«Жедел жәрдем» қолбала емес

Среда, 04 Март 2020 03:54 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 390 раз

Қым-қуыт тіршілікте басы ауырып, балтыры сыздамайтын жан жоқ. Әрине, сырқаттанған адамның «жедел жәрдем» қызметіне жүгінетіні белгілі. Ал алғашқы көмек көрсететін «103»-тің жұмысына қатысты мысал мың, пікір әралуан. Сондықтан сала қызметіне кейде атүсті баға беріледі.

DSC 2006

Біреу жанымен жанталасып, «жедел жәрдем» көлігінде қиналып жатса, кейбір көлік иелері сиренасын дабылдатқан «103»-ке жол бермейді. Бара жатқан бағытына кедергі жасайды. Ал дәрігер мен науқас үшін әрбір секунд маңызды. Жол апаты немесе қылмыстық оқиға болған жерге де «103» жедел жетуі тиіс. Алайда жол кептелісінен кешігіп жеткенде ауыр сөзге де, ашулы кейіпке де кез болып, кінәні көтеретін «жедел жәрдем» қызметкерлері.

Негізсіз шақырту неге көп?

Әдетте «103»-ті «шақыртуға кешігіп келеді» деп сынайды. Негізі, «жедел жәрдем» шақыртуларға санатына сәйкес жіберіледі. Егер науқастың ауруы қауіпті болса, шақырту 1-санатқа жатады. Мұндайда бригада 10 минутта жетуі тиіс. Ал науқастың өміріне медициналық көмексіз қауіп төну жағдайы 2-санатқа жатқызылады. Мұндай кезде «103» 15 минутта келуі міндетті. Сондай-ақ, медициналық көмексіз денсаулығына зиян келсе, ол 3-санатты шақырту болып табылады. Мұндай жағдайда бригада 30 минут аралығында жетеді. Ал науқастың өміріне де, денсаулығына да қауіп төндірмейтін дерт 4-санатқа жатады. Оған 1 сағат аралығында баруына болады.

Шымкенттік «жедел жәрдем» стансасының дерегіне сүйенсек, 2018 жылы – 516 мың, 2019 жылы 643,036 шақыртуға медициналық қызмет көрсетілген. Оның ішінде 2018 жылы – 10 459, өткен жылы 14 484 қоңырау негізсіз болып шыққан. «Жедел жәрдем» стансасының бас дәрігері Гүлнар Құрманбекованың айтуынша, шақыртулардың негізсіз екені диспетчерлік бөлімде анықталады. Дегенмен, барлық шақыртуға жедел жәрдем баруға міндетті. Себебі, науқастардың жағдайын телефонмен айтып жеткізе алмайтыны түсінікті.

DSC 1881

Әдеттегідей шақыртулар қатарын созылмалы сырқаттар бастап тұр. Бір өкініштісі, мұндай науқастар өз денсаулығына уақтылы күтім жасамайды, аурудың алдын алуға мән бермейді. Емханаға барып, дәрігер кезегіне тұруға мойны жар бермейді. Дерті қатты мазалағанда ғана жедел жәрдемге жүгінеді.

– Біздің қызметіміз – бір күндік. Ол емге жатпайды. Бойдағы ауру тәуліктен соң қайта бой көтеруі ықтимал. Мұндайда профилактикалық тексеруден өтіп, тиянақты ем қабылдау керек, - дейді «жедел жәрдем» стансасының оперативті бөлімінің аға фельдшері Майра Досыбаева.

Не керек, санат шақыртуына жатпайтын қоңыраулар көп. Әсіресе, негізсіз шақыртулар экомикалық тұрғыда қып-қызыл шығын. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұған жол бермеу үшін жөнсіз шақыртқандарға айыппұл салу мәселесін қолдайды.

«Бұл шара көптеген елде қолданылады. Біз азаматтардың өз денсаулығы үшін, басқа адамдарға шұғыл медициналық көмек көрсетуге кедергі келтірмеуі үшін ортақ жауапкершілік ұғымын қалыптастыруды көздейміз. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салуға болады. Неге шұғыл көмек көрсету ережелерін бұзу ескерусіз қалады?» - дейді министр.

Елеңдеткен дабыл

«Жедел жәрдемнің» дабылы құлаққа үйреншікті үн. Әйтсе де, «сиренаны неге сонша қатты қосады» деп шағымданатын тұрғындар да табылады. Ал белгіленген ереже, талап бойынша станциядан шақыртуға шыққан сәттен науқасты стационарға жеткенге дейін дабыл қосылуы тиіс. Сирена мен көлік жарығы таңғы сағат 8-ден кешкі 23-ке дейін қосылады. Бұл – қызметке енгізілген жаңашылдықтың бірі.

- Бұл тек Шымкенттегі жаңашылдық емес. Барлық өңірде сондай. «Жедел жәрдем» дабылы қосылды ма, өзге көліктер оған жол беруі керек, - деген бас дәрігер тұрғындарды денсаулығына қырағы болуға шақырады.

Денсаулықтың қадірін ауырғанда білесің. Таңғы сағат 4 пен 5-тің шамасында «103»-ті кез келген тұрғынның тектен текке шақырмасы анық. Дегенмен, көліктің ұшып баратын қанаты жоқ. Жүргізуші бағдаршамның қызыл көзінен өтпейді немесе иін тірескен көліктердің үстінен «секіріп» кете алмайды. Мұнан бөлек, мекенжайдың дұрыс берілмеуі, үй аулаларының көліктің кіруіне қолайсыз болуы тағы бар. Қаладағы және шағын аудандардағы асфальтсыз ойдым-ойдым жолдардың жағдайы үлкен мәселе. Мұндайда «Жедел жәрдемді» жылдам келе қоймады. Кешігіп жатыр» деп кінәлап, байбалам сала берудің де жөні жоқ екенін ескерткеніміз абзал.

Шымқалада «Жедел жәрдем» стансасының 9 бекеті, 97 бригадасы бар. 2020 жылдан бастап шақыртуларға кешігу азайды. Берілген 100 жаңа автокөлік олқылықтың орнын жойған көрінеді. Бас дәрігер Гүлнар Құрманбекованың айтуынша, көлік, кадр мәселесі шешімін тапқан.

Ақылы қызмет те бар

Әлемдік тәжірибеде жедел медициналық көмек көрсетудің екі тәсілі бар. Біріншісі, «Жедел жәрдем» көлігімен бірге дәрігер еріп барып, алғашқы ем-домды сол жерде көрсетеді. Екіншісі, шақырту жасаған мекенжайға 10-15 минуттың ішінде жетіп, науқасты ауруханаға жеткізеді. Біздің елімізде көбіне көп бірінші тәсіл қолданылады. Қан қысымы көтерілген, жүрегі ауыратын жалғызбасты қариялар «103»-ті шақыртушылардың көшін бастап тұр.

Сондықтан соңғы жылдары Қазақстанда «жедел жәрдем» қызметі екінші тәсілге ауыстырыла бастады. Енді «жедел жәрдем» бригадасы науқасты білікті мамандар емдеуі үшін бір сағат аралығында клиникалық ауруханаға жеткізуде. Бұл медициналық жағынан да, экономикалық тұрғыдан да тиімді.

Ақылы жедел жәрдем қызметі Шымкентте де бар. Шақыру құны – сағатына 10 мың теңге. 57-22-91 нөмірі шұғыл қоңырауларды қабылдайды. Зейнеткерлер мен мүгедектер үшін жеңілдік қарастырылған. Басқа өңірлерге науқасты жеткізу, әкелу қызметтерін де көрсетеді.

Ал шет елдерде 1-санаттағы шақыртулардан басқасына ақылы қызмет көрсетіледі. Террорлық оқиға немесе жол апатына түскендер үшін жедел медициналық көмек тегін. Ал қалғанына ақы төлейсіз. Германияда тәртіп қатал. Жөнсіз шақыртқандарға айыппұл салынады. АҚШ-та да қызмет құны медициналық сақтандыру есебінен қамтылады.

Экологияның ластануынан ба, әлде күнделікті тұтынатын тамақтың сапасыздығынан ба, болмаса әлеуметтік ахуалдың төмендігінен бе, бүгінде түрлі аурулар белең алды. Әрине, сырқаттанғанның бәрі бірдей ауруханаға жата бермейді. «Жедел жәрдемнің» көмегімен де жеңілдік табатын жағдайлар көп. Әйтсе де, сәл түшкірініп-пысқырынғанға «103»-ті шақыртып, «Жедел жәрдемді» қолбала көру де қисынсыз екенін айтқымыз келеді.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.