Версия для печати

Газ жылудың ғана емес, қауіптің де ошағы Избранное

Пятница, 28 Февраль 2020 03:33 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2148 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Жақында қаламызда қайғылы жағдай орын алды. Түркістан көшесіндегі үйлердің бірін жалдап тұрып жатқан 1992 және 1994 жылғы екі азамат газдан уланып, қайтыс болды.

 DSC0932

Дәлірегі марқұмдар сол түні үйлерін жылытпақ ниетпен газ плитасын қосып жатқан. Қалың ұйқыға кеткен уақытта қапелімде газ өшіп қалып, сәлден соң қайта берілген. Бірақ газдың иісін ұйқының құшағында жатқан жас жігіттер қайдан білсін. Улы газ әп-сәтте бөлмелерге тарап, екі адамның өмірін жалмап тынды.

«Егер азаматтар өздеріне ықтият болса, мұндай қайғылы жағдайлар болмас еді»,- дейді Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Мадияр Жақсыбаев ақпараттық коммуникациялар орталығында өткен брифингте. Әріптесінің бұл ойын брифингте тағы бір спикер зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласында бақылау басқармасының бастығы азаматтық қорғау полковнигі Бауыржан Ізбасаров та қостады.

Мамандардың сөзіне қарағанда адамдардың газдан улану оқиғалары көп жағдайда өздері жіберген қателіктерінен, салғырттықтарынан орын алады. Баяндамашылар келтірген статистика олардың сөзін растай түскендей. Биылғы жылу беру маусымында гадан улануға қатысты 10 оқиға тіркеліпті. Осы оқиғалардың барлығы да қайғылы жағдайлармен аяқталған.

М.Жақсыбаев та, Б.Ізбасаров та үйлерді, шағын дәмхана, бизнес нысандарын тексере алмайтындарын айтып өкініш білдіріп отыр. Негізінде жеке тұрғын үй секторындағы тұрғындардың газдан улану фактісі жиі кездеседі. Мамандардың айтуынша бұған да тұрғындардың өзі себепші. Өйткені олардың дені тексерушілерді парамен «майлап», есік сыртынан шығарып салады. Сондай-ақ көпқабатты үйлердегі автономды жылыту жүйелері де нағыз қауіптің ошағы. Бірақ қазақы жайбарақат мінез оларды тексеруге мойын бұрғызбай отыр.

Спикерлер автокөлікке орнатылатын газ қондырғысының қоршаған ортаға, адамдарға қауіп туғызатынын да жасырмады. Сондықтан бүгінгі таңда Ішкі істер министрлігі арнайы заң қабылдағалы жатыр. Жаңа ереже бойынша газбен жүретін автокөліктерге оның қандай отын пайдаланатынын білдіретін арнайы белгі орнатылады. Ал, жабық паркингтерге, яғни «Мега планет» «Шымкент плаза» секілді ірі сауда орталықтары мен тұрғын үй кешендерінің жерасты көлік тұрақтарына газ қондырғысы орнатылған машиналарға кіруге тыйым салатын белгі қойылады.

Сонымен бірге төтенше жағдайлармен күресуші мекемелер ТМД елдерінің мәдени астанасы атанған Шымкентте өрт қауіпсіздігін сақтау, алдын алу бойынша волонтерлармен бірлесіп халық арасында түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетіпті. Олардың бұл ықыласына Nur Otan партиясының жастар қанаты, «ҚазТрансГазАймақ» мекемесінің Шымкент қаласындағы кеңсе қызметкерлері қолдау білдіруде.