Қиындықтар – өткінші Бірлік – мәңгілік Избранное

Пятница, 20 Март 2020 18:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 523 раз

Ұлттық тағамдар 9

Жер-жаһанды жаңғыртып, көктемді ілестіре келетін Наурыз Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен әлемдік деңгейде аталып өтіп, салт-дәстүріміздің, тыныс-
тіршілігіміздің өркендеп, дамуына себепші болды.

Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамындағы этно-мәдени бірлестіктер барша қазақстандықтардың ортақ мейрамына айналған Наурыздың мәнін ұғып қана қоймай, оны жыл сайын қала тұрғындарымен бірге атап өтіп келеді. Дегенмен биыл ел аумағында жарияланған төтенше жағдайға байланысты жыл басын әркім өз шаңырағында, отбасы мүшелерімен қарсы алуға ниеттеніп отыр. Дастархан жайып, дәстүрлі Наурыз көже әзірлеуге дайындалуда.

Осыдан 5 жыл бұрын Шымқалада «Қазақ дастарханы» жобасы қолға алынған болатын. Игі бастаманың түпкі мәні – этностарды қоғамдық бастамаларға ұйыстыру арқылы мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтастыру, ұлтымыздың қонақжайлық дәстүрін дәріптеп, рухани құндылықтарды жаңғыртуды көздеу. Осынау игі бастама арқылы этнос өкілдері қазақтың ұмыт бола бастаған төңкерме, жөргем, жоңқа, көмбе, үлпершек, бұқпа, қарын бөртпе, мипалау, қазан жаппа, құрт көже сынды түрлі ұлттық тағамдарын дайындап, оны ел жадында қайта жаңғыртты.
– Міне, биыл сол тәжірибемізге сүйене отырып, Наурыз дастарханын өз шаңырағымызда жаятын боламыз. Үлкендерден бата алып, жыл басын лайықты қарсы алмақ ойымыз бар. Осынша жыл бізге сүйеу әрі қиын сәтте демеу болған қазақтардың маңайына топтасып, берекелі Қазақстанның жаңа тарихын жасауға атсалысуды қасиетті азаматтық парызымыз деп білеміз, - дейді Шымкент қаласындағы әзірбайжан этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Арзу Гурбанова.
Еліміздің қоғамдық келісімге бағытталған салиқалы саясатының нәтижесінде көптеген этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Қазақстанның жалпыұлттық бірлікке негізделген қоғамдық өмірін әлем жұртшылығы жоғары бағалайды. Ал жыл сайын жақсылық пен игі істердің бастауындай болған Наурыз осы бейбітшіліктің бейнесін орнықтыра түседі.
– Сыйластық, достық, қонақжайлық – қазақтың дүниетанымы мен өмір салтының тамырымен сабақтас құндылықтар. Соның негізінде ортақ үйіміз – Тәуелсіз Қазақстанда бейбітшілік пен қоғамдық келісім сақталып отыр. Көп этностылықты ортақ қазынамызға айналдыра отырып, оларды пайымды парасаттылық пен ырысты ынтымаққа шақыру – баршамызға жүктелген абыройлы міндет. Біз бәріміз – бір халықпыз. Туған жеріміз ортақ, ол – дархан Қазақ даласы! – дейді Арзу Гурбанова.
Тарихта талай қиындықтар артта қалған. Қазіргі жағдайдан да еліміз бірлікпен аман-есен өтеді деп сенеміз.
Ендеше, Әз-Наурыз баршамызға жақсылық сыйлап, құт-береке әкелсін! Берекелі дастарханымызда молшылық, елімізде бақ-береке, амандық болсын!

 

Последнее изменение Воскресенье, 22 Март 2020 19:21
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.