КӨКТЕМ ПЕЙІЛ АЗАМАТ ЕДІ

Среда, 01 Апрель 2020 06:49 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2241 раз

Туған күні көктемге түсетін танымалдылар аз емес. Ал, шығарма-туындыларынан көктем лебі есіп тұратындарды кездестіру – қиындау.  Ол үшін, бәлкім, туған жерін пір тұтқан, тау қасиетті азамат болу керек шығар?

АуесбайКіндік қаны тамған даланың әр қадамын танып, біліп, әр тасына үңілген жан көрдіңіз бе? Ол өзі сезінгенін бүгінгісімен ғана сараламай, келешек үшін де аманат етіп кетуді жастайынан ойланған секілді. Сондықтан болар, киелі Қазығұрттың, қойнауы сырға толы Қаржан, Қосмола тауларының қасиеті мен сұлулығы жайлы төгілте, тебірене жазып кетті.
Бұл әңгіме өмірден ерте өткен әріптесім, журналист Әуесбай Әбдіразақов хақында айтылып отыр. Ол – сонау студент кезінде-ақ «Лениншіл жас» газетінің «Өмірдің өзі» айдарын «меншіктеп» алған Әуесбай ғой. Туған жерімен аттас «Қазығұрт тынысы» газетін «тірі энциклопедияға» айналдырып жіберген Әуесбай әулиелі таудың ғажап көріністері жайлы өндіре жазды.
«Оңтүстік Қазақстан» газетінде қызмет етіп жүрген кезінде оның жазу үстелінің үстіндегі әйнектің астында біз атауын біле бермейтін табиғат суреттері самсап тұратын. «Бұлар – менің болашақ тақырыбым» деп бір-ақ сөзбен түсіндіретін Әукең.
Біздіңше, әлі шежірешілер мен тарихшыларыңыздың өзі дәп басып айтуға бата алмай жүрген тау кереметтерін Әуесбай кәдімгі қазақы тілмен кестелі ойға салып, жеткізіп кетті. Табиғат ғажаптарын, оның сұлулығын қорғауда да Әукеңнен батыл, батыра айтатын жан жоқтай сезілетін.
Бірде газет бетінде сондай өзекті мақаласы жарияланды. Шымкенттен Ташкент бағытына қарай түскен күре жолдың бойындағы қалың шөпке от қойған. Лаулаған жалынның шоғы сөнбей, екі-үш күн бойы қап-қара боп бықсып жатқан. Осы көрініске жаны күйген Әукең ащынған ойын ашып жазыпты.
Мақаланы оқып отырып, жаным жүдеп кетті. Жол бойындағы қураған шөптің өртеніп жататынын көруге көндігіп кеткен көңілімді орнынан он аунатты. Қалың шөпке қойылған оттан ойылып-ойылып жатқан қара дақтар кеудемнің ойпаң-тойпаңын шығарды. Шыдай алмай Әукеңе жетіп бардым. – Әуке, дәл осыны кеше Жетісайға барып, келе жатып мен де көрген едім. Жер бетінде дәл осындай сұмдық көрініс қалып кетеді деп ойламаппын, – деп шынымды айттым.
Мақтана алмайтын болмысына салып, үстелде отырған күйі:
– Қалады ғой, қалады, – деді де қойды.
Әуесбай осындай еді. Денесі шағын болғанмен тым салмақты еді. Өзі мақтанбаған соң, енді сынап көрейін деген ой келді де:
– Әуке, сынағаныңыз дұрыс. Бірақ өз ауылы мен ауданын соншалық жерден алып, жерге салған кімді көрдіңіз? Басқасын былай қойғанда, ертеңгі күні мерейтой, шығармашылық кездесу кештеріңізді өткізуіңіз керек болады. Сондайда қызмет ететін осы сынап отырған азаматтар ғой. Сонда қайтесіз? – дедім. Бұл айтқандарыма қызынған Әукең болмады. Бар айтқаны:
– Бүйтіп бүкіл даланы өртеген адамның қолынан не жақсылық шығады дейсің?– деді де қойды.
Газетте жауапты хатшы қызметінде жүргенде Әуесбайдың алдында жарық көрмей жатып қалатын мақала болмайтын. Әр журналистің жазуына қарап, «мынау тақырыпқа тағы да екі-үш рет айналып соғып көрсей» деп қамшылап отыратын.
Жұмыс болған соң кейде газетке салынатын мақалалар кешігіп, оқылатын беттер дайын болмай жатады. Осындайда Әуесбай бірінші мен үшінші қабаттың арасында заулап кеп беретін. Өзі ұшып жүргенде материалды асықпай теріп, жайбарақат отырған оператор қыздың дегбірін қашырады. Кәдімгі үйіндегі жалқау қарындасына ағасының айтатын, шымбайға бататын сөздерімен осқылап-осқылап алады. Бір қызығы – компьютер бөліміндегі қыз-келіншектер Әукеңнің қатты сөздерін ауырсынып жатпайтын. Жұмыс үшін жанұшырып жүргенін сезгендіктен болар?
Әукең, Әуесбай Әбдіразақов өздігінен жан баласына артық-ауыс сөз айтпайтын «құдайдың адал құлы еді». Сонысымен де сүйкімді болды. Бір қараған адамға жұмысы – оңай, өзі еркелеп жүрген адамдай көрінетін.
Бірақ, өмір оны еркелетпеді. Жанына қатты батқан бір жағдай – ұлының қиын кеселге ұшырағаны. Ішкі ағзаны ауыстыратын донор таппай шарқ ұрды. Содан баланың анасы өз бүйрегін беруге тәуекел етеді. Ондай ота Алматыда жасалатын болып, үшеуі сонда барады. Әйткенмен дәрігерлердің алдын ала тексеруінен кейін анасының бүйрегі ауыстыруға жарамсыз екендігі анықталады. Таудай үмітпен Алатауды арқалағандай күшейіп барған Әуесбайдың іші осы сәтте опырылып түсті-ау деп ойлаймын.
Бізге сол күйінішін, қиналған сәттерін білдіргісі келмеді ме, Алматыдан келген соң көп өтпей «Шымкент келбеті» газетіне қызмет ауыстырып кетті. Осы басылымда жүріп ұлттың мәдениеті, әдебиеті жайлы тұшымды тақырыптарға қалам тартты. Арнайы беттер ұйымдастырды. Денсаулық пен аурушаңдықтың шекарасы жіктелген қиын кездің ауыртпалығымен тау баласы осылай алысқан секілді.
Сыралғы, таныс көздердің аяушылық сезімдерінен өзін алшақ ұстап, арашалап қалудың қамына кіріскендей сезіледі маған ол қадамы. «Арашалау» дегеннен шығады, Әуесбайдың ұлын бойындағы сырқаттан атасы Жеңіс Баһадүр арашалап қалды. Біраз шет елдік дәрігер-емшілермен орнатқан қарым-қатынасы үлкен нәтижесін берді. Тек өкініштісі – бойындағы күш-жігерін, жазудағы өнерін болашақ үшін арнаған Әуесбай дара ұлының айыққан күнін көре алмай кетті. Біз бозторғай көрінбей қалса, жүрегі шырылдап кететін асыл азаматты жоғалтып алдық.
Әйтсе де бізді, жалпы оқырманды Әуесбаймен байланыстыратын өте тұнық дүние бар. Ол – Әуесбай Әбдіразақовтың туған жері Қазығұрт өңірі жайлы жазған қуатты мақалалары. Барша ағайын-туыс, ұжымы, достарының көз алдында жүрсін деп, ағасы Жеңіс Баһадүрдің құрастыруымен жарық көрген «Мәңгілік сарын» атты шығармалар жинағы. Сарыны ерек кітаптан Әукеңнің мәңгілік өмірі басталады.
Көктем мінездес мақалалар жыл сайын гүл атады. Шекер шырынды жемісін тосады алдымызға. Әуесбай сонысымен де мың жасайды.

 

Атанбек НАУРЫЗ

 
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.