Версия для печати

«ӘЙЕЛ – алдайды, ЖАР– жарылқайды»

Пятница, 06 Март 2020 03:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4076 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қазір еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалы оңалды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағыдай емес, көп әйел ала дорба арқалап, қу тіршіліктің қамы үшін базар жағалайтын бейнеттен құтылды. Бірақ, қарыны тойынған қоғамның рухани жұтаңдыққа ұрынуына байланысты ендігі жерде қазақ әйелі одан да ауыр, одан қатал сынақтармен бетпе-бет келіп отыр. Жасөспірімдер қылмысы, балалардың өз-өзіне қол жұмсауы, педофилдердің пайда болуы, толық емес отбасылардың, ажырасудың көбеюі... Осының бәрінің зардабын, ең алдымен, қазақ әйелі тартуда. Осының бәрі ару-аналардың иығына батпандай жүк артып, көңіліне қаяу, жүрегіне жара салуда.

depositphotos 89650026-stock-photo-beautiful-kazakh-young-woman-with

Неге? Неге бұлай болды? Неге жетімін жылатып, жесірін қаңғытудан арланбайтын жұртқа айналдық? Кешегі кісінің алдынан көлденең өтпейтін, көпшіліктің арасында дауысын шығарып күлмейтін ұяң арулар қайда? Қалайша олар алаңдағы митингте айғай салып, полициямен арпалысып, жаға жыртысатын деңгейге дейін төмендеп кетті? Оларды бұған не мәжбүр етті?

Мұның бәрінің бір ғана жауабы бар: Біз рухани негізімізден алыстап, Құдай көрсеткен тура жолдан тайдық. Тура жолдан тайған соң кешегі кеңестік, қазіргі батыстық идеологияның «ер мен әйел тең» дейтін өтірігіне сеніп қалдық. Өтірікке алданған соң ер де, әйел де өзінің Құдай жаратқан болмысынан жырақтап, әу баста мойнына жүктелген мәңгілік миссиясын ұмыт қалдырды.

Әйел – ана. Еркек – асыраушы, қорғаушы. Халқымыз бодандық қамытын киген тұста осы қарапайым формула ескерусіз қалып, көмескіленді. Кеңестік жүйе «әйел теңдiгi» дейтін жасанды ұранмен нәзік жандыларды саясатқа, өндіріске, қара жұмысқа, қоғамдық iстерге аяусыз жектi. Бірақ, оларды ешкім аналық мiндетiнен босатқан жоқ. Әйелдер әрi бала табуға, әрi дүние табуға мәжбүр болды. Осы проблема әлi күнге өзекті болып отыр. Аруларымыз отбасына, өзінің әуелгі миссиясына әлі де оралмады.

Басым көпшілігі мансап қуып, саясатқа, бизнеске араласып, мал табудың қамында жүр. Ең үлкен мансап – ана болу, ұрпақ көбейту екенiн ұғына алмай келеді. Бұл жағдай нәзiк те сұлу әйел табиғатына орасан зор залал келтiруде. Мал табу, мансап қуу, «сенімен құқығым тең» деп еріне сөзсіз бойсынудан бас тарту – әйелдерді көркем мінезінен, ішкі сұлулығынан, рухани байлығынан ажыратуда. Ал, асылында қазақ әйелі қандай болуы тиіс еді?

Биыл хәкім Абайдың дүниеге келгеніне 175 жыл толғаны көпке мәлім. Айтулы мерейтойдың мемлекеттік деңгейде тойланып жатқаны көңілге жылулық ұялатқаны да рас. Алайда, бұ жыл жазушы Мархабат Байғұт айтқандай, «Абайды оқып, таңырқаумен» шектелмей, «Абайды оқып, орындайтын» жылға айналса қанекей! Расында, Абайдың рухани мұрасын оқып-біліп, оның аманатына адалдық танытып, өсиетін орындай алса, бүгінгі қазақ қоғамының көсегесі көгерері сөзсіз.

Шыр етіп дүние есігін ашқанынан бастап ақыретке дейінгі аралықтағы өмір сырын жүйелеп түсіндіретін Абай мұрасының ең маңызды бөлігінің бірі – әйел тақырыбы. Әйел болмысы мен табиғатын түсінуге, қазақ ұғымындағы жақсы қатынның қандай боларын ұғынуға келгенде Абайдан артық көмекші табуыңыз екіталай. Сонымен Абай не дейді?

«Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме!
Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме!», - дейді.

Демек, әйел тек көркем мінезімен ғана жақсы болмақ. Көркем мінез не десеңіз, ол – бойсұну. Ерінің бір сөзін екі етпей, бетіне келмей, әр айтқанын құп көру. Еріне бойсұнудың астарында оны өзіне басшы етіп жаратқан құдайға бойсұну жатыр. Ал, сыртқы сұлулық ше? Оның мәні қалай? Бұл жөніндегі ақиқатты Абай ащылау айтады:

«Шу дегенде көрінер сұлу артық,
Көбі көпшіл келеді ондай қаншық.
Бетім барда жүзіме кім шыдар деп,
Кімі паңдау келеді, кімі – тантық».

Яғни, сыртқы сұлулығы ішкі рухани байлығымен үйлесім таппаса, ондай әйелден қайыр жоқ.
Осыдан байқайтынымыз біздің қоғамда кездесіп жатқан әлгі рухани-әлеуметтік проблемалардың көпшілігі әйелдердің сыртына ғана мән беріп, оның жан-дүниесіне үңілмеуден туындап жатыр екен. Өйткені, ішкі байлығына назар салмай, сыртқы сұлулыққа ғана ынтығу – махаббат емес, жәй құмарлық қана. Ол құмарлықтың арты не боларын тағы Абайдың өзі баяндайды:

«Көп жүрмес жеңсікқойлық, әлі-ақ тозар,
Жаңғырар жеңсікқұмар, жатқа қозар.
Күнде көрген бір беттен көңіл қайтар,
Қылт еткізбес қылықты тамыршы озар».

Иә, күні кеше өліп-өшіп, ынтығып қосылған жастардың аз уақыттан кейін бір-бірінен жеріп, теріс айналып, ажырасып жатқанын күнде көріп жүрміз ғой. Яғни, олардың арасында әу баста махаббат болмаған, тек құмарлық болған. Нәпсінің құмары қанған кезде ол өзінің «сүйіктісінен» теріс айналып шыға келді. Демек, ерін жалықтырмайтын қылықты қыз тәрибелеп, сүйгенінің жан сұлулығын тани білетін парасатты ұл өсірмесек, бұл қоғам ажырасу, жетімдік пен жесірлік дейтін проблемадан құтыла алмайды.
Егер жас ұрпақ данышпанның:

«Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма»,

– деген өсиетіне құлақ асса, отбасы институты қайта нығайып, еліміздің айдарынан жел есер еді-ау.

Бұл мәселе жөнінде халқымызда ескіден қалған «Әйел – алдайды, жар – жарылқайды» дейтін нақыл сөз бар. Бұл сөздің мән-мағынасын белгілі абайтанушы ғалым Омар Жәлел былай түсіндіреді:
«Мен бұл сөзді алғаш естігенде ойға қалдым. Алдымда оның тереңіне бойлау міндеті тұрды. Сауалымның жауабын Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының «Ібіліс шайтанның хихаясы» дейтін поэмасынан таптым. Онда мынадай хикая баян етіледі. Алла Тағалла Адам ата, Хауа ана мен Ібіліс шайтанды жұмақтан қуған кезде әзәзіл «Мен бұрын періштелердің имамы едім, менің періштелік хақымды бер» деп сұрапты.

Алла «Жарайды, не сұрайсың» дегенде «Сен мұсылмандарға Құранды бердің, менің құраным не болады» дегенде «Жиын-тойда айтылған жеңіл, әзіл өлеңдер – сенің Құраның» депті. «Менің тамағым қайсы» дегенде, «Адамдардың біссімілләсіз жеген әрбір асы – сенің азығың» депті. «Менің үйім қайсы» дегенде «Сенің үйің – монша» депті. Сонда да Ібілістің қабағы жазылмапты. «Енді маған ер адамды ақыретке дейін тұсап ұстайтын арқан бер» депті. Сонда Алла тағала оған әйелдердің сыртқы сұлулығының еркін беріпті.

Сол кезде барып шайтанның жүзі жадырап сала беріпті. Сонда Мәшһүр-Жүсіп атамыз еркекке бөтен әйелді сұлу етіп көрсететін шайтан екенін ескертеді. Қандай діні мықты ер болса да сұлу әйелді көргенде иманы бір толқып кетеді екен. Сондықтан қазақтың «Әйел алдайды» деген сөзін тікелей қабылдамауымыз керек. Халқымыз әйелдің сыртқы сұлулығы ер адамды алдап, оны шайтанның торына түсіретінін айтады».
Ғалым «жар» дейтін ұғымның түбірі парсының «яр», яғни, «дос» деген сөзінен шыққанын айтады.

Яғни, қазақ даналығы кез келген әйелдің ер адамды мұратқа жеткізбейтінін, тек еріне ақыреттік дос бола алатын рухани бай әйелдің ғана жар деген атқа лайық екенін меңзейді.
Олай болса, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінде сыртқы сұлулығы, ішкі рухани байлығымен үйлескен, азаматқа жар болуға лайық арулар көбейсін деген тілек айтамыз.