Версия для печати

«Еріксіз түскен ылдидан, еркіңмен шыққан өр артық» Избранное

Среда, 04 Март 2020 04:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2238 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Соңғы жылдары орын алған оқиғалар мемлекеттің ішкі саясатын, әсіресе, ұлтаралық қатынастарға қатысты саясатты қайта қарау керектігін көрсетіп отыр. Өткен аптаның соңында informburo.kz ақпараттық-сараптамалық порталына берген эксклюзивті сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге де ерекше назар аударыпты.

666621

Мемлекет басшысы «Біз ұлтаралық, этносаралық қарым-қатынас мәселесіндегі амалдарымызды қайта ой елегінен өткізуге тиісті екендігіміз сөзсіз. ...Осы жерде тұрып жатқан барлық ұлттар, этникалық топтар шындығына келгенде біртұтас ұлт болып саналады. Шетелде баршамызды «қазақтар» деп біледі. Өйткені, біздің мемлекетіміздің атауы дәл осы сөзбен астасып жатыр» деп атап өтті.

Сөз жоқ, Тәуелсіздікті қорғау, тұрақтылық пен тыныштық, халықтың бірлігі, этносаралық татулық пен конфессияаралық келісім – Қазақстанның негізгі құндылықтары. Бұған дейін солай болған, мұнан кейін де солай болып қала беруі тиіс. Алайда, қазір халықтың санасы өсті, көкірек көзі ашылды. Қалың бұқара елдегі әбден пісіп-жетілген проблемалардың байыбына барып отыр. Бұл проблемалардың себебі неде, салдары қандай болуы мүмкін екенін де парықтай алады. Сол өзекті мәселелердің бірі де бірегейі – қоғамды қазақыландыру ісі, отарсыздандыру процесін аяқтау. Түптеп келгенде, көптің көксегені – толыққанды ұлттық мемлекетке айналу.

Қазақстанда 130-ға тарта этнос өкілдері тұрады. Осыншама этникалық азшылық топтардың ұлттық бірегейлігін сақтау, тілі мен дәстүрін қорғауына мүмкіндік беру, адамдардың қай этнос өкілі болғанына қарамастан азамат ретінде заң алдындағы теңдік принципін қамтамасыз ету – мемлекеттік биліктің борышы. Бірақ, мұның ешқайсысы қазақ ісінің алға басуына, қазақ мүддесінің бірінші кезекке шығуына кедергі болмауы тиіс. Қанша жерден көпұлттымыз десек те, жан саны Қазақстан халқының 1 пайызына жететін диаспораларды санағанда екі қолдың саусағы да толмайды. Ендеше 12 миллион адамнан тұратын мемлекетқұраушы ұлт пен 120 мың мүшесі бар этникалық диаспораның мүддесін бір қатарға қою қисынсыз емес пе?!

Тәуелсіздік алғалы бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев орнықты, прагматикалық ішкі саясат жүргізе отырып, отарсыздандыру ісіндегі әр қадамын «жеті өлшеп, бір кесіп», байыппен жүзеге асырып келді. Отыз жылға жуық мерзімде бұл бағытта қандай шаруа тындырылғанын қазір тізбектеп жатқанымыз артық болар. Дегенмен, бүгінде қазақ өз елі, өз жерінде 70 пайызға жетіп, абсолютті көпшілікке айналды. Көп екенін, елдегі шешуші күш өзі екенін сезіне бастады. Демек, халық ендігі жерде қазақыландыру, отарсыздандыруға қатысты бұрынғыға қарағанда батыл шешімдер, жүйелі әрі нақты қадамдар күтеді. Мейлі тіл саясатында болсын, ономастика саласында болсын, ұлт тарихы мен салт-дәстүрін ұлықтауда болсын жаңа леп сезіліп, қазақтың жанына жылу, жүрегіне қуаныш ұялататын шешімдер қабылданып, сондай істер мемлекеттік масштабта қолға алынуы тиіс.

Қазір бүкіл өркениетті әлемде мемлекет пен ұлт дейтін ұғымдар синоним ретінде қабылданады. Бір ғана Лондон қаласында 2 мыңнан астам этникалық топтардың өкілдері өмір сүретіні тіркелген. Бірақ, оларды ешкім бөліп-жармайды, бәрін ағылшындар деп атайды. Президент Қ.Тоқаевтың біртұтас ұлт дегенде айтып отырғаны да осы. Яғни, болашақта бүкіл Қазақстан халқы бір ғана қазақ ұлты болып тұтасады.
Басқару формасына, саяси бағытына, экономикалық құрылымының қандай екеніне қарамастан қазір орнықты дамып келе жатқан табысты елдердің барлығы да – ұлттық-демократиялық мемлекеттер. Президент елді осы әбден сыналған, дұрыстығы, тиімділігі дәлелденген жолға қарай бастағаны көңілге қуаныш ұялатып отыр.

Ынтымақ пен бірлікті сақтау бар да, оны одан әрі нығайта түсу деген жауапкершілігі зор жұмыс тағы бар. Себебі, бірліктің іргесін үнемі бекемдей түспесек, бір күні барымыздан айырылып қалуымыз да ғажап емес. Мұны кешегі Қордай оқиғасы тағы аңғарттты.

Иә, Қазақстанда барлық этнос өкілдерінің өз тілі мен мәдениетін сақтауына, ана тілінде білім алуына қолайлы жағдай жасалған. Басқасын айтпағанда, елімізде 9 тілде ұлттық мектептердің жұмыс істеп тұрғаны осы сөзіміздің айғағы. Соның нәтижесінде республикамыздағы этносаралық қарым-қатынастар өзара құрмет пен толеранттылыққа құрылған. Бірақ, тап осылай ынтымағы ұйып отырған талай қоғамдардың екіталай күн туғанда жік-жікке бөлініп, бір-бірімен жауласып кеткенін көре отырып қамданбасқа болмайды. Алысқа бармай-ақ, Украинадағы Донбасс дауы біз секілді көпэтносты қоғамдарды ойландыруы тиіс емес пе?

Ол қоғамдар неге жарасымды бірлігін сақтап қала алмады? Себебі, онда түрлі этностарды толерантты етіп қана қоймай, өзара қабыстырып, тұтастырып жіберетін іргетас, негіз болмады. Негізі жоқ нәрсе үнемі солқылдақ келеді. Демек, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 2016 жылы жарық көрген «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында азаматтық біртектілік пен бірлікке негізделген біртұтас ұлтқа айналу мәселесін қозғауы тегін емес екен.

Елбасы «Қазіргі заманғы әлемде барлық дамыған мемлекеттер – біртұтас ұлттар. Олар бірыңғай экономикалық, саяси және мәдени рет-тәртіппен өмір сүреді» деп қадап айтқан болатын. Демек, тарихи қазақ жерінде өмір сүріп жатқан жүзден астам этностың ХХІ ғасырдағы басты мұраты біртұтас ұлтқа айналу болуы тиіс. Қазақстан халқы біртұтас ұлтқа айналғанда ғана бірлігіміз баянды, өміріміз бейбіт болып, келер ұрпақтарымыз дамыған, өркениетті қоғамда өмір сүре алады.

Әрине, жүз этностың тілі мен танымы ортақ, арман-аңсары мен мақсат-мұраты орайлас біртұтас ұлтқа айналуы – өте күрделі, көп қырлы және ұзақ мерзімді процесс. Бірақ, қанша жерден күрделі болғанымен, бұл – табиғи процесс. Себебі, мемлекет құрудағы мақсаттың өзі біртұтас ұлт қалыптастыру емес пе? Мемлекет – қоғамдық жүйенің ең жоғарғы көрінісі болса, ұлт – оның жемісі. Демек, Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап-ақ біздің атамекенімізде жаңа, біртұтас ұлттың қалыптасу үдерісі басталып кеткен десек, артық айтқандық емес.

Сонымен, Қазақстанда қалыптаса бастаған біртұтас ұлт қандай ұлт? Бір нәрсені ашып айтуымыз керек, Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып отырған біртұтас ұлт қайсыбір жылдары көтеріліп, кейін қазақ ұлтшылдарының, қоғам қайраткерлерінің табандылығының арқасында тоқтатылған «қазақстандық ұлт» туралы идеямен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Себебі, ол біздің қоғамды тілі – орысша, өмір салты – батыстық үлгідегі қоғам етіп құрып, тек қазақ халқын ғана емес, елдегі барлық этностарды ұлтсыздандыруға бағытталған концепция еді. Ал, Мемлекет басшысы айтып отырған біртұтас ұлт идеясы әр этностың ерекшеліктерін сақтай отырып, азаматтық біртектілік пен біртұтастықты қалыптастыруға негізделген. Бұл жерде «азаматтық» деген сөздің астын сызып көрсету керек. Демек, ең маңызды принцип – біртұтас ұлтты құрайтын азаматтардың қай этностан шыққанына қарамастан, олардың заң алдындағы теңдігі.

Ұлт дегеніміз – бір тілде қалыптасып, аумақтық-әкімшілік, психологиялық, экономикалық рухани тыныс-тіршілігі тұтас тарихи категория. Демек, ұлтты ұлт ететін тілі екені анық. Тап оыс тұста «болашақ біртұтас ұлттың тілі қай тіл болады» деген сұрақ туындамауы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданына сапары барысында дүнген диаспорасы өкілдерімен кездесіп, оларға мемлекеттік тілді үйренудің маңызды екенін баса айтты.

«Сіздердің балаларыңыз қазақ тілін үйренуі керек. Сондай-ақ, орыс тілі мен өзінің ана тілін де білуі қажет. Мемлекет сіздердің мәдениеттеріңіз бен дәстүрлеріңізді сақтап, дамытуға жан-жақты қолдау көрсетеді. Дегенмен сіздер, әсіресе, ауылда тұратын азаматтар мемлекеттік тілді білгендеріңіз аса маңызды» деп атап өтті.

Рас, бүгінде Қазақстандағы қоғамдық қатынастарда орыс тілі үлкен басымдыққа ие. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие бола тұрып, ауылдан қалаға, оңтүстіктен солтүстікке қарай қадам басса болды маңдайы тасқа соғыла беретін кереғар жағдай қалыптасып отыр. Өкінішке қарай, қазақтардың елеулі бөлігі қазақ тілінде сөйлемейтін болғандықтан өзге этнос өкілдерінің қазақша білмеуі бүгінде ешқандай кемшілік, айып болып саналмай келеді.

Бірақ, соңғы жылдары бұл жағдай бүйтіп жалғаса бермейтіні айқындала бастады. Мәселен, Білім және ғылым министрлігінің ресми деректеріне қарағанда, елімізде 2019 жылы бірінші сыныптың табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің 72 пайызы қазақ сыныбына барған. Осының өзі көп жайды аңғартады. Қала берді демография, көші-қон, қазақтың зияткерлік күш-қуатының жылдан-жылға артуы секілді факторлар түбі қазақ тілін тұғырына қондырары анық. Демек, өзінің өмірін, балаларының болашағын Қазақстанмен байланыстыратын кез келген азамат біртұтас ұлттың өкілі атануға іштей дайындалуы тиіс. Ол үшін қазақ тілін үйреніп, қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрін бойыңызға сіңіруіңіз керек. Ал, ол үшін Қазақстан тарихын тану, қазақ әдебиеті мен баспасөзін оқу керек. Бұл бәрінен бұрын болашақта өзіңіздің және балаларыңыздың өмірлік қажеттіліктерін өтеуге керек қадамдар. Бұл мәселенің бір ғана қыры.

Екіншіден, Қазақстандағы барлық этностар біртұтас ұлтқа айналу үшін ортақ құндылықтар жүйесін қалыптастыруға тиіспіз. Осы қоғамның әрбір мүшесіне, мейлі ол министр болсын, мейлі шаруа болсын, мейлі банкир не таксист болсын, мейлі орыс немесе өзбек болсын – бәріне ортақ, бәріне қымбат, барлығы үшін маңызды құндылықтарды анықтауымыз керек. Біздіңше, олар – тәуелсіздіктің баяндылығы, осы елдегі бейбітшілік, заң үстемдігі, теңқұқықтылық, азаматтық еркіндік пен әлеуметтік әділеттілік, ашықтық пен жариялылық.

Мысалы, Иван Александрович, Шерзат әкә және менің отбасым бір көшеде көрші өмір сүреміз делік. Үшеуміздің этникалық тегіміз, діни сеніміміз, әлеуметтік жағдайымыз, тұрмыстық дәстүріміз, тіпті саяси көзқарастарымыз бен дүниетанымымыз да әртүрлі болуы мүмкін. Енді бізді не біріктіре алады? Біз дос болып, ынтымақпен өмір сүруіміз үшін біздің ортақ мүддеміз, ортақ құндылығымыз болуы тиіс. Мысалы, өмір сүріп жатқан елімізде тыныштықтың болғаны үшеумізге де керек. Осы елдегі хабар алмасудың, білім мен медицинаның сапалы әрі қолжетімді болғаны үшеуміз үшін де маңызды. Соттың әділ болуы, заңды бұзбасақ, ең соңында соттың бізді қорғап қалатын болғаны үшеумізге де керек.

Үшеумізге де керек тағы не бар? Міне, біз осы бағытта ізденуге тиіспіз. Қазір осы ізденіс баяу болса да жүріп жатқан сияқты. Сол ізденістің нәтижесінде жаңағы айтқан ортақ, ұлттық құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз керек. Және билік те, қоғам да сол құндылықтарды қорғау, сақтау және дамыту бағытында тынбай еңбектенуі тиіс. Сонда ғана елдің бірлігі бекем болады.
«Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» дейтін нақыл бар. Бүгінде әлемде геосаяси жағдай шиеленісіп тұр. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысына, АҚШ-Иран текетіресіне, күннен күнге өршіп бара жатқан Түркия-Ресей жанжалына қарап отырып, ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қалай алаңдамасқа?!

Осындай жағдайда елде тыныштық пен тұрақтылықты сақтап қалу дегеніміз – Тәуелсіздікті сақтап қалу дегенмен бір сөз. Ішкі тұрақтылық пен тыныштық болмаса, мемлекеттілігіміздің іргесі шайқалып сала беретіні ақиқат. Алайда, сол тыныштық пен тұрақтылық тек қазақ халқының төзімі мен сабырының есебінен ғана орнатылмауы тиіс. Бұған елдегі барлық этностық топтар мүдделі болуы шарт.

Осының бәрін ескерсек, бүкіл Қазақстан халқын біртұтас ұлтқа айналдыру – біз үшін мемлекет ретіндегі өмір мен өлім мәселесі. Біртұтас ұлтқа айналғанда ғана Тәуелсіздікті қорғап қала аламыз. Ал, егемендіктен енді айырылсақ, ел болудың ешқандай мәні қалмайды. Әйтпесе, хәкім Абай «Еріксіз түскен ылдидан, Еркіңмен шығар өр артық» дегенді текке айтты деймісіз?!

Последнее изменение Среда, 04 Март 2020 09:20