде екен деген ой келеді. Себебі, мұнда 3600 бала оқиды. Ал маман жетіспеушілігі кәдімгідей байқалады.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.