Дүрлігуге негіз жоқ

Пятница, 20 Март 2020 18:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2707 раз

Қазақстан Республикасы аумағында Төтенше жағдай режимі енгізіліп, ҚР Президенті тапсырмаларының орындалуына байланысты Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садырдың қатысуымен денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту, еңбек және экономикалық тұрақтылық жөнінде баспасөз брифингі өтті.

–Қазір әлемдік экономикада біраз қиындықтар туындауда. Оның біздің мемлекетімізге де әсері тиюі ықтимал. Соған байланысты Шымкент қаласында дағдарысқа қарсы экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде, – деді Ербол Әбілхайырұлы.
Спикердің айтуынша, Шымкентте коронавирус дерегі тіркелмеген. 69 адам карантинге жатып шыққан. Бірінші кезекте халықты азық-түлікпен қамту мәселесі тұр. Сауда орындарында баға тұрақты, азық-түлік қоры жеткілікті.
Медициналық тұрғыдағы дайындыққа келсек, дезинфекциялық құралдар қоры жеткілікті. Арнайы бригадалар жасақталған. Қалада барлық талаптарға сай келетін 170 орын, 680 провизорлық жатын-орынмен жабдықталған денсаулық сақтау нысандары, 500-ден аса реанимациялық тыныс алу аппараттары дайындалған. 750 орындық аурухананы дәрі-дәрмекпен ұстап тұруға, 90 мың ғимаратты дезинфекция жасауға мүмкіндік бар. Жұқпалы аурулар ауруханасындағы дәрігерлер мен медбикелерден бөлек 4300 медицина қызметкері дайындық жұмыстарына резерв ретінде қатарда тұр. Сонымен қатар, резервте 650 мыңнан аса бетперде бар.
Маска демекші, Шымкентте маска мәселесі шешімін табуда. «Гаухар» тігін фабрикасы мен №5 колледж күніне 500 мың данаға дейін көп қолданыстағы маскаларды тігуге қызу кіріскен. Жақын күндері қала дәріханаларына сатылымға шығатын маскалар бір реттік емес. Оларды жуып, үтіктеп қайта пайдалануға болады. Бағасы сапасына қарай, яғни, дәке мен бөзден тігілген 4 қабатты маска – 110 теңге, 8 қабатты маска – 130 теңге, 16 қабатты маска – 200 теңгеден сатылымға шығады. Қала әкімдігі кәсіпкерлермен келісе отырып антисептиктердің бағасын 420 теңгеден белгілепті. Жалпы дезинфекция мәселесіне келгенде сақтық шараларын әр адам өзінен бастауы керек. Сол сияқты қоғамдық көліктердің жүргізушілері мен кондукторларына да көлікті дезинфекциялап отыруға тапсырма берілген. Қаладағы 1500 қоғамдық көлік тасымалдаушысы тазалық шараларына тікелей жауапты.

 

Последнее изменение Воскресенье, 22 Март 2020 19:23
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.