Кермаралдай Құралай

Пятница, 06 Март 2020 04:05 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 213 раз

Мына бейдауа дүниені бір сәт әдемі әуенге алмастыра тұрасыз ба?! Сан иірімді нота толқынымен баурап алатын «Елге сапар», «Алтынай», «Әппақ гүлдер», «Сені көргім келеді» дейтін әуезді әндермен санамызға серпіліс, көңілімізге кең тыныс беріп, сезім шабытын шалқытып, өмірдің сұлу сәттеріне балқытып тұратын Құралайдың құпиясын білгіңіз келе ме?

a400b598-62b8-4075-966a-4a5ec8246d7c

«Ауылға барам, бәрі де туыс ел жақта,
Аңқылдайды олар, қарамайды олар бар жоққа.
Ауылым жайлы, бауырым жайлы жыр жазам,
Сүйеніп тұрып анам сүйенген шарбаққа».

Оның да, сіздің де, бәріміздің жүрегімізді тербеген, жанымызға жақын сырлы көріністі көз алдымызға келтіретін «Елге сапар» әнімен бірге белгілі сазгер Құралай Сәтмұхамбетованың әлеміне еніп кеткенімізді өзіміз де аңғармай қалдық.

...Оның өнерге махаббатын оятқан өзі өскен Семей өңірі, Абайдың әндері. Ол аз болса, ата-анасы да өнерден құралақан емес еді.

– Абай әндері біздің ауылдың адамдары үшін гимн сияқты болатын. Кез келген отырыс, той, алтыбақан Абай әндерінсіз өтпейтін. Осыған байланысты балалық шағымдағы естен кетпес бір эпизодты айта өтейін. Күздің соңғы айларының бірі болатын. Біздің үй жылқы сойып, соғымнан ауыз тиюге туыс-жекжат, көршілерді қонаққа шақырды. Бір-бірін көптен көрмеген жақын жандар қауқылдасып, әңгіме тиегін ағытып, көңілді отырды.

Ет желініп, сорпа, қымыз ішіліп болған соң шайға дейінгі үзілісте әдеттегі үрдіс бойынша ән айтылуы керек. Ауылдың алтыауызын әкем Шайзада бастады. Домбырасын шерте отырып, арасында әзілімен жұртты бір күлдіріп алып, әнге басады, шертпе күйден шертеді. Әкем Естайдың «Қорланын» сүйіп айтатын. Тәттімбеттің «Сылқылдағын», Дайрабайдың «Дайрабайын», «Қосбасардың» екі түрін шертетін. Менің де тұңғыш рет домбыраға салып үйренгенім «Қорлан» әні болатын.

Содан қонақкәдеге кезек келгенде Абайдың әндері басталады. «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Айттым сәлем, Қаламқас»... Үлкен-кіші, ер мен әйелдің дауыстары түгел қосылып «унисон» айтқан кезде, сол әнмен бірге қалықтап, бірге тербеліп, өз-өзіңді ұмытып, басқа бір кеңістікке көтерілгендей ғажап күй кешесің. Абай әндерінің құдыреті менің де кішкентай жүрегімді тербеп, көзіме жас ала отырып, әуенге қосыла кеттім. Менің жан тебіренісімді сырттай бақылап отырған әкем «Сен не біліп, неге толқып отырсың, көкем-ау!» деп маңдайымнан сүйгені әлі есімде. Сол бір ерекше сәт маған өнер деген ғаламат әлемнің есігін ашып, музыка құдіретін көкірегіме көктеткен сәт болса керек...

«Қазақ вальсінің королі» Шәмші Қалдаяқовтың: «Менің білетінім: ән – адал жүректен туады... Ән жарқын болашаққа деген сенімді паш етеді. Асқақтата салған ән... Сені әлдеқайда алысқа, қиыр шетке, сонау төскейде көрінген қырат басына жетелейді. Сол қыратта қыран отырар. Анда-санда қанатын қомдап-қомдап, бар даусымен шаңқ еткенде, ол да енді қайтып ешқашан қайталанбайтын ерекше ән ғой... Табиғат әсер етпесе, қыраннан ол ән тумас еді. Қыранның көзін шетсіз-шексіз жатқан кер дала ашты. Дала оның көңілін оятты... Жүрегін тербеді... Қыран бұлбұл секілді сұңқылдай бермейді. Ол өзінің ең ғажап, ең айбынды әнін анда-санда бір-ақ рет айтады.

Ол ән дала төсін аралап ұзаққа кетеді. Естіген құлақты ерлікке шақырады. Іркілген жүрекке жігердің жалынды отын жағады. Қыран әні осы» деген екен. Ұлы сазгердің осы ойынан нағыз әннің табиғатын табамыз.

Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, Түркістан облысы Композиторлар қауымдастығының төрайымы, Қазақстан Авторлар Қоғамының басқарма мүшесі, композитор, әнші, Құралай Шайзадақызын егжей-тегжейлі таныстырып жату артық қой деп ойлаймыз. Себебі, ол 150-ге тарта музыкалық шығармалардың авторы. Солардың ішінде халық арасында кеңінен таралған, 25 жылға таяу сахнадан түспей орындалып жүрген «Алтынай», «Аппақ гүлдер», «О, Гитара!» және «Сені көргім келеді», «Елім аман» , «Ару Ана», қазіргі таңда хит болып жүрген «Елге сапар», яғни, «Ауылға барам» әндерін байтағымызда білмейтін жан кемде-кем шығар.

Ал осындай ғажап әндерімен бар қазақты баурап алған белгілі композитор Құралайдың таланты қалай бағаланып жүр?

– Атаққұмар емеспін. Жиырма шақты медалім қобдишамда сақтаулы. Тағып жүре алмаймын. Ал, өмірін өнерге арнаған өнерлі жандарға тиесілі «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер» атағын бір кездердегі мәдениетті басқарған басшылар бір-бірден бөлісіп алған сияқты. Сондай атақ алмаған басшы жоқтың қасы. Шынтуайтында оның басшыларға түкке де қажеті жоқ. Ол сахнаға шығып жүрген өнерпазға тиесілі атақ. Лауреаттық атақтарым баршылық.

Әйтсе де мен бұл атақты өзім үшін емес, өнердегі өзім тұғырлас таланттардың тасада қалған еңбектерінің обалы үшін айтып отырмын, - дейді сазгер. Ал біз ешкімге жарамсақтанбайтын, өмірінің өлшемін «өнерім» деп қана бағалайтын, алдағы жылы 70-тің желкенін кергелі отырған кермарал композитор Сәтмұхамбетованың «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер» атағына әлдеқашан лайық екенін айтқымыз келеді.

– Сізге шабыт қай уақытта келеді? – дейміз әңгімеміздің желісін одан әрмен жалғай түсіп.

–Шабыт уақыт талғамайды. Жолда келе жатып та көмейге ән құйылады. Кейде өлең оқып отырғанда өз-өзінен әуен төгіледі. Ол бір тылсым дүние. Көкірегіңді әуен тербегенде күйсандыққа отырып, бір-екі рет қайталап, жадыңда сақтап қалуға тырысасың. Кейде ұйықтап жатып та ән естіледі. Бірақ, оны жазып ала алмай қаласың. «Қап, әдемі ән кетті-ау!» деп өкінетінің де болады. Кейде қатты қуанғанда немесе ренжігенде де жаның әнмен өрілетін дүние ол, қалқам. Кейде ақындардың жақсы өлеңдерінің өзі ән шақырып тұрады.

– Атақты әндеріңізді қалай толғатып, қалай дүниеге әкелген едіңіз?

– «Аппақ гүлдердің» сөзін жазған Қуаныш Төлеметов нағыз өнердің жанашыры болған азамат еді. Бірде мені кабинетіне шақырып, «жас кезімде жазған өлеңдерімді оқып көрші» деді. Содан «Сезім гүлі» деген өлеңге көзім түсіп, оған ән жаздым. Кейіннен «Аппақ гүлдер» деген атпен халыққа тарап кетті. Ол әнді алғаш рет әпкем Қарлығашпен бірге орындадым. Ал, «Алтынай» Қырғызстанның Мәдениет министрі болған Алтынай Сүлеймановаға белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызының арнаған өлеңіне жазылған ән. Ханбибі өлеңін қырғыздың қайраткер қызына арнаса, мен әнімді қазақтың алтындай Алтынайларына арнадым.

Өзім газет-журналдарды көп оқимын. Бірде «Қазақ әдебиеті» газетіне Ибрагим Исаның «Елге сапар» деген өлеңі жарияланған екен. Көз жүгіртсем, тура біздің ауылдағы картина. Ол кезде әпкем Қарлығаш екеуміз ауылдан жырақта оқимыз. Каникулға барғанда анам тура әлгі әннің сөзіндегідей шарбаққа сүйеніп тосып тұратын. Содан «Жол жүрем бүгін, қалтамда аздау қаржымен» деген сөздерін «Жүрегім ел деп елжірер» деп аздап өзгерттім.

– Әр адамның өмірінде жұлдызды сәті болады. Сіздің жұлдызды сәтіңіз деп қай кезді айтар едіңіз?

– 1991 жылы Павлодар қаласында Майра Уәлиқызы атындағы композитор қыз-келіншектерге арналған республикалық байқау өтті. Сол өнер додасында «Сырым-ай», «Ардағым» деген екі әнмен бірінші орынды жеңіп, алғаш рет лауреат атанып, шын қуандым. Міне, сол шақты жұлдызды сәтім деп айтқан болар едім.

– Сіздің әндеріңіз халықтық туындыға айналып кеткен. Көп әншілер әндеріңізді алдыңыздан өтпей-ақ өз бетінше айтып жүретін көрінеді. Бір ғана «Елге сапардың» 15-ке тарта орындаушысы бар екен. Бұл сіздік мінездің жұмсақтығынан ба?

– Мінезім аса жұмсақ деп айта алмаймын. Оны шәкірттерімнен сұрасаңыздар, айтады. Жалпы, өмірде барлық нәрсеге түсіністікпен қарауға тырысамын. Ал, музыкаға, әнге байланысты болса, өте қаталмын. Себебі, ән – халықтың дүниесі. Оны қалай болса солай тыңдарманға ұсынуға болмайды. Кейде көмек сұрап келген жас композиторлардың әндерін ғана емес, мәтіндерін де өңдеп беріп отырамын. Ал әнімді орындап жүргендерге ренжімеймін. Тек әуенін бұзбай айтса болғаны.

Сазгер Сәтмұхамбетованың тек жеке шығармашылығымен айналысып, емін-еркін жүрмейтінін осы кездесуде білдім. Ол әлденеге асығып, алаңдап отыр еді. Сөйтсем, Қуыршақ театрының көркемдік кеңесінің мүшесі ретінде сондағы қойылымға асығып отыр екен. Әңгімеміздің соңына тақағанын сезіп, оның отбасылық өмірі туралы білгім келді.

– Отбасымда ұлым, қызым, немерелерім бар. Соңғы кездері менің бастығым – немерелерім. Солардың айтқанын көп тыңдаймын. Арқалаймын, ойнатамын, ат бол десе, ат боламын.. Олар да мәз, мен де мәз. Арасында концерттер, кездесулер, тойлар... Солай өмір жылжып өтіп жатыр.

...Ол өзінің саналы ғұмырында Мәдениет басқармасына қарасты мекемелерде қызмет атқарып келеді. Құралай Шайзадақызы қатысқан, ұйымдастырған мәдени іс-шараларды айта берсек, сан жетпейді. Әлі де қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес.

...Биязы қалпынан, байыпты мінезінен танбай, айналасына арай шашып жүретін, артық сөзге бармайтын бекзат болмысты Құралай әпкемен қоштаса тұрып, еліктің лағы құралай сынды сұлу, нағыз мергеннің көз ұшына ғана ілігетін құралай құс секілді қайталанбас құбылысты өлмес әндерінің қанатына байлаған сазгер асып-тасқан атақ-мансапсыз-ақ өнер көгінде өз жұлдызын тапқан екен деп топшыладық.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.