Версия для печати

Қағаз + гүл = Гүлдария Избранное

Пятница, 06 Март 2020 03:44 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3186 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Гүлдария Назарова – флорист. Ол мегаполис қалада гүл шоқтарын қағаздан жасаумен айналысатын санаулы шебердің бірі. Түрлі-түсті қағазға жан бітіріп, ерекше дүниелер жасайтын Гүлдария бірнеше жылдың жүзінде мұны пайда әкелетін кәсіпке айналдырып үлгерген. Жас қолөнершімен сұхбаттасуға жетелеген Instagram-ға салған ерекше еңбектері еді.

 DSC2416

Гүлдария бұл кәсіпке кездейсоқ келген. Балабақшаға баратын үш жасар қызының мерекелік кешіне қағаздан гүл шоғын жасап апарады. Көздің жауын алатын құмырадағы түрлі-түсті гүлге біраз адам тамсанысын жасырмайды.

– Кәдімгі қағаз майлықтан жасалған гүлдерге осыншалықты қызығушылық тудырады деп ойламадым. Алдында теледидардан қырғызстандық жас қыздың осындай өнерді табыс көзіне айналдырғанын көріп қалдым. Сосын интернеттен жасалу жолдарын іздей бастадым. Адамда ынта-ықылас болса, ешбір істің қиындығы жоқ екенін сонда түсіндім, – деді жас шебер.

Гүлдарияның гүлдеріне алдымен көрші-қолаңынан, одан кейін өзі тұрып жатқан ауылдағы балабақшадан, кейін қаладағы өзге білім мекемелерінен тапсырыстар түсе бастайды. Еңбегінің бағалануы шеберге шабыт берумен қатар, жан-жақты ізденуге жетелейді. Ол алғашында қолөнер заттарын дайындайтын материалдарды Алматы, Астанадан алдырады, ақылы онлайн сабақтарға қатысады. Ізденіс, еңбекқорлық, ең бастысы сүйікті ісін тапқан Гүлдария кәсібінің аясын біртіндеп кеңейтеді.

Гофра, фоамиран, изолоннан дайындалған декоротивті гүлдер мен себеттер, құмырадағы гүл шоқтары, түрлі кәдесыйлар, түнгі жарықшамдар (светильник), мерекелік сәндік көйлектер, түрлі-түрлі идеялар легі келе бастайды. Instagram желісіне салған қолдан жасалған заттарына миллионды шаһардың тұрғындары ғана емес, Түркістан облысының аудан-ауылдары мен еліміздің өзге аймақтарынан да тапсырыс бере бастайды.

 DSC2327

– Кәсіп ашуға қомақты қаражат қажет дейтіндермен келіспеймін. Алдымен адам өзінің жанына жақын ісін тауып, оған махаббатпен қараса, алдына нақты мақсат қойса, соның өзі жеткілікті дегім келеді. Осы кәсіпті бастауға небәрі қағаз майлыққа қалтамдағы азын-аулақ ақшамды жұмсадым. Несие алмадым, мемлекеттен қаржы сұрамадым. Қазір айына кем дегенде 100 мың теңге табыс түседі, – деп қолөнер шебері кәсіп ашудағы тәжірибесімен бөлісті.

Флористің ерекше еңбектерінің бірі – балабақшаға баратын қыздарға қағаздан тіккен гүлді көйлегі мен изолоннан дайындаған түнгі жарық шамы. Шеберханасында бірнеше «гүл көйлекті» Жетісай мен Шардараға жіберуге дайындап қойыпты. Қазір Алматы, Нұр-Сұлтан, Атыраудан жақында ғана тапсырыс берген 12 дана (данасы 6 мың теңгеден) жарықшамды дайындау үстінде екен. Жарықшам жасау идеясын электрик болып жұмыс істейтін күйеуі Ерланның ұсынғанын айтып қалды. – Арнайы шамы, тоққа қосатын сымы, астына қоятын тұғыры секілді қажетті заттарды табуға әрі құрастыруға күйеуімнің көмегі тиді. Оған изолоннан гүл қондырып, ерекше дүние жасап шықтық, – деді.

Г. Асылханқызы әлеуметтік желінің арқасында кәсібін дамытып әрі шәкірт дайындап үлгерген. Қазір қыздарға шеберлік-сабағын өткізіп жүр. Флорист келіншектің кәсібін дөңгелетуге қолбайлау болып жүрген мәселе де жоқ емес. Ол қаладан шалғай орналасқан Алтынтөбе ауылында тұрады. Тұрғын алапта интернет желісі өте нашар әрі орталыққа тапсырысты дер кезінде жеткізу мен жөнелтудің қиындығы тағы бар. Дегенмен, қолөнерші оны сылтау етіп, қол қусырудан аулақ.

Алдағы уақытта өзінің қолөнер орталығын ашуды жоспарлап отыр. Өйткені, оның қолынан келмейтін ісі жоқ. Қыздарға арналған сөмке, кітап мұқабасына қаптағыштар, тойға қажетті өзге де ұлттық бұйымдарды тігу ісін де қолға алған. Тірлігінен береке тапқан ол ырыстың еңбекпен келетінін айтады. Осындайда Абай атамыздың «Алдау қоспай адал еңбегін сауған қол өнері – қазақтың әулиесі сол» деген сөзі еріксіз еске түседі.

14435

– Әрбір шығармашылық жұмыс жанымды жадыратады. Кейде бойымды көңілсіздік басқанда бәрін жинастырып, шеберханамда жасалған гүлдерден қуат аламын, – деді әңгіме соңында.
Гүлдарияның гүлдеріне тапсырыс көбейетін мезгіл – көктем айлары, анығырағы 8 наурыз мерекесі.

Көз үйренген біртекті заттардан гөрі соңғы уақытта қолдан жасалған бұйымдарға адамдар көптеп қызығады. Сондықтан, сұлулықпен үйлескен, талғаммен түрленген композициялар бірден көзге түседі, –дейді ол. Айтпақшы, өткен жылы Арбатта көктем мерекесіне орай, флористер арасында ұйымдастырылған фестивальге қағаздан гүл жасайтын санаулы ғана шебердің қатысқанын көрдік.
Композициялық кесімі шебер үйлескен Гүлдарияның гүлдері шынайы сұлулықтың сырын ұқтырып тұратындай.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.