Версия для печати

Кәсіпкерлер қиналып қалмасын деп... Избранное

Среда, 01 Апрель 2020 06:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1976 раз
Оцените материал
(0 голосов)

1528869898 c8c6e07a-4f15-45a9-8b17-3013775eb937

Аты жаман аурудың таралуына байланысты соңғы кездері елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік өмірінде көптеген оқиғалар болып жатыр. Кәсіпкерлік саласында да дүйім елді алаңдатқан мәселелер көп.

Мемлекеттен несие алып, шағын немесе орта кәсіп ашып, жалға алған ғимараттың ақысын төлеп, қарамағындағы қызметкерлеріне жалақы беріп отырған кәсіпкерлерге бұл індеттің салдары оңай тиіп жатқан жоқ. Оның үстіне шекара жабылды, тұтынушылар азайды.
Осы орайда «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлерді қорғау департаментінің директоры Шыңғыс Темір өзінің facebook-тегі парақшасында онлайн-брифинг өткізіп, «Атамекен» және жергілікті әкімдіктер жалға алушылар мен жалға берушілер арасындағы дауларда медиатор қызметін атқаратынын жеткізді.
Оның сөзіне қарағанда елімізде ТЖ енгізілгелі бері Ұлттық кәсіпкерлер палатасына республика көлемінде 11 мыңға жуық кәсіпкер хабарласқан. Хабарласқандардың 86% – шағын, 12% – орта, 2% – ірі кәсіпкерлікпен айналысатындар. Жалпы алғанда олар қызмет көрсету саласының (62%), сауда (22%), өндіріс саласының (15%) өкілдері.

Спикердің сөзінен байқасақ, зардап шегіп отырған көбіне шағын кәсіп иелері. Оларға қандай көмек болмақ? Бұл туралы сәл кейінірек.
Кәсіпкерлердің 58% енгізілген шектеулерге байланысты келісімшарттағы міндеттемелерін уақытша бұзуға тура келгенін айтады.
54% -ы қызметкерлерін мерзімсіз демалысқа немесе жартылай жұмыс күніне ауыстырып жатқанын мәлімдеген.
19%-ы өз қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр.
59%-ында жалгерлік төлеммен мәселелер туындаған.
22% жалақы төлеуге қиналуда.
5% -ында коммуналды қызметтерді төлеу кезінде қиындықтар туындаған.

Бұл сандардың артында қаншама адамның тағдыры тұр. Жұмыс беретін кәсіпкер де, жұмысшы да зардап шекпес үшін не істемек керек? Бұл ретте Шыңғыс Темір ҰКП екі аптадан бері жедел штабтың жұмыс істеп жатқанын және жалға беруші мен алушының мәселелерін бітімгерлік жолымен шешуді реттейтінін айтады.
–Мемлекет немесе квазимемлекеттік сектордан мүлікті жалға алу мәселесі кәсіпкер пайдасына шешілді. 20 наурыздан бастап мемлекет мүлігін жалға алушы кәсіпкерлер жалға алу құнын төлеуден 3 айға босатылды. Ал бизнес орынжайды бизнестен жалға алған болса, онда мәселе шешімін тапқан жоқ. Сондықтан даулар өңірлік кәсіпкерлер палаталары және жергілікті атқарушы органдардың медиаторлық көмегімен жекелеген тәртіпте шешілуде, - деді ол.
Иә, мемлекеттік комиссияның отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бұл мәселеге орай 20 наурыздан бастап алдағы үш айға бизнес өкілдері мемлекеттік мүліктерді жалгерлік төлемінен босатылсын деп жергілікті әкімдіктерге тапсырма берген болатын. Ал кәсіпкерлер жалгерлік төлемнен босатылу үшін қайтпек керек? Мемлекеттік мүлік порталының www.gosreestr.kz сайтында ЭЦҚ арқылы келісімшартқа қосымша құжаттарды толтыру қажет. Осы қосымша келісімге орай кәсіпкер жалгерлік төлемнен үш айға босатылады.

Коммерциялық жылжымайтын мүлікке қатысты айтар болсақ, онда мәселе сәл күрделілеу. Өйткені, олардың үшінші тұлғаларға, коммуналдық қызметшілерге, мемлекеттік бюджетке, банктерге берешегі көп. Жалға алушылардың жұмысы тоқтап немесе қызметі шектелді. Себебі, карантин басталды, шекара жабылды.Тұтынушылар азайды да, табыс кеміді. Алайда, жалгерлік төлемді төлеуге тура келеді. Осындай жағдайда кәсіпкерлерге жергілікті кәсіпкерлер палатасына немесе 1432 нөміріне қоңырау шалуына болады. Сонда жалгерлік бойынша тиісті мамандармен байланыстырады. Яғни, «Атамекен» жалға алушы мен берушілерді бір алаңға жинап, мәселені медиация жолымен шешкісі келеді.

 

12ae0e8945668fb6db259afa33a1eac6-small71559715 2320285471617739 2208801062133956608 n


Қазір мемлекет кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты бірқатар шешімдер қабылдады. Жалға берушілерге де оңай соғып тұрған жоқ. Осы орайда мемлекет жекелеген салық түрлерінен босату, несие төлемдерін кейінге шегеру, қызметкерлерге ең төменгі жалақы төлеу, коммуналдық қызмет төлемдерін кейінге қалдыру сияқты қажетті механизмдерді қарастыруда.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – бизнесті нығайтудың ірі ошағы.
– Егер кәсіпкерлерде банкпен мәселе туындаса, біз банкке барып жағдайын шешуге тырысамыз. Егер де салық органында туындап жатқан сұрағы болса, оны да шешуге әзірміз. Егер қызметкерлерін ақысыз демалысқа шығарып, ең төменгі жалақы алғанын қаласа, онда да көмектесуге дайынбыз. Кәсіп иелері қандай мәселеге тап келсе де, біз қол ұшын созамыз, - дейді Кәсіпкерлерді қорғау департаментінің директоры Ш.Темір.
Кәсіпкерлік саласындағы жедел штабтың жұмысы осындай. Ал Шымкенттегі Кәсіпкерлер палатасы не істеп жатыр? Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасының басшысы Нұрлан Қабіштаев Шымкент қалалық әкімдігі мен прокуратура өкілдерінен, «Нұротан» мүшелері, қоғам қайраткерлерінен жұмыс тобы құрылғанын айтады.
–Шымқалада 2 мың шаршы метрден асатын 35-ке жуық сауда орталықтары бар. 20 кәсіпкермен келіссөз жүргіздік. Соның 8-і өзінің жалға алушыларына жеңілдік жасау немесе жалгерлік төлемнен толығымен босатуды мақұлдап отыр. Қазіргі таңда ірі сауда-саттық орындары толығымен жабылған. Тек сауда дүкендері бетперде режимінде жұмыс істеуде. Әр мәселені жекелей қарастыруымыз керек, - дейді Нұрлан Орынбасарұлы.
Палата директордың сөзінен ұққанымыз, екінші деңгейлі банктердің шарттарын орындау бойынша қиындықтар туындап жатқан көрінеді. Үкімет жариялаған бірінші антидағдарыстық пакетте төлемдерден 3 айға дейін босатылатыны барлық кәсіпорынның мәселесін шешпейді. Екінші деңгейлі банктермен жиналыс өткізілген. Біршама банктер несие беруді үзілді-кесілді тоқтатып отырған жоқ. Келіссөзге келуді ойластырып жатыр. Егер де қандай да бір сұрақтар туындаса, 39-49-77 байланыс орталығына хабарласуға болады. Бұлардан бөлек, өңірлік кәсіпкерлер палатасы кәсіпорындардың қызметкерлерін блок-бекеттерден кедергісіз кіріп-шығуын қамтамасыз етіпті.
Мәселен, Палата «Шымкентмай» АҚ-на мақта майының экспортына көмектесіпті. «Қазақстан Темір Жолының» да мәселелері шешімін тапқан. «Балтекстиль жұмыстан босаған қызметкерлеріне 42 500 теңгені алуға көмектескен.
Доллар бағасы аспандап, мұнай бағасы құлдырап бара жатқан аумалы-төкпелі кезде, пандемия алқымнан алған қиын жағдайда отандық кәсіп иелерін қолдау өте маңызды. Себебі, нарықтағы ішкі сұранысты солар қанағаттандырады әрі жұмыс орындарын ұсынып, азаматтарды жұмыссыздықтан құтқарады. Сондықтан, «Атамекеннің» барлық кәсіпкерлерге тең құқықты дәрежеде қарап, жағдай жасауы қай жағынан да құптарлық.

 

Последнее изменение Среда, 01 Апрель 2020 07:21
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.